Жаниклі Тәжеддин Бей

Түркі өркениетіндегі ұлы тұлғалар - 40

1329546
Жаниклі Тәжеддин Бей

Мұсылман түріктердің Кіші Азияны яғни Анадолы түбегін өзіне бағындырмастан бұрын бұл жердің христиан әлемінің маңызды оралықтарының бірі болғандығы белгілі. Он бірінші ғасырдан бастап Түркістаннан бұл аймаққа көшіп келе бастаған түріктердің ықпалымен бұл жер исламдана бастады. Бұл үдеріс алдымен ішкі Анадолыда жүзеге асты. Ал теңіз жағалаулары негізінен христиан болып қала берді. Бұл жерде Анадолының батысында Византия, солтүстік шығысында Трабзон және оңтүстікте Киликия христиан мемлекеттері өз болмыстарын көп уақытқа дейін сақтап қалды. Дегенмен, Селчуклы билігі әлсіреген он үшінші ғасырдың соңы және он төртінші ғасырда аймақта құрылған түрік бейліктері христиан мемлекеттерінің Ислам дінін қабылдауына және түріктенуіне өз үлестерін қосты. Атап айтатын болсақ, жалпылама аты Жаник Бейліктері болып аталатын кішігірім мемлекеттер солтүстік шығыс Анадолының түріктенуінде маңызды рол ойнады. Бұл бейліктердің арасында Тәжеддинұлдары Бейлігі, Бафра Бейлігі, Құбатұлдары Бейлігі, Ташанұлдары Бейлігі, Құтлұшахтар Бейлігі және Хажыәмірұлдары Бейлігі бар. Осы бейліктердің ішінде шоқтығы биік ел Тәжеддинұлдары Бейлігі болып табылады. Олай болса бүгінгі бағдарламамызда осы бейліктің негізін қалаушы Жаниклі Тәжеддин туралы сөз қозғаймыз.

Ұлы тұлғамыздың ата тегі туралы көп мағлұмат жоқ. Кейбір ғалымдар оның Селчуклы әулетімен туысқандық қатынасы бар деп есептейді. Тәжеддин Бейдің әкесі Әмір Доғаншах, кейбір деректерде Доғанжық,  белгілі түркімен мырзасы болған. Он төртінші ғасырдың алғашқы жартысында өмір сүрген Доғаншах Бей Анадолыда Елхан билігі құлағаннан кейін дербес әрекет ете бастайды. Ол кезеңде өңірде Еретна Бейлігінің ықпалы зор болатын. Ұлы тұлғамыздың әкесі Еретна Беймен алдымен Амасияға таласады. Амасияны жаулап алса да, 1341 жылы қаланы тастап кетуге мәжбүр болады. Никсар қаласына шегінген Доғаншах Бей ол жерді өзінің астанасы қылып бекітеді.  1346 жыл бейліктің құрылған жылы болып саналады. 1348 жылы Доғаншах Бей қайтыс болғаннан кейін оның орнына ұлы Тәжеддин Бей шығады.

Тәжеддин Бей «Жаник аймағы» ретінде танымал Самсун мен Орду арасындағы өңірде ықпалды күшке айналды. Бұл жерлерде оғыздың чепни руының көп болуы бейліктің негізін осы ру қалыптастырғандығын көрсетеді. Осы жағдайға байланысты ұлы тұлғамыз «Жаниклі Тәжеддин Бей» болып атала бастады. Бейліктің орталығы Никсар қаласы болса да, оның шекаралары кейде Келкит, Амасия, Самсун, Орду, Гиресун және Трабзонға дейін созылып жатты. Тәжеддин Бей Амасия әмірі Хажы Шадгелдінің билігін мойындады. Сонымен бірге Еретнаұлдарына салық төлеп тұрды.

1370-жылдардың соңына қарай Еретна бейлігінің әлсірей бастауымен ол жерде  оғыздардың салур руы Қазы Бұрханеддин Бейдің көшбасшылығында өз шаңырақтарын көтерді. Қазы Бұрханеддиннің аймақтағы күшінің артуы Тәжеддин Бейге де әсер етті. 1379 жылы көктемде Никсарға шабуыл жасаған Қазы Бұрханеддин мен Еретна бейі Алаадин Алидің біріккен қолын жеңген Тәжеддин Бей Еретна Бейлігіне салық төлеуді тоқтатты және 1379 жылдан бастап тәуелсіз ел ретінде әрекет ете бастады. Ал Еретна Бейлігінің Никсарға ұйымдастырған екінші шабуылына көршісі Хажы Шадгелдінің көмегімен тойтарыс берді. Алайда, 1381 жылы Хажы Шадгелді мен Тажеддин Бейдің біріккен күштері  Токаттың Данишмендие ауылы маңында болған шайқаста Қазы Бұрханеддиннен жеңіліп қалды. Сол жылы Қазы Бұрханеддин Еретна Бейлігін ыдыратты. Осы кезде Тәжеддин Бей Токат әміршісі Сейиди Хұсаммен қосылып, Ақшехирге яғни бүгінгі Ерзинжанға шабуыл жасап, ол жерді тонады. Басқаша айтқанда, ұлы тұлғамыздың айы оңынан туды.

Осы жағдайға байланысты Трабзон Комненосы Тажеддин Бейге жақындауға күш салды. III. Алексиос өзінің қызы Евдокияны Тәжеддин Бейге тұрмысқа берді. Осылайша Тәжеддин Бей мен Трабзон мемлекеті арасында одақ құрылды. Евдокияны алғаннан кейін, Тәжеддин Бейдің үстемдік аймағына Лимнияға дейінгі жерлер қарады. Бұл оның аймақтың мықты қолбасшыларының бірі екенін көрсетеді.

Қазы Бұрханеддин көрші бейліктерді жазалау үшін сарбаздарды жіберіп, ру басшыларын өз жағына алуға тырысқан кезде жағдайдың нашарлағанын көрген Тәжеддин Бей оған достық ұсынды, бірақ оң жауап ала алмады. Қазы Бұрханеддин Турхалға шабуыл жасап жатқанда, қауіптің өзіне жақындап келе жатқанын түсінді де, Данишмендие ауылының көрнекті адамдарының бірі ақсақал Шейх Нұсретті елші етіп Қазы Бұрханеддинге жіберіп, жорықтарды тоқтатуын сұрады. Алайда бұл ұсыныс та қабылданбады.

Қазы Бұрханеддин 5000 адамдық әскермен Тәжеддин Бейдің аумағына кіргенде, ұлы тұлғамыз көрші бейліктен Әмір Ахметтен көмек сұрайды. Екі одақтас 7000 сарбаздық қол жинап, қарсы әрекетке өтті. 1386 жылдың көктемінде болған шайқаста Қазы Бұрханеддин жеңіске жетіп, Тәжеддин Бей пен Әмір Ахмед әрең қашып құтылды. Бұдан кейін Тәжеддин Бей шейх Нұсреттің баласын Қазы Бұрханеддинге елші қылып жіберді. Қазы Бұрханеддин бұдан былай Әмір Ахмедпен ешқашан одақтас болмайтын болса, ымыраға келетінін мәлімдеді. Осыдан кейін Тәжеддин Бей Қазы Бұрханеддинге барып, мойынсұнып, оның билігін мойындады.

Дегенмен Тәжеддин Бей Қазы Бұрханеддинмен күресін тоқтатпады. Ол  Сунисаға қашып барып, Әмір Ахмедпен кездесіп, ортақ жауларына қарсы жаңа шаралар қолдануға тырысты. Мұны естіген Қазы Бұрханеддин Тәжеддин Бейдің территориясына кіріп, Никсарды қоршауға алды. Қорғаныс күштерінің жеңіліске ұшырауымен, Никсар қаласы тоналды. Осыдан кейін Тәжеддин Бейдің бағыты Хажыәмірұлдары бейлігі болды. Бейліктегі билік таласын пайдаланып, олжалы болғысы келген ұлы тұлғамыз сол жорықта 1386 жылы қайтыс болды.



Ұқсас жаңалықтар