Фатих Сұлтан Мехмет

Түркі өркениетіндегі ұлы тұлғалар - 8

1382045
Фатих Сұлтан Мехмет

Ислам өркениеті тарихында көптеген мұсылман қолбасшылар мен сұлтандар Византия империясының астанасы Константинопольды алуды армандап және осы жолда сан рет қаланы қоршауға алған болатын. Бұның себебі Мұхаммед пайғамар «Константиние міндетті түрде азат етіледі. Сол қаланы азат еткен қолбасшы не деген керемет қолбасшы, оның әскерлері не деген керемет әскерлер!» деген хадис-өсиеті бар еді. Пайғамбардың бұл мақтауына лайық болу Османлы мемлекетінің сұлтаны ІІ Мехметке жиырма бір жасында нәсіп болды. Ендеше осы ұлы тұлғаның өміріне жақыннан үңілейік.

Жасаған жорықтары мен қол жеткізген жеңістеріне қарай Фатих Сұлтан Мехмет болып аталып кеткен ұлы тұлғамыз 30 наурыз 1432 жылы туып, 3 мамыр 1481 жылы қайтыс болған. «Фатих» деген атағы «күпіршіліктен азат етуші», «жеңімпаз» деген мағынаға келеді. Әкесі Османлы сұлтаны ІІ Мұрат, ал шешесі Ислам дінін қабылдаған христиан күң Хүма хатун. Діндар кісі болған әкесі Мехметтің білімі мен тәрбиесіне көп көңіл бөлді. Әсіресе Қажы Байрамның шәкірті Ақшәмседдин ұлы тұлғамыздың Ислами болмысы мен дүниетанымына көп әсер етті. 1444 жылы ІІ Мұрат Балқан елдерімен, атап айтқанда Венгриямен Сегедин бітімін жасасқаннан кейін дүниелік істерден баз кешіп, таққа он екі жасар Мехметті қалдырып кетті. Алайда көп өтпей, христиан әлемі Османлыға қарсы жаңа бір крест жорығын бастады. Бұл шабуылға төтеп бере алмайтынын түсінген бала сұлтан әкесін көмекке шақырды. Бірақ ІІ Мұрат билікке келмей қойды. Сонда Мехмет әкесіне былай хат жазды: «Егер сен сұлтан болсаң, келіп қол баста. Ал егер мен сұлтан болсам, соған келіп қол бастауыңды бұйырамын.»

Ұлы тұлғамыз Османлы тағына екінші рет 1451 жылы әкесі қайтыс болғаннан кейін шықты. Сұлтан Мехметтің бірінші мақсаты Константинопольді бағындыру болды. Осы мақсатта ол Османлы флотын күшейтті. Бұғазды бақылауға алу үшін Анадолы хисарының қарсы бетіне Рұмелі хисарын тұрғызды. Қаланы құрлықтан және теңізден қоршауға алған ұлы тұлғамыз 1453 жылдың сәуірінде шабуылға өтті. Түріктердің алып зеңбіректерді қолдануына қарамастан қала оңай беріле қоймады. 22 сәуір күні түріктер Халич шығанағына Галата түбегінен яғни құрлықтан кемелерін жүргізіп, тарихи «Алтын мүйіске» шығып, Константинопольдің флотын жеңіп, ақырында қамалдың ең әлсіз дуалдарынан ішке кіреді. Осылайша елу жеті күндік шайқастан кейін 29 мамыр күні Византияның астанасы Сұлтан Мехметтің қарамағына өтті. Ұлы тұлғамыздың бірінші ісі 674-678 жылдары қаланың араб мұсылман күштері тарапынан шабуылы кезінде қайтыс болған атақты сахаба Әюб әл-Ансаридің моласын тауып, сол жерге кесене тұрғызу болды.

Константинополь қаласын алған Сұлтан Мехмет өзін Византияның яғни Шығыс Рим империясының мұрагерімін деп санап, «Қазер-и Рұм» яғни «Рим цезарі» деген атақ алды. Осыған сай, ұлы тұлғамыз бүгінге дейін қызмет етіп тұрған Константинопольдің православ патриархын қайта қалпына келтірді. Соңғы Византия императоры XI Константиннің ұрпақтары Османлы мемлекетінің қызметіне алынды. Қаланың аты да көп өтпей Ыстамбұл болып өзгертілді.

Константинопольді алғаннан кейінгі Сұлтан Мехметтің жорығы Сербияға болды. 1389 жылғы Косова шайқасынан бері Османлының вассалы болып саналатын Сербия 1454-1459 жылдары болған соғыста толығымен түріктердің билігіне өтті. Осыдан кейін Балқан түбегіндегі Византияның қалдығы Мора деспоттығы 1458-1460 жылдары Османлыға берілді.

ІІ Мехметтің келесі мақсаты Трапезунд, түрікше айтқанда Трабзон империясын бағындыру болды. 1204 жылы құрылған және Византия империясының үш мұрагерінің бірі болып табылатын бұл ел Анадолыдағы түрік бейліктерінің қысымына төтеп беріп тұрған болатын. 1461 жылы Бурсадан қол бастап шыққан ұлы тұлғамыз алдымен Синопты алып, Жандарұлдары бейлігін жойды. Сұлтанның әскерлері Трабзонды құрлықтан қоршауға алғанда, Османлы флоты қалаға теңізден шабуыл жасады. 15 тамыз 1461 жылы соңғы Трабзон императоры Давид қаланың қақпасын ашып, Сұлтан Мехметке бағынды.

1460 жылдардың басында Сұлтан Мехмет Балқан елдерінде жорықта болды. Османлы мен Венгрияның арасында буферлік аймақ болып саналатын Валахия принці Влад Дракула көтеріліс бастады. Бұл көтеріліс 1462 жылы сұлтанның өзінің қол бастап баруымен ғана аяқталды. Ал 1461 жылы Боснияда көтеріліс болды. Осы көтеріліс бастырылғаннан кейін 1463 жылы Босния Османлыға толықтай бағынды.

1463-1479 жылдары арасында Сұлтан Мехмет оңтүстік Грекия мен Эгей теңізінде көптеген қалалары бар Венеция Республикасымен соғысты. Он бес жылға созылған соғыс нәтижесінде Венеция көптеген қалаларынан айрылды және Османлыға 100 000 дукат компенсация төледі. Осы соғыстар барысында Албания да түріктердің билігіне өтті.

1464-1473 жылдары Османлы мемлекеті Анадолыда белсенді болды. Бұл кезеңде Кіші Азиядағы ең соңғы бейлік Қараманұлдарында таққа талас болды. Бұл таласқа ІІ Мехмет пен Аққойынлы Ұзын Хасан да араласты. Османлылар да, Аққойынлылар да өз жерлерін кеңейту мақсатында Қараманұлдарын желеу ретінде қолданды. Ақырында 1473 жылы болған Отлукбелі шайқасында ІІ Мехмет Ұзын Хасанды ойсырата жеңді.

ІІ Мехметтің кезінде Османлылар Қырым түбегіне де көз сала бастады. Түбектегі Қырым хандығы Османлылардан генуялық порт қалаларға қарсы көмек сұрады. Осы көмекке жауап берген Османлы флоты Гедик Ахмет Пашаның қолбасшылығымен 1475 жылы Каффа қаласын басып алды. Осыдан кейін Қырым хандығы Османлының үстемдігін мойындады.

 



Ұқсас жаңалықтар