Жандарұлы Сүлейман Паша

Түркі өркениетіндегі ұлы тұлғалар - 39

1328955
Жандарұлы Сүлейман Паша

1309 жылы Кастамонудағы Чобан әулеті Жандарұлы Сүлейман Пашаның қарамағына өткеннен соң Жандар Бейлігінің дәуірі басталған болды. Бұл әулет бір жарым ғасыр бойы солтүстік Анадолы аймағында маңызды мемлекет болды. Олай болса бүгінгі бағдарламамызда Жандарұлы Сүлейман Бей мен оның әулеті туралы сөз қозғаймыз.

Бейліктің тарихына тоқталмастан бұрын «жандар» сөзі туралы айта кетуіміз керек. Бұл атау бүгін Түркі әлемінің түкпір-түкпірінде жер және ру аты ретінде қолданылады. Атап айтқанда, құмық халқының құрамында «жандар» руы және қазақтың қоңыратының ішінде көктіңұлынан тарайтын байлар-жандар руы бар. Бұл жандардың Анадолыдағы Жандар бейлігімен қаншалықты қатысы бар екендігін анықтау қиын. Бірақ қоңырат елінің құмықтардың мекені солтүстік Кавказды билеген Алтын Орда мемлекетінде ықпалды болғандығын және Анадолыны билеген Елхандар құрамында да қоңыраттардың болуы мүмкін деген ықтималды ескерсек, бұл атауға ие рулардың бір-бірімен туысқан екенін айтуға болады. Елхан билеушісі Гейхатудың Жандар Шәмседдин Яманға Анадолыда Эфлани аймағын беруі де бұл болжамды күшейтеді.

Алайда бұл сөздің төркініне қарайтын болсақ, түрік тілінде жарияланған Ислам Энциклопедиясының берген мәліметі бойынша, «Парсы сөзі «жан» яғни «қару» және «дар» яғни «ұстаған» сөздерінен құралған «жандар», басқаша айтқанда «қару ұстағандар» - Карахан, Ғазнауи, Ұлы Селчуктар, Хорезмшах, Әюби және Мәмлүк сияқты түрік мемлекеттерінің сарайларында қызмет ететін тұлға. Жандар кең өкілеттіктерге ие маңызды шенеунік болып табылады.»

Анадолы селчуктарында «жандар» деп аталатын атты әскерлер күзет бөлімшесі болды. Сұлтан I Алааддин Кейқұбад таққа шыққанда, оның 120 жандардан тұратын күзет жасағы болған. Жандарұлдары бейлігінің негізін қалаушы ретінде қабылданатын Шәмседдин Яманның «жандар» деген лақап атын ескерсек, оның Анадолы Селчуктерінде «жандар» қызметін атқарғандығын айтуға болады. Осы пікір-таластарға байланысты Жандарұлдарының қай рудан шыққандығы нақты белгілі емес.

Жандарұлы Сүлейман Бей 1308 жылы әкесі Шәмседдин Яманның орнына өтті. Ұлы тұлғамыздың басқа Анадолы бейлерінен өзгеше «паша» атағын да қолданғаны белгілі. Сондықтан кейбір деректерде ол «Сүлейман Паша» болып өтеді. Эфланиде біраз уақыт отырған Сүлейман Паша 1309 жылы Кастамону мен Сафранболуды басып алып, аймағын кеңейтті және бейліктің орталығын Кастамонуға көшірді. Кейін Синопты да өзіне қаратып, ол жерді басқаруды ұлдарының бірі Ибрахим Бейге, ал Синопты екінші ұлы Әли Бейге берді. Бейліктің ықпалы артқанымен, Сүлейман паша Елхан билігін мойындады және оларға салық төлеп тұрды. Тек 1327 жылы Анадолының әкімі Темірташтың билігінің аяқталуы және 1335 жылы Елхан Әбу Саидтің өлімінен кейін шыққан дүрбелеңді пайдаланған Сүлейман паша өзінің тәуелсіздігін жариялады. Оның осы кезден бастап соқтырған теңгелерінде «әс-Сұлтану әл-Ағзам» атағын қолдануы -бұның айқын дәлелі.

Сүлейман Паша көршілері Византия, Османлы және Таджеддинұлдарына қарсы теңгерімді саясат жүргізді және Батыс пен Орталық Анадолыны жаулап алуға әрекет жасамады. Дегенмен де, дереккөздерде оның замандасы Орхан Газимен келіспеушіліктер болғанын білдіреді. Османлылар мен Жандарұлдарының үнемі шапқыншылықтарына ұшыраған Византиялықтар Османлыларға қарсы Жандар ұлдарының қолдауын алғысы келді. Осы мақсатта Измит әміршісі христиан татар Ноғай арқылы Сүлейман пашаға бейбітшілік ұсынды. Алайда Сүлейман паша Византия қамалдарына жорықтарын тоқтатпады. Сүлейман паша кезеңінің ең үлкен жетістігі Синоптың бейліктің құрамына алынуы болды. Осы жеңістен кейін Қаратеңіз саудасын жүргізген генуялықтармен байланыс орнатылды.

1331-1332 жылдар аралығында Сафранболу мен Кастамону өңірлерін аралап қайтқан саяхатшы Ибн Баттута Сүлейман Пашаның абыройлы және айбатты билеуші ​​болғанын жеткізеді. Ұлы тұлғамыз айналасына ғалымдар мен елге сыйлы адамдарды жинайды екен. Ибн Баттутаны құрметпен қарсы алған Сүлейман Паша оған бір асыл тұқымды сәйгүлік пен қымбат киімдер сыйға тартқан. Саяхатшы сұлтанның әр күні түстен кейін екінті намазынан кейін қабылдау рәсімін ұйымдастыратындығын және жұма сайын жамағатпен сәлемдесу рәсімін жасайтындығын айтады. Сол кезеңнің тағы бір тарихшысы Өмери дәл осындай ақпаратты жеткізеді. Сонымен қатар, Кастамонуда 25000 жылқы бар екенін және асыл тұқымды жылқылар мен бірге бүркіт және қырандардың да бағылатынын айтады. Бұл мәліметтерден Жандар Бейлігінің экономикалық тұрғыдан мықты құрылымы және дамыған мемлекеттік ұйымы бар екендігі байқалады. Сүлеймен Паша 1341 жылы қайтыс болғаннан кейін оның ісін ұрпақтары жалғастырды және бейлік он бесінші ғасырдың соңына дейін өмір сүрді. Османлы падишахы Фатих Сұлтан Мехмет кезінде бейлік толықтай жойылды.  

Қорыта айтқанда, таулы жерде орналасқан Жандарұлдары Бейлігі Анадолы бейліктерінің арасында Қараманұлдарынан кейінгі ең ұзақ өмір сүрген әулет болып саналады. Тарих бойынша бейлік жақсы экономикалық жағдайда болды. Себебі Қаратеңіздегі ең жақсы порт қалаларының бірі Синоп осы бейліктің қолында еді. Басқаша айтқанда, солтүстік-оңтүстік сауда жолы Жандарұлдарының бақылауында болды. Бейліктің негізгі экспорт тауарлары мыс пен темір болды. Сондай-ақ асыл тұқымды жылқылар және аң аулайтын құстарымен танымал Кастамону өңірі бұл ерекшелігін Османлы кезінде де сақтап қалды. Жандарұлдары кезеңіндегі сәулет жұмыстарының арасында Кастамонудағы Ибн Неккар мешіті, Сафранболудағы Гази Сүлейман Паша мешіті, Көдүрім Байезид мешіті және Синоптағы сарай мен Ибраһим Бей және оның ұлы Исмаил Бей мешіті, медресе, кітапхана бар.



Ұқсас жаңалықтар