Османлы сұлтаны ІІ Осман
Түркі өркениетіндегі ұлы тұлғалар - 17
Османлы империясының арнаулы жасағы болып табылатын янычары барған сайын күшейіп, қалаған шахзадасын таққа шығарып, қаламаған сұлтанын тақтан түсіретін болды. Бұл жағдай Османлы армиясының реформалау қажеттілігін көрсетті. Он жетінші ғасырдан бастап он тоғызыншы ғасырға дейін жалғасқан әскерді реформалау талпынысы он жетінші ғасырдың басында Сұлтан ІІ Осман кезінде басталды. Ендеше бүгінгі бағдарламамызда тақта аз уақыт отыруына қарамастан, маңызды мәселелерге үңілген ІІ Османның өміріне тоқталамыз.
Ұлы тұлғамыз 3 қараша 1604 жылы Ыстамбұлда Топкапы сарайында туып, 20 мамыр 1622 жылы Ыстамбұлда Йедикуле қамалында қайтыс болды. Әкесі – Сұлтан І Ахмет, шешесі –Махфируз Хатун. Дәстүр бойынша, жас кезінде анасы Османның тәрбиесіне көп көңіл бөлген. Осының нәтижесінде ұлы тұлғамыз белгілі ақын болып өсті. Ол араб, парсы, грек, латын, итальян және тағы басқа тілдерді меңгерген. Осман әкесі Ахмет таққа шыққаннан он бір ай өткен соң дүниеге келді. Сарайда тәлім алды. Шетелдік бақылаушылардың айтуынша, ол Османлы шахзадаларының арасында ең мәдениетті тұлғалардың бірі болған.
1617 жылы әкесі Сұлтан Ахмет қайтыс болғаннан кейін таққа Осман емес, көкесі Мұстафа шықты. Бұның бірнеше себебі бар. Солардың бірі оның анасының болмауы еді. Басқаша айтқанда, сарайда әсіресе харемде Османның сөзін сөйлейтін адам болмады. Бұл кезде оның анасы қайтыс болған немесе қуғынға түскен болуы мүмкін.
II Осман 1618 жылы 14 жасында көкесі Мұстафа ақыл-есінің кемістігіне байланысты биліктен кеткеннен кейін таққа шықты. Жас болғанына қарамастан ұлы тұлғамыз өзін билеуші ретінде көрсетуге тырысты. Ол таққа отырғанда, Ұлы уәзір Дамат Халил паша Иранмен соғысып жатқан болатын. Бұл соғыс Османның әкесі І Ахмет кезінен бері жалғасып жатқан. Османлы әскері Пули-Шикесте шайқасында жеңілгенімен, османдықтардың сафевилердің қасиетті қаласы Ардебилге шабуыл жасауына байланысты екі жақ бітімге келуді ұйғарды. 1618 жылы 26 қыркүйекте қол қойылған Серав бейбітшілік келісімшарты бұрынырақ келісілген Насух Паша бітімінің негізінде жасалды.
Шығыс шепте Сафевилермен бітімгершілік келісім жасап, шығыс шекарасын тыныштандырғаннан кейін ІІ Осман назарын батысқа аударды. 1618 жылы Еуропада католиктер мен протестантар арасында отыз жылға созылатын соғыс басталған болатын. Бұл соғыстарда көп қантөгіс болғанымен, бұл соғыстардың бүгінгі Еуропа, қала берді бүкіл дүниежүзіне маңызды салдары болды. Ең алдымен Еуропадағы қару-жарақ технологиясы, атап айқанда зеңбіректер мен мылтықтар Османлыға қарағанда тезірек дами бастады. Екіншіден, бұл соғыстар католик шіркеуінің үстемдігін тоқтатқандықтан, Еуропада ұлттық шіркеулер және осының негізінде ұлттық мемлекеттер құрыла бастады. Үшіншіден, бұл дін соғыстарынан әбден шаршаған халық дін атаулыдан суып, ғылымға көңіл бөле бастады. Бұл өз кезегінде Еуропада ғылымның бұрын-соңды болмаған деңгейге көтерілуіне себеп болды. Ең бастысы, ұлттық мемлекеттерге бөлінген Еуропа бір-бірімен бәсеке ішінде одан әрі дами түсті.
Османлы Еуропадағы дәстүрлі саясатына сай, протестанттар жағында соғысқа кірді. Түріктер қатысқан ең алғашқы шайқасы католиктер жағында болған Польшаға қарсы болды. Түріктер жағында Трансильвания және Осман империясының бұрынғы вассалдары Уоллахия княздігі, Молдова княздығы, Қырым хандығы болды. Бірақ 1620 жылы 20 қыркүйекте Яси қаласының жанында болған шайқаста Польша жағы үстем шықты. Бұл жеңіліс сұлтанды Хотин соғысын бастауға және әскерге өзі қолбасшылық етуге итермеледі.
Сонымен II Осман 1621 жылы Польшаға қарсы жорыққа аттанды. Османлы армиясы Хотинге 1621 жылы 2 қыркүйекте келді. Хотин шайқасында янычарылардың соғысқа толықтай қатыспауы және Османлы қолбасшыларының тәртіпсіздігі жеңіске жетуге кесірін тигізді. Оның үстіне ерте түскен қыс жағдайды одан әрі қиындатты. Дегенмен поляк елшілерінің бітім сұрауымен соғыс аяқталды. 1621 жылы 29 қыркүйекте қол қойылған Хотин шартына сай, поляктар мен османдықтар бір-бірінің жерлеріне шабуыл жасамайды, ал Польша бұрынғыдай Қырым хандығына салық төлеп тұрады.
Сұлтан II Осман Польша жорығында Османлы армиясының тәртіпсіздігі мен тәжірибесіздігіне көз жеткізді. Әскери салада кейбір өзгерістер енгізу идеясы осылайша пайда болды. Бұл өзгерістер Османлы елінің «Капыкулу» деп аталатын және жаяу «янычары» әскерлері мен атты «сипахи» әскерлерінен тұратын тұрақты армиясынан басталуы керек еді. Жалпы сұлтанның жүзеге асыруды жоспарлаған реформаларын былай түйіндесек болады:
Біріншіден, өз қызметін орындаудан қалған янычары мен сипахиді жою және олардың орнына Анадолы, Сирия және Мысыр түріктерінен құрылған жаңа армия қалыптастыру.
Екіншіден, мемлекеттік механизмді «дөнме» және «девширмеден» яғни Ислам дінін қабылдаған христиандардан тазарту және олардың орнына тегі түрік адамдарды шығару.
Үшіншіден, Осман империясының астанасын Ыстамбұлдан Анадолыға, түріктердің тығыз қоныстанған Бурса қаласына көшіру.
Төртіншіден, жемқорлыққа батқан ғұлама институтының экономикалық және саяси негізін әлсіретіп, олардың мемлекетке әсерін жою.
Бесіншіден, сарайдың дәстүрін өзгерту арқылы сұлтан мен оның туыстарының девширмелермен үйленуінің орнына түрік отбасыларынан қыз алуын қамтамасыз ету.
Алтыншысы, Фатих Сұлтан Мехмет пен Кануни Сүлейманның заңдарын империяның жаңа жағдайына бейімдеу.
Бұл реформалар әрине янычары мен ғұламаның мүддесіне теріс еді. Сондықтан 1622 жылы мамыр айында янычарылардың сұлтанға қарсы көтерілісі басталды. Олар сарайға шабуыл жасап, сұлтанды алдымен Ыстамбұлдағы Йедикуле қамалындағы түрмеге қамап, сосын өлтіріп тастады. Бұл Османлы тарихында бірінші рет янычарылардың сұлтанды өлтіруі еді.