Мәмлүк елінің сұлтаны Қалауын

Түркі өркениетіндегі ұлы тұлғалар - 37-бөлім

1506184
Мәмлүк елінің сұлтаны Қалауын

 

Мысырдағы Мәмлүк елін құрған ықпалды тұлғалардың арасында Айбек, Құтыз және Байбарыспен бірге Қалауын аты жиі аталады. Бұл жерде Айбек мен Құтыз мәмлүктер жаңа мемлекеттің негізін қаласа, Сұлтан Байбарыс оның одан әрі күшеюін қамтамасыз етті. Ал Қалауын болса түріктер елі Дәулет әт-Түркияның одан әрі шарықтауына жол ашты. Олай болса, бүгінгі бағдарламамызда Сұлтан Қалауын туралы сөз қозғаймыз.

Ұлы тұлғамыз 1222 жылы Дешті Қыпшақта яғни Қыпшақ даласында туып, 10 қараша 1290 жылы Мысырда қайтыс болған. Тегі Қыпшақ елінің Бөрі оғлы руынан болады. Шашамен 1240 жылдары Мысырға құл болып сатылған. Әюби әулеті сұлтаны әл-Камилдің сарайына келген. Мысыр сұлтаны Салих Әюби Қалауынды мың алтынға сатып алғаны үшін оған арабша «мыңдық» деген мағынаға келетін «әл-әлфи» лақап аты берілген.

Тарихи деректер оның алғаш Мысырға келгенде арабша білмейтіндігін айтады. Жалпы Мысыр мен Сириядағы мәмлүктердің көпшілігі араб тілін білмейтін. Сондықтан олардың жергілікті халықпен түсінісуін қамтамасыз ету мақсатында көптеген «түрікше-арабша» сөздіктер мен түрлі еңбектер жазылған. Мысалға, «Китабүл идрак лисани әтрак» яғни Түрік тілін түсіну кітабы, «Китабүл мәжмуи тәржүмани түрки» яғни Түрік тілі аударма жинақ кітабы деген сияқты жүздеген кітап бар.

Мысырда Қалауын Әмір Байбарыстың қол астына кіреді. Екеуінің де қыпшақ болуы олардың жақын қатынас орнатуына себеп болды. Қалауын 1252 жылы Дәлет әт-Түркия мемлекеті құрылғанда Айбекті қолдаған мәмлүктердің арасында еді. Алайда 1254 жылы Сұлтан Айбек кейбір мәмлүктерді өлтіргенде, бұл жағдайдың өздерінің басына да туу мүмкін деген қорқынышпен Қалауын досы Байбарыспен бірге түн ішінде Шамға қашып кетеді. Ол жерде Қалауын және басқа мәмлүктер Әюби сұлтаны Насир Юсуфтың қызметіне кіреді.

Насир Юсуф Мысырдағы Айбектің билігін мойындамағандықтан, ол Байбарыс пен Қалауынға қолдау көрсетіп, 1255 жылы оларды Мысырға шабуылға жібереді. Байбарыс пен Қалауын Айбекті биліктен кетіре алмаса да, оның билігіне үлкен қауіп төндіреді. Бұл текетірес Мысыр сұлтаны ретінде Айбекті алмастырған Құтыздың кезінде де жалғасады. 1257 жылдың қарашасында Құтыз Байбарыс пен Қалауынның шабуылдарына төтеп береді. Осы жеңілістен кейін Шамдағы мәмлүктер арасында пікірталас туады.  Олардың біраз бөлігі шығыстан келе жатқан моңғол қаупіне қарсы Мысырдағы мәмлүктермен бітісу керектігін қолдайды.

1258 жылы ақпанда Құлағудың әскері Бағдадты қиратып, 1260 жылы 25 қаңтарда Халепті басып алды. Келе жатқан қауіпке қарсы Сұлтан Насир Юсуф Мысыр мәмлүктерімен одақ құру керектігін түсінсе де, ол бірлескен іс-қимылдар туралы Құтызбен келісе алмады. Тіпті Насир Юсуфтың кеңесшілері Құлағуға берілуді де ұсынды. Бұнымен келіспеген Байбарыс пен Қалауын өздеріне қарасты әскерлерімен Шамнан кетіп қалды. Олар Палестинаға шегініп, ол жерде Газа маңында лагерь құрады. Осы жерден олар бұрынғы жауы Құтызға елші жіберіп, бітісуді және моңғолдарға қарсы одақ құруды ұсынды. Осы одақтың арқасында мәмлүктер 1260 жылғы 3 қыркүйекте болған Айн Жалут шайқасында моңғолдардың әскерін жеңді. Осы жеңістен кейін Қалауын Мысырға қайтты.

Айн Жалут жеңісінен кейін көп өтпей 24 қазан 1260 жылы Қалауынның жақын досы Байбарыс Дәулет әт-Түркия елінің тағына шықты. Ал Қалауын «атабек» яғни басқолбасшы қызметіне тағайындалды. 1277 жылы Сұлтан Байбарыс қайтыс болғаннан кейін Қалауын досының аманатына сай, таққа Байбарыстың ұлы Беркені шығарды. Алайда Сұлтан Берке айналасындағы ықпалды әмірлердің көзін жойып, өз билігін күшейткісі келді. Осы мақсатта ол 1279 жылы Қалауын мен Байсары әмірлерге бір-бір түмен беріп, солтүстік Сириядағы Киликия армян королдігін жаулауға жібереді. Сұлтанның жоспарына сәйкес әмірлер жорықтан қайтып келе жатқанда өлтірілуі керек еді. Алайда, Қалауынның жақын досы әмір Қуандық бұл жоспарды Қалауынға жеткізеді. Сондықтан Қалауын жорықтан келгеннен кейін Сұлтан Беркені тақтан түсіріп, оның орнына Байбарыстың жеті жасар баласы Сұламышты шығарады. Алайда арадан жүз күн өткеннен кейін Қалауын «әл-Мәлік әл-Мансұр» деген атпен өзі таққа шығады.

Осы кезде Сириямен қақтығыс туындады. Шам әкімі Сүңгір Қалауынның билігін заңсыз деп жариялап, өзін өзін сұлтан деп жариялады. Бұл жағдай екі жақтың соғысымен ғана шешілетін еді. 1280 жылы болған шайқаста Қалауын Сүңгірді жеңіп өзінің билігін мойындатты.

Айн жалут шайқасынан кейін Құлағудың ұрпақтары бұл жеңіліспен келісе қоймады. Иранда құрылған Елхан мемлекеті мен Дәулет әт-Түркия бүгінгі Сирия аймағы үшін қырқысып өтті. 1281 жылы Құлағудың ұлы Абақа хан інісі Мөңке Темірге қалың қол беріп, Сирияға аттандырды. Бұған қарсы Сұлтан Қалауынның өзі қол бастап барды. Хомс қаласы маңында болған шайқаста мәмлүктер тағы да жеңіске жетті.

Қалауын Байбарыстың сыртқы саясатын жалғастырды. Ол Елхандарға қарсы Алтын Ордамен одақтастықты күшейтті. Крестшілердің бірнеше қамалын тартып алса да, олармен келісім жасап, салық алып тұрды.

Қорыта айтқанда Сұлтан Қалауын Ислам өркениеті мен Мысырда өз таңбасын қалдырды. Ол Каирде үлкен медресе салдырды. Оған дейін бұрын-соңды болмаған Каир ауруханасын тұрғызды. Бұл ауруханада әр түрлі ауруларға арналған зертханалар, дәрі-дәрмектер мен басқа да керек-жарақтарды сақтайтын бөлек қоймалар, науқастарға арналған палаталары болды. Қалауын мәмлүк сұлтандарының арасында ұрпақтары билікті сақтап қалған жалғыз билеуші болды.



Ұқсас жаңалықтар