Артемида храмы
Анадолының тұңғыштары - 14
«Әскери көліктер үшін жолы бар Вавилионның қабырғасын және аспалы бақшасын, Зевс мүсінін көрдім. Және алпауыт күн мүсінін және соншама еңбек сіңірілген биік пирамидаларды... және Мавсолдың керемет қабірін... бірақ Артемиданың бұлттардың үстіне құрылған үйін көргенімде басқа кереметтердің жарқылы жоғалып кетті және «Міне, Олимптің тысында күн еш осыншама керемет нәрсені көрмеген!» дедім»
Сидон Антипатрының сөздері бұлар. Әлемнің жеті кереметінің бірі Артемида храмы туралы айтқан. Сидондық Антипатр ежелгі дәуірде аралап көрген жерлеріндегі керемет туындыларды анықтаған, оларды «Әлемнің жеті кереметі туралы» атты кітабында жазған. Кітабында көруге татитын архитектуралық туындыларды баяндаған. Осы пікірді бірінші рет Геродот айтқаны айтылса да, Геродот жеті кереметті жазбаған да, анықтамаған да. Ежелгі дәуірдің сол атақты тізімінің анықталуында Византиялық Филонның да Антипатрға үлесі болған. Филон да храмға қайран болғанын «Ежелгі Вавилиондықтардың керемет шеберлігін және Мавсолдың қабірін көрдім. Бірақ бұлттарға ентелеп тұрған Эфестегі храмды көргенімде, басқалары көлеңкесінде қалды» деген сөздермен жеткізген. Сол кездегі адамдарды таңғалдырғанын былай қойғанның сөзінде бүгінгі күні суретін көрген адамдарды да қайран қалдырған көркем архитектуралық ескерткіш Артемида храмы. Бүгін сіздерге сол туралы айтып береміз.
**
Ежелгі дәуірдің жеті кереметі – Хеопс пирамидасы, Вавилионның аспалы бақшасы, Зевс мүсіні, Родос мүсіні, Александрия маягы, Мавзолей және Эфестегі Артемида храмы. Осы аты аталған туындылар адамның қиялдау күшін, архитектуралық және инженерлік тұрғыдан жеткен деңгейін анық көрсететін туындылар. Төтенше дейміз, себебі әрбірі алпауыт көлемде және уақытқа мойынсұнбаған ескерткіштер. Барлығы да аспанмен астасып, үлкендіктерінің қасында адам құмырсқадай болып қалады. Көкпен таласқан осы көркем ғимараттардың мақсаты билушілердің немесе құдайлардың жер бетіндегі ықпалын нығайта түсу, адамдардың әлсіздігін көрсете түсу болар.
Ежелгі дәуірдің осы жеті кереметінің арасынан тек Мысырдағы Хеопс пирамидасы ғана бүгінгі күнге келіп жеткен. Басқалары уақыттың, табиғи апаттардың және адамдардың әсерімен жойылып кеткен, өкінішке орай. Ежелгі шақтың жазушыларының айтқандарына сүйеніп сызылған немесе макеттері жасалған осы туындыларға қарағанымызда өлшемдер, көлемдердің кереметтігі соншалықты талай еңбек жатқанына куә боламыз. Адам баласының қаласа не істей алатыны да айдан анық болады. Себебі Құдайлардың немесе билеушілердің күшін, өлімсіздігін көрсететін осы керемет туындыларды жасап шығарғандар адам баласы!
**
Анадолыда әлемнің жеті кереметінің екеуі болған. Бірі Король Мавсолдың атына салынған Мавзолей. Екіншісі жеті кереметті анықтағандарды да қайран қылған – Артемида храмы. Измирдің Селчук ауданында орналасқан храмның тарихы өте ескіге барады. Храмның алғашқы қалдықтарының тарихы кеш Қола дәуірінен қалған. Яғни біздің дәуірімізден 1100 жыл бұрын да дінге қызмет кеткен храм орналасқан аймақ. Ежелгі дәуірде болса порттарымен үлкен сауда орталығына айналады Эфес. Бұл жолы тас және ағаш бағаналардан қалыптасқан үлкен храм салынады ежелгі қасиетті алаңның орнына. Уақыт өте келе ежелгі дәуірдің маңызды және көркем портты қаласы болады Эфес. Қала Азия мен Еуропа арасындағы ең маңызды тораптардың бірі. Лидия королі Крез, алтын мен күміс монеталарды бірінші болып бастырған билеуші Эфесті алғаннан кейін соғыста зиян шеккен храмның құрылысы үшін материалдық көмек жібереді. Ақ мәрмәрдан және жүзден астам бағанадан тұратын жаңа храм бұрынғысынан төрт есе үлкен болады. Жерорта теңізінің саяси және сауда орталығындағы храмда көптеген мүсін де орын алады, бірақ ең маңыздысы алтын мен пілтісінен салынған, храмның басты жәдігері – Артемида мүсіні. Эфес Артемидасы өте маңызды әйел құдайлардың бірі, бәлкім ең қадірлісі. Себебі берекет, тиімділік және туудың символы. Әйел құдайдың фигурасы өте керемет. Басында ұзын және көркем тәжі бар, киік, арыстан және аралармен әшекейленген ұзын белдемше киген, кеудесі жұмыртқа секілді беземелермен қапталған және қолдарын алға созып тұрған әйел мүсіні бұл. Анадолыдағы әйел құдай фигурасы Кибелеге физикалық жағынан болмаса да, мағынасы жағынан қатты ұқсайды. Сондықтан осыншама маңызды Эфес Артемидасы. Қираса да, өртенсе де әр дәуір сайын қайтадан салынады Артемида храмы.
Ежелгі дәуірдің лидиялық саяхатшысы және географы Паусанис былай тілге тиек етеді Артемиданың маңызын: «Бүкіл қалалар Эфес Артемидасына табынады және адамдар оны барлық құдайлардан үстем деп есептейді. Менің ойымша мұның себебі дәстүрлі түрде оған құрбан шалған амазондардың атағы, айырықша осы храмның өте байырғы болуы. Осыларға қосымша үшінші себеп храмның адамдардың басқа ғимараттарының барлығынан үлкен болуы, Эфес қаласының маңызы мен осындағы әйел құдайдың атағы».
**
Артемида храмы әрі діни, әрі сауда орталығы болады. Жылдар өткеннен кейін осы жерге барлық аймақтан келушілер болады, құрбан шалады. Сауда жасайды. Бір күні өлімсіз болудың ғасырлар, тіпті мың жылдықтардан кейін де ұмытылмайтын бір іс жасау арқылы болатынын байқаған бір атаққұмар храмды өртейді. Эфес тұрғындары қатты ашуланады, оны ең ауыр жаза өліммен жазалайды. Оның атын атағандардың да тағдырының өлім екенін жариялайды. Аты Нерон секілді тарихта қалады Геростраттың, сондықтан атаққұмар адамдарға «геростраттық» деп айтылады жүздеген жылдан кейін де.
Өрттен кейін Артемида храмының ауыр зиянға ұшырағанына эфестіктер қатты қиналады, алайда бір жағынан әйел құдайға деген сенімдері ортаяды. Өздері өмірлерін, мал-мүліктерін аманат еткен, оның қорғанын паналаған әйел құдай қалайша өзін өрттен аман алып қала алмады? Көп уақытқа созылған реніштен кейін себебі табылады. Сол түні әйел құдай Артемида бір құдайдың, Ұлы Ескендірдің туылуына куәгер болу үшін храмнан кетеді, сондықтан да өрттің алдын ала алмайды. Дереу храмның қайта құрылысы басталады. Бұл жолы бұрынғы көлемінен бір жарым есе үлкен храм салынады. Тарих бойы шамамен жеті рет қайта салынған Артемида храмы қайтадан жанданады.
Бірнеше ғасырдан кейін жаңа дін христиандық әлемге тарай бастайды. Осы жаңа дінді Эфес тұрғындары алдымен қабылдамайды, бірақ Артемида сенімі көпке шыдамайды. 4-ғасырда христиандық қабылданады. Бұрынғы құдай мен әйел құдайларға енді орын жоқ. Артемида храмы толығымен құлатылады. Өзендер алып келген аллювийлер портты толтырады, қала теңізден алыста қалады және Эфес бұрынғы көркем күндерін артта тастайды.
**
Эфес – ежелгі дәуірдің ең маңызды орталықтарының бірі. Рим империясының Азия уәлаятының бас қаласы. 200 мыңнан асқан халық саны және архитектура байлығымен Риммен жарысады. Хеттер, эллиндер, римдіктер және түріктер мекендейді, түрлі өркениеттерге, түрлі нанымдарға мекен болады қала. Ежелгі әлемнің жеті кереметінің бірі Артемида храмы, Александрия және Бергамадан кейін ежелгі шақтың ең маңызды кітапханаларының бірі Цельс кітапханасы және 25 мың адамдық үлкен театрымен ЮНЕСКО Әлемдік мұра тізімінде орын алады Эфес ежелгі қаласы. Христиандар Сан Джон Інжілді осы қалада жазды және Мәриям Ана осы жерде қайтыс болды деп сенеді. Эфес – тарихи, діни және архитектура жағынан орны толтырылмайтын бір қала.
**
Бүгінгі күні Артемида храмы болған орында бір ғана мәрмәр бағана бар. Бір кездері беделді болған қасиетті алаң, әлемнің жеті кереметінің бірі болған осы храм соғыс, талан-тараж, өрт салдарынан бірнеше мәрте қайта салынса да, бүгінгі күнге тек бір ғана мәрмәр бағана келіп жеткен. Эфеске барған кезде адам баласының қаласа не істей алатынын дәлелдейтін теңдесі жоқ туындылардың бірі Артемида храмын бәлкім көре алмайсыз, бірақ қиялыңызды еркін жіберсеңіз, сол кездің ауасын жұтып, храм куә болған кезеңдерге ойша шомасыз. Себебі Эфес қаласы тарихын барша көркемдігімен сізге ұсынуға дайын.