Орханұлы Сүлейман Паша

Түркі өркениетіндегі ұлы тұлғалар- 3

1359793
Орханұлы Сүлейман Паша

Түріктердің Балқан түбегіне қоныстануы екі қанаттан жүзеге асты. Бір жағынан Қаратеңіздің солтүстігінен батысқа көшкен түріктер Қарпат тауын асып түбекке жетсе, енді екінші бір жағынан Анадолыдағы түріктер бүгін Чанаккале деп аталатын Дарданель бұғазынан өтіп, аймаққа қоныс тепті. Осы екінші бағытқа көшбасшы болған Османлы бекзадасы Сүлейман Паша болды.

Ұлы тұлғамыз шамамен 1316 жылы туып, 1360 жылы қайтыс болған. Османлы елінің екінші билеушісі Орхан Ғазының тұңғыш ұлы болып табылады. Шешесі – өз аты Холифера яки Оливера болған, бірақ сосын Нилуфер атын алған христиан еді. Осы тұрғыдан Сүлейман Паша түрік емес әйелден туған алғашқы бекзада болды. Десе де кейбір тарихшылар оның шешесінің түрік болуы мүмкін деген пікірді де қолдайды. Ұлы тұлғамыздың «паша» яғни «баш аға» болып аталуы оның үлкен ұл болуына байланысты деп есептеледі.

Сүлейман Паша жастайынан әкесі Орхан Беймен бірге билікке араласа бастады. Ол алдымен Гереде өңірінің әмірі ретінде қызмет етті. 1331 жылы Изник қамалының және 1337 жылы Измит қамалының алынуларында маңызды рол атқарды. 1329 жылғы Османлы мен Византия арасында болған Палеканон шайқасынан кейін Орхан Бей Сүлейман Пашаға Тараклы-Йениже, Гөйнүк, Мудурну жерлері «санжақ» ретінде берді яғни бұл жерлер оның билігіне өтті.

Ұлы тұлғамыздың Османлы еліне алғаш болып қосылған Кареси бейлігінде де ықпалды болғаны байқалады. Бұл бейліктегі алыперендер негізінен Османлылардың христиандармен соғысын қолдады. Бейлік ішінде таққа талас пен тұрақсыздық бой алғанда бейліктегі көп адамдар Османлылармен қосылуды жақтады. Тарихи деректерге қарағанда Османлы еліне алғаш болып қосылған бұл бейлікке Сүлейман Паша билеуші болып тағайындалған болуы керек.

Каресилердің Мәрмәр теңізі мен Эгей теңізіне жағалауы болуына байланысты бейліктің айтарлықтай күшті флоты болған еді. Бұл флот Сүлейман Пашаның Еуропа жағалауын жаулауына мүмкіндік берді. Енді екінші бір жағынан Кареси алыперендері христиандармен соғысып, дін жолында шейіт болуды көксеуде еді. Бұл кезеңде Еуропа жағалауы «Рұм елі» яғни «рұмдықтардың елі» деп атала бастады. Өйткені Анадолы жағалауы негізінен түбегейлі түрде түріктердің қол астына өткен еді. Басқаша айтқанда, он бірінші, он екінші және он үшінші ғасырларда Анадолы жері «Рұм яки Ұрым» деп аталса, он төртінші ғасырға келгенде Чанаккале мен Ыстанбұл/Босфор бұғаздарының Еуропа жағы «Рұмелі» деп аталды. «Рұм» атауының «Эрзу-Рұмнан» (яғни «Рұм жері») «Рұмеліге» ауысуы Анадолы түбегінің түріктенгендігінің басты белгісі болып табылады.

Сүлейман Пашаның Еуропаға аяқ басуы және Гелиболы түбегін бағындыруы туралы екі түрлі пікір бар. Османлы тарихшыларының деректеріне қағанда, Сүлейман Паша Кареси әмірлері Әже Бей мен Гази Фазылды қарсыдағы Чимпе қамалына тыңшылыққа жібереді. Олар қамалдың осал тұстарын анықтап, қайтып келеді. Осы мәліметтерге сай, Сүлейман Паша қарсы бетке екі мың кісімен өтіп, қамалды алады. Артынша айналадағы басқа да ұсақ қамалдарды басып алады. Осыдан кейін қоршауда қалған Гелиболу қаласының текфуру яғни басшысы өзі беріледі. Осылайша түбек түріктерге қарайды.

Ал Византия тарихшыларының деректеріне қарағанда, Сүлейман Пашаның Еуропаға аяқ басуы Византия империясының ішкі соғыстарымен байланысты еді. Атап айтқанда Император Кантакузин өз мүддесі үшін түріктермен одақ құруда еді. Оның алғашқы одақтасы Айдын бейі Гази Умур болатын. Бірақ Орхан Ғазының аймақта күшеюі императорды онымен одақ құруға итермеледі. Орхан Бейге қызын берген Кантакузин түріктерден көмек сұрады. Осы көмекке барған күшдің қол басшысы ретінде Сүлейман Паша Еуропаға үш рет жорық жасады.

Бірінші жолы Сүлейман Паша императордың өтінішіне сай, 1349 жылы он мың әскермен Еуропаға өтіп, Болгарияға қарсы жорыққа аттанды. Византия сапында соғысқан түріктер болгарларды Софияға дейін қуып тастады. Екінші жолы 1350 жылы Сүлейман Паша жиырма мыңдық қолмен Рұмеліге аттанды. Алайда бұл екі жорықта да түріктер тұрақты түрде Еуропада қалмады. Үшінші жолы 1352 жылдың жазында Димотик бекінісінде Византия императоры Кантакузин мен қарсыласы Иоан Палеологтың әскерлері арасында үлкен шайқас болды. Палеологтың жағында серб және болгар жасақтары, ал Кантакузин жағында Сүлейман Паша бастаған Османлы түріктерінің әскерлері болды. Османлы түріктері шайқастың нәтижесін өздерінің пайдасына шешті. Осыдан кейін түріктер Болгарияға тағы да басып кіріп, оның оңтүстік аймақтарын тонап, үлкен олжамен қайтты.

Осы үшінші жорықта түріктер бұғаздың қарсы бетіндегі Чимпе бекінісін басып алды. Бұл бекініс түріктердің Еуропадағы алғашқы әскери базасына айналды. Император Кантакузин аймақта түріктердің күшеюінен алаңдап, Орхан Беймен Балкандағы Византия жерлерін түріктердің басып алуына жол бермеу туралы келіссөздер бастады. Тіпті түріктердің түбектен кетуі және Чимпе қамалын босатуы үшін Орхан Бейге төлем ретінде 10 000 дукат ақша ұсынды. Алайда Сүлейман Паша төлемді қабылдаудан бас тартты. Өйткені бекініс Осман түріктеріне өз әскерлерін Кіші Азиядан Балқанға еркін өткізуге мүмкіндік беретін. Басқаша айтқанда, қамалдың стратегиялық маңыздылығы зор еді. 1354 жылы наурызда Фракия яғни Рұмелідегі күшті жер сілкінісінен кейін Сүлеймен Паша үш мың әскерімен Чимпе қамалынан шығып, Дарданеллдің ең тар бөлігін күзететін Византияның ең үлкен бекінісі Галиполиді басып алды. Осылайша Сүлейман Паша Еуропаның қақпасын Османлы еліне ашып берді.



Ұқсас жаңалықтар