Османлы сұлтаны Ибрахим
Түркі өркениетіндегі ұлы тұлғалар - 19-бөлім
Кез келген ел құлдырауға бет алғанда ең алдымен ол елде ысырапшылдық көбейеді және моральдық құндылықтар өз мәнін жоғалтады. Осы екі жайдың әсіресе елдің тұтқасын ұстап отырған билеуші әулеттің ішінде таралуы елді құрдымға сүйрейді. Дәл осындай жағдай он жетінші ғасырдың екінші ширегінде Османлы елінде белең алды. Бұл кезде Османлы елінде Сұлтан Ибрахим билік құрып тұрған болатын.
Сұлтан Ибрахим 1615 жылы 5 қарашада дүниеге келді. Оның әкесі Османлы сұлтан I Ахмет және анасы Көсем Сұлтан еді. 1617 жылы әкесі қайтыс болып, көкесі Мұстафа таққа шықты. Бірақ ол есінің дұрыс емес екендігіне байланысты биліктен кетіп, Ибрахимнің басқа анадан туған ағасы II Осман таққа отырды. Сұлтан ІІ Осман екі жасар Ибрахимді қапасқа қаматып тастады. Сұлтан ІІ Осман янычары бүлігімен тақтан кеткен соң, кейінірек таққа Ибрахимнің бір анадан туған үлкен ағасы IV Мұрат шықты. Сұлтан IV Мұрат бауырларын бірінен соң бірін өлтірте бастады. Әуелі Сұлтан IV Мұраттың бұйрығымен шахзада Баязит 1635 жылы «Реван» жорығында жүргенде тұншықтырылып өлтірілді. Содан кейін шахзада Сүлеймен өлтірілді. Көсем Сұлтаннан туған шахзада Қасым 1638 жылы Бағдад жорығы қарсаңында тұншықтырылды. Сұлтан IV Мұрат өлім төсегінде жатқанда шахзада Ибрахимді өлтіруге және Родос аралында тұрып жатқан Қырым ханзадасы және қалғасы Шахин Керейді таққа шығаруға бұйрық берді. Бірақ Көсем сұлтан араша түсіп, Османлы әулетінің соңғы шахзадасы Ибрахимді аман алып қалды. IV Мұрат өлгеннен кейін Ибрахим 9 ақпан 1640 жылы таққа шықты.
Сұлтан Ибрахимнің билігінің алғашқы жылдарында Сұлтан IV Мұраттың тағайындаған барлық шенеуніктері өз орындарында қалды, сондықтан ішкі және сыртқы саясаттың негізгі бағыттары өзгерген жоқ. Ибрахимнің империядағы алғашқы төрт жылында тұрақтылық болды. Бас уәзір Кеманкеш Қара Мұстафа Паша бастаған реформалар жалғаса берді. Бұл реформалар Сұлтан IV Мұраттың кезіндегі әскери жорықтардың кесірінен әлсіреген экономиканың қалпына келтіруді қамтамасыз етті. Реформалар аясында Мұстафа Паша салық жүйесіне өзгеріс енгізді, янычарылар мен сипахилердің санын азайтты, ақшаны тұрақтандырды және кассалық операцияларды қатаң есепке алуды талап етті. Ол сонымен бірге сауда үшін егжей-тегжейлі ереже шығарды және провинциялардағы бүлікші бейлердің құзіретін қысқартып, орталықтандырылған билікті қалпына келтірді. Мұстафа Паша ешқандай жұмыс істемей қазынадан төлем алатын адамдардың санын едәуір азайтты.
Сұлтан Ибрахим уәзірлерге дербес әрекет етуге мүмкіндік бергенімен, бас уәзірдің және басқа да шенеуніктердің есептерімен үнемі танысып тұратын. Сұлтан Ибрахимнің өз қолымен жазылған жауап хаттарына қарағанда, оның біраз білімі болғаны және әкімшілікті бақылауға алуға тырысқандығы көрінеді. Ол жасырын түрде астананың базарларын жиі тексеріп, содан кейін байқаған бұзушылықтарды анықтап, оларды түзетулері үшін уәзірлерге бұйрық беретін.
Сұлтан Ибрахимде жиі қайталанатын бас ауру және әлсіздіктен талып құлайтын ұстамасы бар болатын. Бұлар ұзақ жылдар қапаста болуына байланысты шыққан аурулар еді. Ол Осман әулетінің тірі қалған жалғыз ер мүшесі болғандықтан, Ибрахимді анасы Көсем сұлтан харем қыздарымен араласуға шақырды және көп ұзамай шахзадалар туыла бастады. Ибрахимнің харемге жақын жүруі Көсем сұлтанға падишаның атынан билік жүргізуге мүмкіндік берді. Дегенмен көп өтпей, падиша пен Көсем сұлтанның арасы бұзылып, валиде ханым сарайдан қуылды.
Сұлтан Ибрахим осыдан кейін оның ауруын емдеу үшін сарайға шақырылған Жынжы Хожа деген алаяқ тәуіп және харемдегі сүйікті күңі Шекерпаре қатынның ықпалдында болды. Тәуіп өзінің одақтастары Силахдар Юсуф Аға және Сұлтанзаде Мехмед Пашамен бірге көп пара алып байыды. Ақырында олардың күшейгені соншалық бас уәзір Қара Мұстафаның өлімін қамтамасыз етті. Содан кейін Жынжы Хожа Анадолының «Қазыәскері» яғни Жоғарғы Соты болды. Юсуф Аға «Капудан Паша» яғни бас адмирал болса, Сұлтанзаде Мехмет бас уәзір болып тағайындалды. Бірақ соңғы екеуі Крит аралы үшін болған соғыста сәтсіздікке ұшырағандықтан қызметтерінен қуылды.
Уақыт өткен сайын Ибрахимнің қызқұмарлығы мен ысырапшылдығы асқындай берді. Ол қалаған шенеуніктерінің әйелдерін тартып алатын болды. Қарсы болғандарды аяусыз өлтірді. Варвар Али паша көтерілісі осыған байланысты шықты. Бұның есесіне сұлтан сүйікті күңдеріне сарайдағы жоғары лауазымдарды берді. Оларды есепсіз байлыққа бөледі.
1647 жылы экономиканың ауыр жағдайы мен көптеген салықтар және бұған қоса сұлтанның ысырапшылдығы елдің наразылығына себеп болды. Бас уазір Салих Паша, Көсем сұлтан және шейхүлислам Абдүррахим Эфенди сұлтанды тақтан түсіріп, оны бір ұлымен алмастыру туралы жоспар құрды. Алайда бұл жоспар сәтсіз аяқталды. Салих паша өлтірілді. Дегенмен келесі жылы янычарылар мен улема мүшелері көтеріліске шықты. 1648 жылы 8 тамызда жемқор бас уәзір Амед Пашаны ашуланған топ талап тастады. Шейхүлислам «Құранның барлық заңдарын бұзған сұлтан адал емес және мұсылмандарға басшы болуға құқылы емес» деген пәтуа шығарды. Осы шешімнен кейін бүкіл жиналған адамдар сарайға шабуыл жасады. Сол күні көтерілісшілер Сұлтан Ибрахимді ұстап алып, Топкапы сарайына қамады. Орнына алты жасар ұлы Мехмет шығарылды. Сұлтан Ибрахим 1648 жылы 18 тамызда тұншықтырып өлтірілді. Ол Осман империясы тарихында көтерілісшілер тарапынан өлтірілген екінші падиша болды.