Османлы сұлтаны IІ Сүлейман
Түркі өркениетіндегі ұлы тұлғалар - 21
1683 жылы Османлы сұлтаны IV Мехметтің Вена шабуылы сәтсіздікпен аяқталғаннан кейін Балқан түбегіндегі Османлы билігі одан әрі әлсірей берді. Бұл үдеріс расында түріктердің түбектен шегінуінің басы болды. Осы қиын кезеңде 8 қараша 1687 жылы сұлтан Мехметтің інісі IІ Сүлейман таққа шықты. Оның билігі кезінде де маңызды оқиғалар орын алды. Олай болса бүгінгі бағдарламамызда Османлы әулетінің 20-сұлтаны IІ Сүлейман туралы сөз қозғаймыз.
Ұлы тұлғамыз 1640-1648 жылдар арасында билік құрған Сұлтан Ибрахимнің екінші баласы болып табылады. Шешесі – тегі серб және өз аты Катерина болған бірақ Ислам дінін қабылдағаннан кейін Салиха Дил-Ашуб атын алған Сұлтан Ибрахимнің екінші әйелі. Сүлейман 15 сәуір 1642 жылы Ыстамбұлда туып, 22 маусым 1691 жылы Эдирнеде қайтыс болған. Ол ағасы ІV Мехметтен небәрі 3 ай кіші болды. Сұлтан Ибрахим 1648 жылы 18 тамызда көтерілісшілер тарапынан тұншықтырып өлтірілгеннен кейін таққа алты жасар ІV Мехмет шығарылды. 1651 жылы ағасы Сүлейманды Топкапы сарайындағы қапасқа қаматып тастады. Дегенмен бұл қапас зындан емес, бүгінгі үй қамаққа ұқсайтын. Шахзада Сүлейман қапаста 36 жыл жатты.
1656 жылы Шейхүлислам Хожазаде Месуд Эфенди және басқа да ірі уәзірлер Сүлейманды Сұлтан ІV Мехметке қарсы қолдануға және оны таққа шығаруға тырысты. Бірақ бұл талпыныс сәтсіз болды және бүлікшілер жазаланды. 1683 жылы Сұлтан ІV Мехмет Венада жеңіліске ұшырғаннан кейін Сүлейманды таққа шығару мәселесі қайта күнтәртібіне келді. Сондықтан шахзада Сүлейман мен інісі Ахмет Ыстамбұлда Шимширлик қапасына көшірілді. IV Мехмет 1687 жылы құлатылғаннан кейін II Сүлейман сол жылы 8 қарашада Османлы тағына шықты. II Сүлейман Османлы тарихында тақ мұрагері ретінде ең ұзақ уақыт күткен шахзада болды. Тіпті ол таққа шығатын күні де бұған сенбей, өзінің өлтірілетінін ойлап күзетшілерге қарсы шыққан еді.
II Сүлеймен таққа отырғаннан кейін ең бірінші мәселе янычары мен сарбаздарға ақша үлестіру болды. 22 желтоқсанда сарай жиналысы өткізілді және экономикалық қиындыққа қарамастан ақшалар таратылды. Алайда Ыстамбұлда тәртіп орнату оңай болмады. 1688 жылы 22 қаңтарда бас уәзір жорыққа дайындық бастағанда, қалада тағы да тәртіпсіздік басталып, бас уәзір Сиавуш Паша бүлікшілер тарапынан өлтірілді.
1 наурыз 1688 жылы кейбір қарулы әскерлер Ыстамбұлдағы Яғлыкшылар базарын тонауға кірісті. Бұған наразы болған халық қаладағы бұзақылықты тоқтатуын падишадан талап етті. Осы оқиғалар кезінде Мұхаммед пайғамбардың туы болып саналатын «Санжақ әл-Шерифе» көтерілгендіктен, бұл оқиға «Санжақ ісі» болып аталып кетті. Бұл іске сай, бұзақылар ұсталып, оларды қолдаған мемлекеттік шенеуніктер астанадан шалғай жерлерге жер аударылды. Осы шаралардың арқасында төрт айға созылған тұрақсыздық тоқтатылды.
Халықаралық саясатқа келетін болсақ, Сұлтан II Сүлейман таққа отырған кезде, Вена қоршауының сәтсіз аяқталуынан кейінгі Осман әскерлерінің шегінісі жалғасып жатқан болатын. Венеция Пелопоннес түбегін жаулап алды, ал Австрия Висеград, Уйвар және Эстергоннан кейін 160 жыл бойы Османлы билігінде болған Будин жеріне кірді. Венгриядағы Османлы билігі де құлауға жақын қалған еді. Басқаша айтқанда Османлы елі батыс шебі бойынша шегіністе болатын.
Мемлекет шығындары қазына түсіміне теріс әсер етті және Анадолыдағы бүлікшіл қозғалыстар да арта түсті. Балқан түбегіндегі Австрияның шабуылына қоса, Сердар Йеген Осман паша сияқты бүлікшіл шенеуніктер Рұмеліде жемқорлықпен айналысып, мәжбүрлі түрде салық жинап халықты қан қақсатты. Осындай жағдайда 1688 жылы 8 қыркүйекте Белград жау қолына өтті. Белградтың алынуы австриялықтарға Балқан елдеріне қарай одан әрі жылжуына жол ашты. Осыдан кейін Босния, Эрдел және Эфлакты австриялықтар басып алды.
Бұл шабуылдарға қарсы 1688 жылы күзге қарай қалпына келген Османлы әскерлері шабуыл бастады. 1688 жылы 30 қазанда Челеби Ибрахим Пашаның басқаруындағы Османлы қолы Эйрибозда алғашқы жеңіске жетті. 1689 жылдың жазында болса Сұлтан II Сүлейманның өзі қол бастап австриялықтарға қарсы жорыққа аттанды. Сол жылы Йеген Осман Паша бүлігі де тынышандырылды. Бас уәзір Көпрүлү Фазыл Мұстафа Паша басқарған Османлы күштері Гладова мен Оршованы 1690 жылы 8 шілдеде қайтарып алды. Каниже қамалын Австрия қолы 1690 жылдың 11 шілдесінде басып алғанымен, Османлы әскерлері 1690 жылы 8 қазанда Белградты кері қайтарып алды. Осылайша, Дунай шебі қайта қалпына келтірілді.
Осы шайқастардан кейін енді Османлы күштері шабуылға өтіп, жоғалтқан жерлерін қайтара бастады. Дегенмен осы кезде Сұлтан ІІ Сүлейман қатты ауырып қалады. Бірақ 1691 жылдың маусым айының басында Венгрияға қарай жорыққа аттанатын түрік жасағына жігер беру үшін өзінің ауыр науқасына қарамастан ұлы тұлғамыз жолға шығады. Эдирнеден өткеннен кейін сұлтанның ауруы едәуір үдеп, ақырында ол 1691 жылы 22 маусымда жұма күні қайтыс болды. Оның денесі Ыстамбұлға жеткізіліп, Сүлеймание мешітінің жанындағы атасы Кануни Сүлейманның қабірінің қасына жерленді. Алты әйелі болған сұлтанның баласы болмағандықтан, ол қайтыс болғаннан кейін Османлы тағына інісі II Ахмет шықты. Төрт жыл ғана билік құрған ІІ Сүлейман Белградтың фатихі яғни азат етушісі ретінде тарихта қалды.