Османлы әулетінің соңғы сұлтаны Вахдеттин

Түркі өркениетіндегі ұлы тұлғалар - 34

1483603
Османлы әулетінің соңғы сұлтаны Вахдеттин

Қандай да бір саяси немесе қоғамдық бір құрылымның басы және аяғы болғандай, алты ғасырлық Османлы әулеті де өз ғұмырын тамамдады. Бұл кезеңге тарихта әулеттің соңғы падишасы ретінде қалған Вахдеттин куә болды. Олай болса бүгінгі бағдарламада Османлы елінің ыдырап, оның орнына Түркия Республикасының құрылуы кезінде билікте болған Сұлтан Вахдеттин туралы сөз қозғаймыз.

Соңғы сұлтанның толық аты VI Мехмет Вахидеддин болып табылады. 14 қаңтар 1861 жылы Ыстамбұлда Долмабахче сарайында туып, 16 мамыр 1926 жылы Италияның Сан-Ремо қаласында қайтыс болған. Қабірі Сирияда Шам қаласында. Осы тұрғыдан ол – Түркия аумағына жерленбеген жалғыз падиша. Сұлтан Абдүлмеджидтің сегізінші ұлы және өзінен бұрын таққа отырған V Мұрат , II Абдулхамит пен V Мехмет Решаттың інісі болып табылады. Таққа шығу ықтималы өте аз болғандықтан, көпшіліктің көзіне көрінбей, тасада өмір сүрді. V Мехмет Решат таққа отырған кезде, Сұлтан Абдулазиздің ұлы Юсуф Иззеддин Эфенди тақ мұрагері болып тағайындалды. Алайда 1916 жылғы 1 ақпанда әлі күнге дейін анықталмаған себепке байланысты Юсуф Иззеддин Эфенди өзін-өзі өлтіргеннен кейін, жасының үлкен болуы себебінен Вахдеттин «тақ мұрегері шахзада» лауазымына көтерілді.

1918 жылдың 3 шілдесінде Сұлтан V Мехмет Решат қайтыс болғаннан кейін, Вахдеттин 57 жасында Османлы тағына отырды. Ол таққа шыққанда былай деген екен: «Мен бұл лауазымға дайындалмадым. Денсаулығым нашар болғандықтан, дұрыс оқи алмадым, жақсы білім ала алмадым. Менің жасым да ұлғайды, дүниеде аса арманым жоқ. Мен бұл лауазымды күтпеген едім. Өйткені ағайын-бауырларымыздан қайсымыз алдымен өмірден өтетініміз белгісіз еді. Бірақ Алланың жазған тағдыры осылай болды. Бұл ауыр жауапкершілікті мойныма алдым. Аң-таң күйдемін, мен үшін дұға етіңіздер.»

1918 жылы жазда Сұлтан Вахдеттин армия мен флотқа жарлық жолдап, Бас қолбасшы қызметін өзі атқаратынын хабарлайды. Бұл оның үкіметте белсенді рөл атқаратындығын білдірді. Бірақ ол екі үлкен проблемамен бетпе-бет келді. Бір жағынан, Османлы елі үшін үлкен апатқа айналған Бірінші дүниежүзілік соғысты мүмкін болғанынша аз шығынмен аяқтауы керек еді. Екіншіден, 1913 жылдан бастап империяда үстемдік еткен «Иттахат ве тераки» яғни «Одақ пен прогресс» партиясының режиміне қарсы саяси балама құру керек болды.

Вахдеттин таққа отырғаннан кейін «Одақ пен Прогресс» басшылығына наразылығымен танымал Мұстафа Кемал Пашаны Сирия майданының қолбасшысы етіп тағайындады. Осы орайда падиша Вахдеттин мен Мұстафа Кемал Паша арасында жақын қатынас болғанын айтуға болады. Өйткені Мұстафа Кемал Паша Вахдеттиннің тақ мұрагері кезінен бері адъютанты яғни әскери көмекшісі болатын. Тіпті 1917 жылы желтоқсанда Сұлтан Вахдеттин өзінің адъютанты Мұстафа Кемал Пашамен бірге Германияға бес апталық сапарға аттанған еді.

1918 жылы 8 қазанда соғыста Османлы және одақтасы Германияның жеңілетіні айқын байқалған соң, Талат паша басқарған «Одақ және прогресс» партиясы үкіметі отставкаға кетті. Оның орнына Ахмет Иззет Паша басқарған жаңа министрлер кабинеті құрылды және бұл кабинет 1918 жылы 30 қазанда соғысты аяқтаған Мондрос атысты тоқтату бітіміне қол қойды. Осыдан кейін антанта-одақтастар күштері Ыстамбұлды басып алды. 1919 жылы 7 мамырда гректер және одақтастары Измирді өз бақылауына алу шешімін қабылдағаннан кейін Сұлтан Вахдеттин Мұстафа Кемал Пашаны өте кең өкілетті құзірет беріп, Анадолыға жолдады. 19 мамыр 1919 жылы Самсунға жеткен Мұстафа Кемал Паша Түркия Республикасының құрылуымен нәтижеленетін ұлт-азаттық күресті бастады. Осыдан бастап Османлы еліндегі билік екіге бөлінді. Бірі – Ыстамбұлдағы Сұлтан Вахдеттиннің билігі. Екіншісі – Анкарадағы Мұстафа Кемал және оны жақтастарының билігі. Ал 1920 жылы басқыншылардың талабына сай, Ыстамбұлдағы Мебусан мәжілісі таратылғаннан кейін, 23 сәуір 1920 жылы Анкарада Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісі жиналды. Ыстамбұл мен Анкарадағы осы екі бастылыққа байланысты Вахдеттин мен Мұстафа Кемалдың қатынасы бұзылды. Тіпті Сұлтан Мұстафа Кемалды бүлікші деп айыптап, сырттай өлім жазасына кесті.

1922 жылы 1 қарашада Мұстафа Кемал және Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің жеңіске жетуімен аяқталған Ұлт-азаттық соғысынан кейін, парламент тарапынан қабылданған заңға сәйкес, сұлтандық билік пен халифат бір-бірінен ажыратылды және сұлтандық билік жойылды. Вахдеттиннің аты уағыздардан алынып тасталды. 1922 жылғы 4 қарашада соңғы Бас уәзір Ахмет Тевфик паша отставкаға кетті және үкімет тарқатылды. 17 қарашада таңертең Вахдеттин кіші ұлы Мехмед Ертұғрылмен және харем мүшелерімен бірге Долмабахче сарайынан шығып, Босфордағы Британдық «HMS Malaya» әскери кемесіне мініп, Мальтаға жол тартты.

Осылайша, биліктен кеткен сұлтан Мальтада біраз уақыт тұрды, себебі ағылшындар оның Англияға келуін қабылдамады. Ол жерден Хижаз патшасы Мелик Хусейіннің шақыруымен Меккеге барды және қажылық жасады. Осы тұрғыдан, ол қажылыққа барған жалғыз Османлы сұлтаны болып саналады. Вахдеттин Хижазда 1923 жылдың 20 сәуіріне дейін тұрды. Алайда Англияның қысымымен ол жерден де кетуге мәжбүр болды.

Соңғы падиша біраз уақыт Италияның Генуя қаласында тұрды. 1923 жылы 11 маусымда Сан-Ремо қаласында жалға алынған виллаға көшті. Вахдеттин 1926 жылы 16 мамырда сол қалада қайтыс болды. Оның денесін Түркия үкіметі қабылдамағандықтан, Шамдағы Сұлтан Селим мешітіндегі зиратқа жерленді.



Ұқсас жаңалықтар