Инанчұлы Мехмед Бей

Түркі өркениетіндегі ұлы тұлғалар - 26

Инанчұлы Мехмед Бей

Он үшінші ғасырдың алғашқы шейрегінде Түркістан мен Иранда Хорезмшах мемлекетінің ыдырауымен бірге Анадолыға жаңа бір көш легі келді. Әсіресе Иран аумағында отырған оғыздар моңғолдардан қашып Анадолының батысына орналаса бастады. Осы көштің себебінен аймақта жаңа бейліктер құрылды. Осы бейліктердің бірі және бірегейі бүгінгі Денизли өңірінде құрылған Ладик Бейлігі немесе басқа бір атымен Инанчоғлы Бейлігі болды. Бүгінгі бағдарламамызда осы бейліктің негізін қалаушы Мехмед Бей мен оны ұрпақтары туралы сөз қозғаймыз.

Он үшінші ғасырдың ортасына қарай моңғол шапқыншылығынан қашып шыққан түрікмендер Селчуклы сұлтандарының билігіндегі Анадолыны кесіп өтіп мемлекеттің ең батысындағы Латик, Хоназ және Даламан аймақтарына орналаса бастады. Бұл кезде Денизли-Анталя аймағы «ұш бейлер» немесе «шекара бейлері» деп аталатын Әседуддин Аяз және Мүбарижуддин Ертоқуш деген түркімен бейлерінің қарамағында болатын. Селчуклы сұлтаны І Ғиясуддин Кей Хұсрау бұл жерге Инанчұлы Мехмед Бейді «ұш бей» деп тағайындады. Бірақ осыдан кейін Инанчұлы Мехмед Бейдің Селчуклы билігімен қатынасы шиеленісе түсті. Бұның себебі Селчуклы сұлтандарының барған сайын Құлағудың ұрпақтарына бағынышты болуы болатын. Ақырында 1261 жылы Мехмед Бей мен інісі Ілияс, күйеу баласы Али Бей, қолбасшылар Севинч және Салур Селчук сұлтаны IV Қылышарсланға қарсы көтеріліс бастады. Осы жылдан бастап, тарихта Инанчұлдары әулеті немесе Ладик Бейлігі дербес бейлік болып саналады.

Дегенмен Инанчұлы Мехмед Бейге тәуелсіздігін сақтап қалу оңай болмады. Селчуклы және Елхандық біріккен қолы жаңа бейлікті қайта бағындыру үшін жорыққа шықты. Осы кезде жас бейліктің басшылары екіге бөлінді. Мехмед Бей бастаған топ соңына дейін соғысамыз десе, күйеу баласы Али Бейдің жағы Селчуклы сұлтанының билігін мойындауды ұсынды. Ақырында, 1262 жылы Ұлыборлы деген жерде болған шайқаста Инанчұлдары жеңіліске ұшырады. Сол шайқаста бейліктің негізін қалаған Мемхмед Бей де қайтыс болды. Оның орнына орталық билік бейліктің басына Али Бейді тағайындады.

Али Бей негізінен Селчуклы және Елхандық сұлтандарға бағынышты саясат жүргізді. Бірақ та орталық биліктің барған сайын әлсіреуі және аймақта қауіпсіздікті қамтамасыз ете алмауы бүліктердің басталуына себеп болды. 1276 жылы Хатырұлдары және 1277 жылы Қараманұлдары Селчуклы сұлтандарына қарсы көтеріліс бастады. Тіпті сол жылы болған Жимри оқиғасы яғни Қараманұлы Мехмет Бейдің Кония қаласын басып алып, өзіне бағынышты Селчуклы сұлтанын таққа шығаруы Инанчұлдары әуетіне де жігер берді. Оның үстіне Мысыр мен Сирияны билеген Сұлтан Байбарыстың Анадолыға шабуыл жасауы да Елхандықтардың абыройына нұқсан келтірді. Қысқасы сол 1277 жылы Али Бей өз тәуелсіздігін жариялады. Бірақ бұл жолы да Селчуклы және Елхандық біріккен қол бейлікті қайта бағындырды. Бұл бағыныштылық он жылға созылды.

1290 жылы орталық биліктің бассыздығына қарсы аймақта ірі көтеріліс басталды. Бұл көтеріліске Гермиянұлдары мен Ментеше әулеті қолдау көрсетті. Бұл көтеріліске Инанч бейлігінің қатысып қатыспағандығы белгілі емес. Десе де  1292 жылы әулеттің өкілі Инанч Бейдің Денизлиде әмірші болып тағайындалғанына қарағанда, Инанчұлдары бұл көтеріліте Селчуклы жағында болды деген болжам жасауға болады. 1336 жылға дейін билікті өз қолында ұстаған Инанч Бей әулеттің көркеюіне жағдай жасады. Негізінде осы Инанч Бейдің ықпалына байланысты әулет Иначұлдары деп аталады.

Он төртінші ғасырдың басында Инанчұлдары Батыс Анадолыдағы Гермиянұлдарымен бақталасып өтті. Сонымен қатар, Хамидұлдары, Ментешеұлдары және Айдынұлдары аймақтағы ең қуатты бейліктер болып саналатын. Инанчұлдарымен бұл бейліктердің қатынасы әр түрлі болды. Шын мәнінде Инанчұлдары бейлігі бұл әулеттердің ең маңызды адам ресурсы мен материалдық базасына айналды. Әсіресе Ментешеұлдары мен Айдынұлдары тарихына қарасақ, олардың кейбір кезеңде Денизлиде үстемдік еткендігі байқалады. Алайда, бұл – үстемдік емес, экономикалық және саяси ынтымақтастықтың бір көрінісі болып табылады. Инанч Бей өз күшін Елхандарға бағынышты болуынан алатын. Ол 1326 жылдан бастап Елханлы билігі құлағанға дейін  бұрын Доңызлы болып аталған Денизли аймағы әміршісі болып қызмет етеді. 1333 жылы саяхатшы Ибн Баттута Денизлиге келіп, Инанч Беймен кездеседі. Денизлидің дамыған әлеуметтік және экономикалық өмірін жеткізетін Ибн Баттута Ахилер туралы да ақпарат береді.

Инанч Бей 1336 жылы қайтыс болғанда, оның ұлы Мұрат Арслан Бей оның орнын басады. Мұрат Арслан Бей ғылыми зерттеулерді қолдайды және түрік тілінде кітаптар жазуға қолдау көрсетеді. 1362 жылы Мұрат Арслан қайтыс болғаннан кейін орнына ұлы Ысқақ Бей өтеді. Ол да ғылыми зерттеулерге мән беріп, медресе салдырады. Оның медресесі XVI ғасырға дейін қызмет етеді. 1368 жылы Инанчұлдары бейлігі аймақта елеулі күшке айналған Гермиян әулетінің билігін мойындайды. Десе де 1391 жылы Османлы сұлтаны Йылдырым Баязид Денизлиге келген кезде Ысқақ Бей онымен кездескен.

Қорыта айтқанда, Инанчұлдары әулеті Анадолы тарихының маңызды бір бөлшегі екендігінде дау жоқ. Олар Хамид, Гермиян, Айдын және Ментеше бейліктерімен тығыз қарым-қатынаста болған. Бұл аймақтың түріктенуінде және Исламдануында бейліктің маңыздылығы өте жоғары. Әсіресе Инанч әулеті бейлерінің түрік тілінде кітап жазуды қолдаулары түрік тілінің дамуына айтарлықтай үлес қосқан. Сол кезде жазылған түрікше тәпсірлер күнімізге дейін жетіп отыр.



Ұқсас жаңалықтар