Сөкмен әл-Құтби Ахлатшах

Түркі өркениетіндегі ұлы тұлғалар - 24

1281994
Сөкмен әл-Құтби Ахлатшах

Малазгирт шайқасынан кейін Шығыс Анадолыда құрылған және маңызды Түрік мәдениетін қалыптастырған әулеттердің бірі Ахлатшахтар болатын. Олардың қалдырған мұралары Анадолы Түрік өркениетінің ең көркем үлгілерінің бірі болып табылады. Олай болса бүгін осы бейлікті құрған Сөкмен әл-Құтби және оның ұрпақтарына тоқталамыз.

Сонымен, Ахлатшах әулетінің негізін қалаушы Сөкмен әл-Кутби болып табылады. Ол Әзірбайжанның Селчук әулетінің өкілі Құтбұддин Исмаил Еларсланның қарамағындағы мәмлүктердің бірі болғандықтан «әл-Құтби» лақабын алған. 1095 жылы Селчук билеушілері арасындағы ​​күреске қатысқан Құтбұддин Исмаил Еларслан қайтыс болғаннан кейін ұлы тұлғамыз сұлтанның ұлы Мәудудтың қызметіне кірді. Алайда 1102 жылы Мәудудтың күтпеген жерден қайтыс болуымен, Әзірбайжандық Селчук әулеті тұқымы жойылды. Бұдан кейін Сөкмен әл-Құтби басқа бейлермен бірге сұлтан Мұхаммед Тапардың қызметіне өтті. Бұл кезеңде Тапар мен Беркярук арасындағы билікке талас жүріп жатқан болатын. Осы тақ таласы 1104 жылы бітіммен аяқталды. Осылайша он екі жылға созылған және империяны әлсіреткен ұзақ күрес аяқталды. Сол жылы Тапар Мосул қаласы әміршісі Чөкүрмішке қарсы жорыққа атанғанда Сөкмен әл-Құтби де қала қоршауына атсалысқан болуы керек. Сонымен қатар ұлы тұлғамыз 1107-1108 жылдардағы жорықтардың барлығына қатысқан болуы ықтимал. Келесі жылы Сөкменнің Мосулдағы тағы бір бүлікші әмірші Жаулының көзін жоюға да үлес қосқаны белгілі.

Әзірбайжан Селчуклы әулетінің нақты қай жерде билік құрғаны белгісіз болса да, олардың қарамағында Тебриз, Мерент, Маку және Хой сияқты қалалардың болғандығын айтуға болады. Абдул-Фиданың пікірінше, Ахлаттың тұрғындары Маруан әулетінің қатыгездігінен шаршап, әділдігі мен даналығымен таныла бастаған Сөкмен әл-Құтбиді 1100 жылы шақырып, қаланың билігін оған тапсырған. Осы мәліметке байланысты, Ахлатшах бейлігінің құрылған жылы осы 1100 жыл болып саналады. Бірақ Әзірбайжанның Селчуклы билеушісі сұлтан Мәудут әлі тірі болғандықтан, ұлы тұлғамыз қаланы соның атынан басқарғанында күмән жоқ. Екінші жағынан, Ибн-и Эзракдың айтуынша, Алпсарлан Малазгирттегі шайқастан кейін Ахлат пен Малазгиртке өз қолбасшыларын әкім ретінде тағайындай бастаған. Жоғарыда айтылғандай, Сөкмен әл-Құтби Сұлтан Мұхаммед Тапарға жақсы қызмет еткендіктен, 1111 жылы Тебриз, Ахлат, Силван және басқа да қалалар осы адал қызметтің сыйы ретінде ұлы тұлғамызға берілген.

Ибн Әл-Езракдың айтуына қарағанда, Сөкмен әл-Құтби 1109 жылы Маяффарикке қаласын ұзын қоршаудан кейін өзіне қаратқан. Ол бұл қаланы басқаруды мәмлүк Қызоғылдың қолына берген. 1111 жылы мұсылмандар крестшілер жаулап алған қалалардан Бағдадқа келгенде, Сұлтан Мұхаммед Тапар Алтынтегиннің ұлы Мәудудтың қолбасшылығында крестшілерге қарсы қалың қол жіберді. Бұл қолдың сапында Сөкмен әл-Құтби де бар болатын. Алайда бұл қол Урфаны былай қойғанда Газиантеп маңындағы кішкене қамал Тел-Бүрширді қырық бес күн қоршап ала алмады. Қол Халебке келгенде Сөкмен әл-Құтби ауырып қалады. Ауруы барған сайын үдеп, ақырында ұлы тұлғамыз Евфрат жағалауындағы Бәліс қаласында 1111 жылы қыркүйек айында қайтыс болды. Сөкмен әл-Құтбидің денесі өз елі Ахлатқа жеткізіліп, сонда жерленді. Белгілі болғандай, ұлы тұлғамыз Тебриз, Ахлат, Эржиш, Адилжеваз, Маяафарикин, Малазгирт, Муш, Ван, Баргири және Вестан қалаларын басқарған. Сонымен қатар Ахлат пен Тебриз арасындағы басқа қалаларды да билегендігін айта аламыз. Бүгінгі Ирандағы Хой қаласының батыс бөлігіндегі Сөкменабад қаласы ұлы тұлғамыз тарапынан немесе оның құрметіне салынғаны болжануда. Сөкмен әл-Құтбидің Инанч Хатун деген әйелі де Ахлатшахтардың тарихында маңызды рөл атқарған.

Ұлы тұлғамыздың орнына оның ұлдарының бірі Захируддин Ибрахим келді және 1127 жылы қайтыс болғанға дейін осы лауазымда қалды. Ибрахим әлсіз тұлға болғандықтан, нақты билік оның анасы Инанч Хатунның қолында болды. Оның қателіктеріне байланысты Сұлтан Мұхаммед Тапардың әйелі Гаухар Хатун Тебриз және Әзірбайжан Селчуклы әулетіне қарасты басқа да көптеген жерлерді алып қойды. Бұдан басқа, Сұлтан Тапар 1115 жылы Маяффарикке қаласын Ибрахим Ахлатшахтан тартып алып, басқа әміршіге берді.

Ахлатшах бейлігі тарихында IІ Сөкменнің ұзақ билігі сөзсіз бейліктің алтын кезеңі болды. Грузияға қарсы бірнеше шайқастан басқа, Ван көлінің айналасы тұрғындары елу жеті жылдай бейбітшілікте өмір сүрді. IІ Сөкмен Ахлатшах 1138-39 жылдарда бүлікші және жауынгер Сасун деген әміршінің тұтқынында болды. Бірақ ол Артық әулетінің билеушісі Хусамеддин Теміртастың бастамасымен босатылды. Бірақ көп ұзамай ІІ Сөкмен 1174 жылы Сасунлар қамалдарын үш жыл бойы қоршауда ұстап өз кегін алды. Тіпті Амар ұлы Асад деген тарихшының деректеріне қарағанда, Сөкмен шабуылынан кейін Сасунлар әулеті қайта қалпына келе алмай ыдырап кетті. Ал олардың жерлері Ахлатшахтарға өтті. Осылайша II Сөкмен бұл жетістіктері арқасында бейлігін күшейте түсті. Осы кезеңде Ахлатшахтар Артық әулетімен құда болып, одақ құрды.

Он екінші ғасырда Ахлатшах бейлігі аймақтағы ең бай елге айналды. Тіпті оның байлығы тек қана Мысырмен ғана салыстырылатын еді. Дегенмен, сол дәуірде салынған мешіт, медресе, керуенсарай және т.б. құрылыстар заманымызға дейін жетпеген. Бұның себебі табиғи апаттар, әсіресе жер сілкіністері және шапқыншылықтар болуы мүмкін. Ахлатшах өркениетінен тек тасжазбалар ғана сақталған. II Сөкмен және оның мұрагері Бектемірдің теңге соқтырғаны анықталып отыр. Ахлат халқының түрік және парсы тілдерінде сөйлегендігі белгілі. Қорыта айтқанда, ол кезеңде Ахлат қаласы Бағдаттан кейінгі ең дамыған сауда мен мәдениет орталығына айналды.



Ұқсас жаңалықтар