Бергама және медицина

Судан бастау алған мәдениет -19

1584044
Бергама және медицина

Ежелгі дәуір деген кезде мифология, мифология деген кезде ежелгі дәуір келеді адамның есіне. Олар бір бірін толықтырып тұрады. Анадолы территориясында көптеген қала мифологиялық құдайлар және сол құдайлар үшін салынған ғимараттарымен атағы шыққан. Осылардың арасынан ерекшеленетін бір қала бар.  Бергама... Құдайлардың патшасы Зевс, Зевстің әйелі Гера,  берекет құдайы Деметер, денсаулық құдайы Асклепи және Мысыр құдайларына арналған ғимараттарымен ерекшеленеді Бергама.  Бүгін ежелгі әлемнің алдынғы қатарлы мәдениет және өнер орталықтарының бірі, батыс Анадолының шағын, бірақ маңызды патшалығы Бермаганы таныстырамыз. Және оның «патшаларға лайықты» су ғимараттары туралы айтып береміз.

**

Бергама патшалығының бас қаласы Пергамон, яғни Бергама ежелгі дәуірден бастап бүгінге дейін көптеген өркениетке мекен болған.  Бүгінгі күні Измир қаласының Бергама ауданында орын алған, архитектура, өнер және медицина тақырыбында алда болған осы ежелгі қаланы баяндауымызды су ғимараттарынан бастайық.

Бергама – Рим, Стамбул және Иерусалиммен бірге ежелгі дәуірдің ең керемет су ғимараттары болған бір қала.  Осы тақырып, яғни Бергаманың су ғимараттары туралы жазылған көптеген кітап және жасалған зерттеу бар.  Өкінішке орай, осы су ғимараттарының бүгінгі күнге тек қалдықтары жеткен. Бастапқыда тек бұлақтарда игерілген қысыммен су жеткізу бірінші рет Бергама патшалығының бас қаласы Пергамонда су құбырларында да қолданыла бастаған. Бергамадағы назар аударатын басқа бір нәрсе – қорғасын құбыр жүйесі. Осы жүйе арқылы бас қаланың 45 км қашықтығындағы Мадра тауынан тасымалданған су үш сай және екі төбеден өтеді. Сайлардың бірінің тереңдігі 160 метр. Яғни қазіргі 50 қабатты биік үйлердің биіктігінде. Су жердің астына төселген үлкен тастардан өтіп, қорғасын құбырлармен қалаға жеткізілген.  Екі жүз мыңнан астам топырақ құбырдан тұратын үлкен су жолы жиырмасыншы ғасыр басталғанға дейін кездеспейді.  Осы тұрғыдан әлемнің алдынғы қатарлы су базаларының бірі және патшаларға лайықты су обьектісі деп аталады Бергама су жолы.

**

Пергамон ежелгі қаласының жоспарында жер бедерінің түрі маңызды рол ойнайды.  Себебі бір таудың бөктеріне құрылады патшалықтың бас қаласы.  Пергамонда тегіс жер болмағандықтан терассалау жүргізіледі. Жер бедеріне ыңғайлы архитектуралық және қала жоспары жүзеге асырылады. Қала жер бедерінің ыңғайына сай жоғарыдан төменге қарай кеңейе түседі.

Қамал мен қорғандар орналасқан «Жоғары қала» - патшалар,  зиялылар және қолбасшылар өмір сүретін аймақ. Осында сонымен бірге ежелгі театр бар.  Ол бір бөктерге жастанып тұр. Он мың адамдық сыйымдылықпен ежелгі дәуірдің ең тік театры. Төменгі қалада болса гимназия, Деметер мен Гера қасиетті алаңы орналасқан.  Рим дәуірінен қалған Мысыр құдайлары үшін кірпіштен салынған, едәуір жақсы сақталған қаланың ең ірі обьектісі Қызыл аула да осы жерде.

Қала барлық жағынан өте ерекше,  бірақ оны әлемдегі ежелгі қалалар арасында ерекше қылатын нәрсе – Асклепи храмы. Ежелгі дәуірдің медицина,  дәрігерлік құдайы үшін салынған осы храм Аскпели Қасиетті алаңының ішінде орналасқан. Аскпели Қасиетті алаңы – Жер бетіндегі тұңғыш ауруханалардың бірі.  Бізге үйреншікті ауруханалардан өзгеше болса да, науқастар сауығу үшін баратын, дәрігерлер қарайтын, емдейтін жер. Батыс Анадолының ең маңызды медицина орталығы Асклепи сонымен бірге көндіру әдісімен емдейтін және қоғамдық денсаулық саясаттарын дайындайтын жоғары мекеме.

Кіре беріс есігінде «Бұл жерге өлім кіре алмайды» деп жазылғаны бәлкім бір аңыз болар, бірақ Асклепиге аяғы ауыр әйелдер мен өлтіретін аурумен ауыратын науқастардың қабылданбағаны шындық. Шипалы және қасиетті деп есептелген бір бұлақ және бассейндермен қоса ұйқы бөлмелері бар бұл орталықта. Емделушілерді қолайсыз ауа шарттарынан қорғау үшін ұзын жер асты туннелі де салынған. Науқастар ұйқы палаталарында ұйықтайды. Тұрғаннан кейін көрген түстерін дәрігерлерге айтып береді, осыған орай емдеу әдісі айқындалады. Бұдан басқа аштық,  сусыздық курстары, балшық моншалары, өсімдік майлары және мазьдармен массаж жасау, күнге қыздырыну терапиялары жүргізіледі. Бүгінгі күнгі адамдар мың жылдан кейін бағыт алған терапиялар бұлар.  Айырықша науқастарға қасиетті және шипалы су беріледі. Шипалы су бассейндерінде жуынады. Қасиетті бұлақтың суының даусын тыңдайды. Осылайша осы орталықта психотерапия әдістері судың сауықтыратын күшімен бірлеседі. Керек болса хирургиялық ем де жасалады.

Галеннің осы медициналық орталықта науқастарды емдегені және сабақ бергені белгілі.  Гален Гиппократтан кейін медицина ғылымына ең үлкен үлесті қосқан,  әлемдегі алғашқы дәрігер және шипагерлерінің бірі.

Асклепидің дәл қасында тері ауруларына пайдалы екені белгілі бір арасан бар еді. Ол кезде SPA деп аталады шипалы су табылған жерлер. Бүгінгі күні де кең тараған Spa  негізінде латын тілінде «судан келетін денсаулық» деген сөздердің қысқартылған түрі.

**

Бергаманың ең маңызды және ең атақты ғимараттарының бірі – Зевс храмы. Көптеген жыл бойы бөлшектелген күйі Германияға тасымалданған Бергама Зевс храмы тек кең баспалдағы, көркем түрімен ғана емес, ойылған фигураларымен де адамды сиқырлап алады.  Бір жеңіс ескерткіші болып табылатын осы ғимараттың ежелгі дәуірден қалған ғимараттар арасында өте маңызды орны бар.  Фигуралардың қозғалыстары мен бет бейнелері Бергама шеберлерінің мүсін тақырыбындағы шеберлігін де көрсетеді.  Бүгін Берлин қаласында көруге болатын осы теңдесі жоқ мәдени жәдігерлердің, археологиялық қазынаның қайтарылуы үшін жұмыстар жалғасып жатыр. Біз де осы қазынаның туған жеріне- Бергамаға тез арада оралуын тілейміз.

**

Бергама туралы айтып, пергаментті айтпай кетуге болмайды. Жыртылмайтын,  оңайшылықпен жанбайтын,  екі бетіне де жазу жазуға болатын, арнайы дайындалған жануар терісі бұл. Папирус тез жыртылатын болғандықтан,  Мысырдан басқа жерде оңайшылықпен табылмайтындықтан Бергама азаматтары адам баласына осы тамаша сыйлықты сыйлайды. «Бергама, Пергамон қағазы» деген мағынаға келетін пергамент латын тілінен бастау алып,  барлық тілдерге тарайды. Бергамалықтар пергаментті ойлап тапқан өркениет болғандықтан, кітапханаларында да осындай қағазға жазылған мыңдаған туынды бар. Осылайша екі жүз мың шақты қолжазба туындымен ежелгі дәуірдің ең үлкен үш кітапханасының бірі болады Бергама кітапханасы.

**

Бергама маңында орналасқан, көпірі, ескерткіш бұлағы және туннельдерімен назар аударатын ежелгі шипа орталығы Аллианой туралы айтып өтелік. Дәрігерлер құдайы Асклепидің туған жері деп есептеледі Аллианой. Температурасы 45 градусқа дейін баратын күкіртті суымен бұл жер ежелгі дәуірдің беделді медициналық орталықтарының бірі болған.  Бергамадағы Асклепиде психотерапияға байланысты ем жүргізілсе, Аллианойда гидротерапия жүргізілетін. Яғни сумен емдейтін еді. Бүгінгі күні бұл шипа орталығы Йортанлы су бөгетінің астында қалған. Жүргізілген қазбаларда көптеген мүсін, шыны туындылар, алтын, күміс және қола тиындар, сынбаған  Афродитаның бір мүсіні табылған.

**

Эллиндік, Рим және Османлы дәуірлерінен қалған қабаттар болуы себебімен ЮНЕСКО Әлемдік мұра тізімінің «Көп қабатты мәдени пейзаж алаңы» категориясында орын алады Бергама. Осы көркем қаланың су ғимараттары мен әлемнің тұңғыш ауруханасын баяндап бердік.



Ұқсас жаңалықтар