Қараманұлы Мехмет Бей

Түркі өркениетіндегі ұлы тұлғалар - 25

Қараманұлы Мехмет Бей

Анадолы мен Балқан түбегінің түріктенуінде Селчуклы әулетінің еңбегін жоққа шығара алмаймыз. 1077 жылы Изникте сұлтан атағын алып өз шаңырағын көтерген Құталмышұлы Сүлейман Шахтан 1308 жылы қайтыс болған соңғы сұлтан Месутқа дейін шамамен екі жүз отыз жыл бойы Селчуклы әулеті жаңа жерді түріктердің еліне айналдырды. Сонымен қатар Селчуклы сұлтандарына қоса, басқа түрік бейлері де Анадолының түркілесуіне үлес қосты. Өмір сүрген кезеңіне қарай Анадолы бейліктерін екіге бөлеміз. Бірінші топта 1071 жылы болған Малазгирт шайқасынан кейін құрылған бейліктер болса, екінші топта Селчуклы билігінің әлсіреуіне себеп болған 1243 жылғы Көседағ шайқасынан кейін құрылған бейліктер бар. Бірінші топтағы бейліктердің арасында Құталмышұлы Сүлейман Шахтың жаңа мемлекетінде маңызды рол ойнаған Данишменд, Мәңгүжек, Салтық, Артық және Ахлатшах сияқты бірқанша әулет бар. Ал Көседағ шайқасынан кейін құрылған бейліктер Қараманұлдары, Инанчұлдары, Ментешеұлдары, Гермиянұлдары және басқалары еді. Бұл бейліктер Селчук әулетінің әлсіреген кезеңінде дербестіктерін жариялап, өз қол астындағы жерлерде өздеріне тән түрік мәдениетін қалыптастырды. Сондықтан бұл бейліктердің әрқайсысына тоқталуымыз керек. Осы орайда ең алдымен еске түсетін бейлік Қараманұлдары бейлігі. Олай болса, бүгінгі бағдарламамызда осы бейліктің негізін қалаушы Қараманұлы Мехмет Бейдің өміріне тоқталамыз.

Ұлы тұлғамыз Анадолы үшін қиын кезең болып саналатын он үшінші ғасырдың ортасында өмір сүрген. Оғыздардың афшар елінен шыққан. Қараманұлы бейлігінің негізін қалаған негізгі рулар: Тургутлы, Байбуртлы, Оғызханлы, Хожа Юнуслу, Хожантили, Бозқырлы, Боздоған, Игир, Бедили және Йувалылар. Олардың ішінде Тургутлылар Караман бейлігінің тарихында маңызды рөл атқарды. Қараманұлы Мехметтің аталары моңғол шапқыншылығынан бұрын Иран жерін қоныстанған болатын. Моңғолдардың қысымымен олар алдымен Сивас өңіріне қоныс аударады. Ұлы тұлғамыздың аталары он үшінші ғасырдағы Анадолыдағы ең маңызды оқиға Баба Ысқақ көтерілісіне де қатысады. Қараманұлы Мехметтің ұлы атасы Нұреддин Бей Баба Ысқақтың шәкірті болып табылады.

1256 жылы Анадолы жері ІІ Іззеддин Кейқауыс пен IV Қылышарслан арасында бөліскеннен кейін өңірдегі түрікмен елдерінің дербестігі күшейе түсті. Осы орайды пайдаланған ұлы тұлғамыздың әкесі Қараман өз бейлігінің негізін қалады. 1261 жылы IV Қылышарслан тақ таласын жеңіп шыққаннан кейін өз жақтастарын арттыру мақсатында Қараманға «бей» атағын беріп, оның ағайындарын қызметке тарта бастайды. Қараман Бей әсіресе аймақтағы армяндарға қарсы Селчуклы сұлтанының одақтасына айналады. 1263 жылы армяндармен болған соғыста жарақаттанып қайтыс болған Қараман Бей Силифке мен Анамур жерлеріндегі көптеген қамалдардың алынуына үлес қосты. Бірақ Қараман Бей қайтыс болғаннан кейін IV Қылышарслан оның ағайындарын қамауға алды. Бұның себебі олар аса қуаттанып сұлтанның билігіне қауіп төндіреді деген секем бар еді. Бірақ көп өтпей IV Қылышарсланның өзі де қайтыс болды да оның орнына сәби баласы ІІІ Кей Хұсрау шықты. Дегенмен нақты билік уәзір Перваненің қолында шоғырланды. Осы кезден бастап, Қараманұлы Мехметтің аты шыға бастады.

1276 жылдан бастап ұлы тұлғамыз өз жерін Ақтеңізге қарай кеңейте бастады. Тіпті ол аймақтағы моңғолдарды да қуып шықты. Артынша оған қарсы жорық ұйымдастырған моңғолдардың тың қолын жеңіліске ұшыратып, атағы асқақтай түсті. 1277 жылы Мысыр Мәмлүк сұлтаны Байбарыстың моңғолдарды жеңгенін естіп, Селчуклы тұқымы Алааддин Сиявушты қасына алып, Конияға басып кірді. Бұл кезде уәзір Перване Елханлы ханы Абақаның сарайына кеткен болатын. Осы орайды пайдаланған Мехмет Бей өзінің қарамағындағы Алааддин Сиявушты Анадолы Сұлтаны ретінде таққа шығарды. Өзі де уәзірге айналды. Билікке келген Қараманұлы Мехмет Бей түрік тілінің мәртебесін көтеру жолында көп еңбек атқарды. Осы кезеңнен бастап, мемлекет басқару тілі ретінде түрік тілі парсы тілін ығыстыра бастады.

Қараманұлы Мехмет Бей 1277 жылы Абақа ханның Анадолыға жіберген қолымен Мұт ауылы жақынында болған соғыста қайтыс болады. Десе де оның ұрпақтары Мехмет бейдің ісін әрі қарай жалғастырып, уақыт өте келе Қараман Бейлігі Анадолының ең қуатты еліне айналады. Он төртінші ғасырда Анадолыдағы бейліктер Селчуклы мұрасы үшін таласа бастайды. Бұл күресте әсіресе Қараман Бейлігі мен Османлы Бейлігі арасындағы текетірес ұзаққа созылады. 1487 жылы ең соңында Қараман әулеті Османлыларға бағынды. Екі ғасыр жалғасқан бұл бақталастықта ақырында Османұлдары жеңімпаз болып шықса да, Қараман әулеті Анадолы тарихындағы өзінің ізін қалдырады.

Қорыта айтқанда, Қараманұлы Мехмет Бей және оның ұрпақтары бүгінгі Түркияның қалыптасуында маңызды рол ойнады. Қараман қаласы және оның айналасындағы қамалдар он үшінші, он төртінші және он бесінші ғасырларда түрік өркениетінің ошағына айналды. Анадолы түрік тілінің негізін қалаған атақты Юнус Әмре осы өңірде өмір сүрген. Сол кездің өзінде аймақта 41 ірі мешіт, 82 ұсақ мешіт, 17 медресе, l кітапхана, 5 дәргей және 12 басқа да ғибадатхана болған. Әсіресе, ұлы тұлғамыздың тіл туралы жарлығы әлі күнге дейін түріктердің жадында сақталған. Жарлықтың жарияланған он үшінші мамыр Түркия Республикасында түрік тілі күні ретінде аталып өтеді. Қараманұлы Мехмет Бейдің осы тарихи шешіміне алғыс ретінде бүгін Қараман қаласында оның атында университет құрылған.



Ұқсас жаңалықтар