ІI Мұрат

Түркі өркениетіндегі ұлы тұлғалар - 7

1382043
ІI Мұрат

1402 жылғы Анкара шайқасындағы жеңілістен кейін І Мехмет Челеби кезінде қайта қалпына келген Османлы елі ІІ Мұраттың отыз жылдық билігі кезінде одан әрі күшеюді жалғастырды. Әсіресе І Мехмет Челебиден кейін тақтың дау-дамайсыз ІІ Мұратқа өтуі елдегі тұрақтылықтың жалғасуына себеп болды. Олай болса бүгінгі бағдарламада Османлының алтыншы сұлтаны ІІ Мұраттың өміржолына тоқталамыз

Ұлы тұлғамыз Сұлтан І Мехметтің үшінші баласы болып табылады. Шешесі Дұлқадыр бейінің қызы Әминә хатун. 1404 жылы Амасияда туып, 3 ақпан 1451 жылы Едирнеде қайтыс болған. ІІ Мұрат он екі жасында Османлының Рұм уилаятына яғни бүгінгі Амасия, Токат, Сивас аймағына санжақбейі болып тағайындалды. 1416 жылы Измир өңірінде Шейх Бедреттиннің шәкірті Бөрклүже Мұстафа көтеріліс бастады. Бұл кезде Сұлтан І Мехмет Рұмеліде Мұстафа Челебимен соғысып жатқандықтан, бұл көтерілісті жаншу міндеті ІІ Мұратқа тапсырылды. Бұл міндетті шахзада табыспен атқарды. 1418 жылы ұлы тұлғамыз Жандарұлдарынан Самсун қаласын тартып алды. Әкесі қайтыс болғаннан кейін 25 Маусым 1421 жылы Бурсаға барып, Османлы тағына шықты.

ІІ Мұраттың билікке келуі Византияның оған қарсы Мұстафа Челебиді қолдануына себеп болды. Мұстафаны Едирнеде таққа шығарып, Османлы сұлтаны деп таныған Константинополь осы тақталасы арқылы түріктерді әлсіретуге тырысты. Алайда ұлы тұлғамыз батыл қадам жасап, көкесіне шабуыл жасады. Бұл соғыста ІІ Мұраттың жақтастары Мұстафа Челебиді «жалған шахзада» деген қауесет таратты. Нәтижеде бұл тактика жемісті болды және Мұстафа Челеби қолға түсіп, дарға асылды. Осыдан кейін Византия ІІ Мұраттың інісі Кіші Мұстафаны бүлікке шақырды. 1422 жылы Изник қаласында өзін Османлы падишахы деп жариялаған шахзаданы сұлтанның Михалұлы деген қолбасшысы қолға түсіріп, буындырып өлтірді.

Таққа талас жеңіспен аяқталғаннан кейін ІІ Мұрат ағайындарына көмек берген Анадолы бейлеріне қарсы жорыққа шықты. Жандарұлдарынан Тарақтыбөрі қаласы алынды, ал Қараманұлдарынан Көлдер аймағы қайтарылды. Осыдан кейін ұлы тұлғамыз Византиямен есептесуге кірісті. Бірақ Византия генуялықтардың дәнекерлігімен 1424 жылы Османлымен бітімге келді. Бұл бітімге сай, Константинополь Анкара шайқасынан кейін Византияның алып қойған Эгей және Қаратеңіз жағалауларын Османлыға қайтарып берді. Дәл осы кезде Салоники қаласы үшін Османлы-Венеция соғысы басталды. 1430 жылға дейін жалғасқан соғыс қаланың ІІ Мұраттың билігіне өтуімен аяқталды.

Оңтүстік Балқанды қайтарған ұлы тұлғамыз Османлы мен Венгрия арасындағы Сербияны қайтаруға да күш салды. 1437 жылы Венгрияда басталған ішкі соғысты орай деп біліп, бүкіл Серибияны өзіне қаратты. Осылайша Османлы елі Анкара шайқасынан бұрынғы барлық жерлерін қайтарған болды. Түріктердің Еуропаға қарай өз жерлерін кеңейтуі жаңа крест жорығының басталуына түрткі болды. 1443 жылы Венгрия королі Владиславтың басшылығында крестшілер Османлыға шабуылдады. Бірнеше шайқастан кейін 12 Маусым 1444 жылы Сегедин келісімшартына қол қойылды. Бұл шартқа сай, Сербия мемлекеттілігі қайта қалпына келтірілді, Венгрия Османлы қарамағындағы Болгарияға шабуыл жасамайтын болды және Дунай өзені шекара болып бекітілді.

Ұлы тұлғамыз Сегедин келісімшартын болашақтың кепілі деп біліп, 1444 жылдың тамыз айында Аллаға құлшылық етемін деп он екі жасар ұлы ІІ Мехметті орнына қалдырып, өзі тақтан бас тартты. Алайда 1444 жылдың қыркүйек айында Венгрия королі Владислав III бітімді бұзып, біріккен крестшілер қолын бастап, Дунай өзенін кесіп өтті. Бұл жағдайда бала патша ІІ Мехмет бұл дағдарысты шеше алмайды деп есептеген уәзірлер ІІ Мұратты шақырып алды. Қолбасшы ретінде Османлы әскерін бастаған ұлы тұлғамыз 10 қараша 1444 жылы Варна деген жерде болған шайқаста крестшілерді ойысырата жеңді.

ІІ Мұраттың жас балаға тақты қалдырып кетуі Балқанда көптеген бүліктерге себеп болды. Әсіресе осы кезде Османлы мемлекет құрылымында едәуір күшке айналған Янычарлар көтеріліс бастады. Бучуктепе деп аталатын бұл көтеріліс Османлы тарихындағы алғашқы Янычар көтерілісі болып табылады. Қысқасы осы бүліктерді тыныштандырып, елді ретке келтіру үшін ұлы тұлғамыз 1446 жылдың тамыз айында қайта таққа шықты.

Ұлы тұлғамыз екінші билік кезінде де Балқан елдеріне жорық ұйымдастырды. Ол ең алдымен 1446 жылы Мора түбегіне шабуыл жасады. Осы шабуылда зеңбіректер көптеп қолданылып, әскери технологияның жаңа бір белеске шыққаны әйгілі болды. Осы соғыстағы тәжірибеге байланысты кейінірек ІІ Мехмет яғни Фатих Сұлтан Мехмет Константинопольдің биік дуалдарын жермен-жексен қылды.  

1447 жылы Янычар әскері ретінде тәрбиеленген албан Ескендірбек Османлыға қарсы көтеріліс бастады. ІІ Мұрат онымен соғысып жатқанда, Венгрияның әміршісі Янош Хуняди бүлік бастап, Османлыға қарсы шабуылға өтті. Әскерлерін қосып одақ құрған көтерілісшілер 17 Қазан 1448 жылы Косова алаңында ІІ Мұрат бастаған Османлы қолымен қарсыласты. ІІ Косова шайқасы ретінде тарихқа енген соғыста көтерілісшілер жеңіліске ұшырады. Осы соғыстан кейін Османлылар мылтық пен зеңбіректі кеңінен қолдана бастады. Бұл жеңілістен кейін Еуропалықтар қайтып бір крест жорығын ұйымдастыра алмады. Осылайша батыстан келетін қауіптің алды алынғандықтан, Константинопольге шабуыл жасауға жол ашылды.

1450 жылы ұлы тұлғамыз шахзада ІІ Мехметпен бірге Албанияға екінші жорық жасады. Осы жорықтан жеңіспен оралған ІІ Мұрат көп ұзамай қайтыс болды. Бурсада үсті ашық кесенесіне жерленді.



Ұқсас жаңалықтар