Мәмлүк елінің сұлтаны Қалауынұлы Халил

Түркі өркениетіндегі ұлы тұлғалар - 38

1510991
Мәмлүк елінің сұлтаны Қалауынұлы Халил

 

Мысырда құрылған Дәлет әт-Түркия елін Ұлы даладан сонда барған түрік әскерлер биледі. Алғашқы билеушілер Айбек, Құтыз және Байбарыс мұрагерлері ретінде өз ұлдарын қалдыруға тырысқан болатын. Алайда елдегі мықты әмірлер бұған рұқсат бермеді. Тіпті ең ықпалды Байбарыстың ұрпақтары да билікті өз қолдарында ұстап қала алмады. Тек 1279-1290 жылдары тақта отырған Сұлтан Қалауын ғана бұл істе табысты болды. Оның ұрпақтары көп жылдар бойы Мысырдағы «Түрік мемлекетін» биледі. Олай болса бүгінгі бағдарламамызда сегізінші мәмлүк-сұлтан Қалауынұлы Халил туралы сөз қозғаймыз.

Ұлы тұлғамызды нақты туған жылы белгісіз,. Дегенмен, Мәмлүк дәуірінің тарихшысы Халил ибн Айбак ас-Сафадидің айтуынша, ол «отыз жастарында немесе одан жас кезінде қайтыс болған.» Оның 1293 жылы қайтыс болғанын ескерсек, онда ол шамамен 1260 жылы туылған болып шығады. Халил Сұлтан Қалауынның екінші ұлы еді. Анасы Құтқұтия есімді әйел болған. Халилдің Ас-Салих Әли атты ағасы, ан-Насыр Мұхаммед және Ахмад деген екі інісі және екі қарындасы болған. 1284 жылы Халил Қалауынның моңғол әмірі Сайф ад-Дин Нуких ибн Баянның қызы Ардукинге үйленді. Халилдің ағасы Ас-Салих Али де Ардукиннің әпкесіне үйленген болатын. Олардың моңғол текті болуына байланысты мәмлүктер ол әйелдерге құрмет көрсететін.

1280 жылы Қалауын бірінші ұлы ас-Салих Алиді өзінің мұрагері деп жариялады. Осы кезден бастап келісімшарттарда Калауын есімінің жанына ас-Салих Алидің аты қосылды. 1285 жылдан бастап Халилдің есімі де Қалауынның атының қасына «әл-Мәлік әл-Ашраф» патшалық атауымен жазыла бастады. Мысалға Қалауынның Кіші Армения яғни Киликия королімен жасаған келісімшартында ұлы тұлғамыздың аты аталған. 1288 жылы Ас-Салих Али қайтыс болғанда, Қалауын Халилді өзінің мұрагері ретінде жариялады. Жұма намазы уағызы мен хұтбасында әл-Ашраф Халилдің аты Сұлтан Қалауынның атымен бірге оқыла бастады. Қалауынның әмірлері Халилге адал болуға ант берді.

Әл-Ашраф Халил 1290 жылы 9 қарашада әкесі қайтыс болғаннан кейін таққа отырды. Ол бір жағынан өзінің билігінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін, екінші бір жағынан кесенесі аяқталғанға дейін екі ай бойы Қалауынның жерленуін кешіктірді. Билікке келген соң әл-Ашраф Халил әкесінің шамамен 6000 мансури мәмлүктерін өзінің 1200 адамдық ашрафия мәмлүк корпусына қосып алды. Бұл кейбір мәмлүктердің наразылығын тудырды. Елдегі ең ықпалды мәмлүктердің бірі атабек яғни басқолбасшы Тұрынтай оған қарсы қастандық жасады, бірақ ол сәтсіз аяқталды. Әл-Ашраф Халил әмір Тұрынтайды тұтқынға алып, ақырында өлім жазасына кесті. Осыдан кейін Сұлтан Халилдің үш жылдық билігінде атабектер көп ауысып отырды.

Таққа отырғаннан кейін Халил әкесі Қалауынның крестшілерді аймақтан қуып шығу саясатын жалғастырды. Қалауын 1289 жылы Триполи қаласын жаулап алып өз ниетін білдірген еді. 1290 жылы қарашада ол Иерусалим Корольдігінің астанасы Акреге қарай жорығын бастаған, бірақ Каирдан көп ұзамай қайтыс болған еді. Әл-Ашраф Халил әкесінің шабуылын 1291 жылы 2 наурызда қайта бастады. Ол Мысырдың мәмлүк әскерін бастап шықты. Сонымен қатар Сирияның мәмлүк әмірлеріне және Хамадағы Әюби сұлтаны III әл-Музаффар Махмудтың Акреге қарай жылжуы туралы бұйрықтар жіберді. Сирияның мәмлүктерін Шам әмірі Лашын, Триполи мәмлүктерін әмір Білбан және әл-Карак мәмлүктерін әмір Байбарыс ад-Дауадар бастап келді. 1291 жылы мамырда әл-Ашраф Халилдің әскері Акреге қарсы шабуылды бастады. Қамалды қорғаған Темплар рыцарьларымен ауыр ұрыс болды. 17 маусым күні қамал алынды. Оның бірқатар тұрғындары теңіз арқылы қашып кетті. Мәмлүк әскерлері қаладан көптеген олжаларды алғаннан кейін, әл-Ашраф Халил Акре бекіністерін қиратты.

Акраны басып алғаннан кейін, әл-Ашраф Халил және оның қолбасшылары Сирия жағалауындағы крестшілер қолында қалған бекіністердің барлығын қайтарып алуға жоспар құрды. Ең алдымен Тир қамалы алынды. Тир порты Сирия жағалауындағы ең қуатты крестшілер бекіністерінің бірі еді. Салахаддин Әюби оны екі рет алуға тырысса да, ала алмаған болатын. 19 мамыр күні Акреде болған Сұлтан Тирдегі жағдайды барлау үшін әмір Санжар әш-Шуй бастаған бір топ сарбазды жіберді. Бұл шағын сарбазды көрген Тирдің крестшілері қорқып, Кипрге қашып кетті. Тирді осылайша мұсылмандар ұрыссыз басып алды. Сидон қамалы 14 шілдеде мәмлүктердің билігіне өтті. Содан кейін крестшілер үшін маңызды сауда порты саналатын Бейрутты мұсылмандар 31 шілдеде алды. Артынша Хайфа қамалы да алынды. Тартусты әмір Білбан азат етті. 1292 жылы Халилдің өзі қол бастап, армяндардың Калат Ар-Рам қамалын алды.

Осыдан кейін Сұлтан Шамға оралып, Киликия Армениясына басып кіру үшін әскер жинады. Бірақ армян елшілері Шамға келіп, оған Тіл-Хемдун, Мараш және Бехеши қалаларын беріп, бітім жасалды.

Осылайша 1187 жылы Салахаддин бастаған және Байбарыс пен Қалауын жалғастырған крестшілерді аймақтау қуу жорықтарын ақырында Халил аяқтады. Крестшілердің 200 жылдық соғыстары бекер болды. Сириядағы крестшілер королдіктері толығымен жойылды. Ал ІІ Людовиктің Мысырға қарсы ұйымдастырған жетінші крест жорығы сәтсіздікпен аяқталды.

Сұлтан сонымен бірге Кипрге және Багдадты басып алған моңғолдарға шабуыл жасауды жоспарлады. Алайда оның ішкі саясаттына наразы болған кейбір мәмлүктер оны қастандықпен өлтірді.

 



Ұқсас жаңалықтар