Данишменд Гази
Түркі өркениетіндегі ұлы тұлғалар - 16
Он бірінші ғасырдың соңғы ширегі Анадолының түркіленуінің тұрғысынан маңызды кезең болып табылады. 1071 жылы болған Малазгирт шайқасынан бұрын және кейін бұл өңірге көптеп түрік рулары келе бастады. Бұл түрік рулары Ислам дінін қабылдап, «түркімен» яғни «түрік мүмин» және «түрік мұсылман» деген ат алған оғыздар болатын. Малазгирт шайқасынан кейін Анадолының түркілену үдерісіне көптеген түрік бейлері үлес қосты. Бұл бейліктердің бір бөлігі 1071 жылдан кейін құрылған болатын. Бұл кезеңдегі бейліктердің көпшілігі орталық биліктің күшеюімен қатар Селчуклы сұлтанының қарамағына өтті. Осы алғашқы кезеңдегі бейлердің ең ықпалдысы Данишменд Гази еді.
«Данишменд Гази» ұлы тұлғамыздың лақап аты болып табылады. Ал шын аты кейбір деректерде Ахмет ал кейбір деректерде Мехмет болып өтеді. Толық аты деректерде «Мәлік Муаззам Данишменд Гази бин Али Түркмени», «Әбу Насыр Ахмет әл Тоғани» немесе «Данишмент Тайлы әл Түркмени» ретінде өтеді. Бұл жердегі «Данишменд» лақабы қазақша айтқанда «данышпан» дегенді білдіреді. Бұл лақап оның оқу жазуды білуі және ақылды шешімдер қабылдауына байланысты берілген. Ибнүл Кемал деген ғалым «Кешфүл Акабе» деген еңбегінде ұлы тұлғамыздың Хорасаннан келген данышпан ғалым екендігін жазады. Ал «гази» деген атақ «ғазауат» деп аталатын Ислам дінін жаю соғысына қатысып, соғыстан аман-есен қайтқан әскерлерге беріледі. Бұл ұғым бүгінгі қазақ тіліндегі «ардагер» деген сөздің діни мағынаға ие синонимі болып табылады. «Данишменд» және «гази» сөздерінің көбірек қолдана басталуына қарағанда, түріктердің бұл кезеңде бір жағынан парсы тілінен әсерленгенін, енді екінші бір жағынан Ислам дінінің өте ықпалды болғандығын байқаймыз.
Орта ғасырдың ең сенімді тарихшыларының бірі Ибнул Әсир Данишменд Газидің түрікмендерге тәлім беріп, уақыт өте келе билікке келгенін айтады. Бұл мәлімет «ол бәлкім түрік болмаған шығар» деген пікірдің пайда болуына себеп болады. Оның үстіне ұлы тұлғамызың оғыздардың қай руынан екендігінің белгілі болмауы да бұл күмәнді күшейтеді. Тіпті кейбір ғалымдар оны Ислам дінін қабылдаған армян деп есептейді. Бірақ Ғаффари, Аксараи және Мүнежжимбашы тәрізді тарихшылардың айтуынша, ол түрікмен әулеттен шыққан. Крестшілер жорығы және өз дәуірінің тарихы туралы ақпарат берген ең маңызды тарихшылардың бірі Альбертус Аквенсис және 12-ғасырдағы Сур бас эпископы Уиллермус Тиренсис өз еңбектерінде Данишменд әулетін түрік деп сипаттайды. Деректерде ұлы тұлғамыздың «Түркмени» деп аталуы да бұның бір дәлелі.
Ибн Хамдун және Иззеддин ибн Шеддад ұлы тұлғамызды Анадолы Селчуклы мемлекетінің негізін қалаушы Құталмышұлы Сүлейман Шахтың нағашысы деп сипаттайды. Түрік ел билеу дәстүрінде құдалардың ерекше орны болғандығы белгілі. Мысалға, Көк түріктер қағанатында бас уәзір болып саналатын Тоңықұқ Білге Қағанның қайнатасы еді. Сол секілді Моңғол империясында да Шыңғыс ханның нағашысы қоңыраттардың жоғары беделге ие болғандығы мәлім. Осыған қарағанда Құталмышұлы Сүлейман Шахтың нағашысы Данишменд Гази жаңа мемлекетте өте ықпалды болғандығын айта аламыз.
Атақты тарихшы Рашидеддин өзінің «Жамиғаттауарих» еңбегінде Данишменд Газидің Малазгирт шайқасында жеңіске жетуде маңызды рөл ойнағандығын жазады. Бұл дерекке сәйкес, Сұлтан Алпарслан Византия императоры Ромен Диогеннің ұсынылған бітімді қабылдамауынан кейін Артық, Салтық, Мәңгүжүк, Данишменд, Жаулы және Шәуілдір деген қолбасшыларын жинап, олардан шайқас туралы пікірлерін сұрайды. Сонда Данишменд былай деген екен: «Бүгін сәрсенбі. Бүгін соғыспай кері қайтайық. Бүгін және ертең қару-жарақтарымызды дайындайық. Зәмзәм суымен кебіндерімізді жуып әзірленейік. Жұма күні азаншылар «Я Рабби! Ислам әскерлеріне жеңіс бер!» деп жар салғанда, ықыласпен аллахулап, кәпірлерге қарсы аттанайық. Егер шайқаста шейіт болсақ, бұл бір ғанибет, ал жеңіске жетсек, ол бір олжа!» Осы сөздерден кейін Сұлтан Алпарслан және қолбасшылар кері қайтып, белгіленген күні тәкбір айтып, жауға тиіп, жеңіске қол жеткізеді.
Данишменд Газиге Малазгирт шайқасынан кейін Сивасты жаулап алу тапсырмасы беріледі. 1071 жылы ұлы тұлғамыз Сивасты жаулап алып, онда өзінің бейлігінің негізін қалайды. Данишменд Гази 1080 жылға дейін қарамағындағы Шәуілдір, Тұрсын, Қаратоған, Османжық, Елтекин және Қаратекин деген қолбасшыларымен Токат, Никсар, Зиле, Амасия, Кайсери, Девели, Заманты, Элбистан және Чорумды бағындырады. Осылайша ұлы тұлғамыз жаңа мемлекеттегі ең ықпалды бейге айналды. Ол өз атынан теңге соқтырған алғашқы әмір болды.
Данишменд Гази өз өмірін аттың үстінде өткізсе де, Анадолының сәулет өнерінің дамуына да өз үлесін қосты. Ол 1074 жылы Токат қаласында Гариплер мешітін салдырған. Анадолыдағы ең ескі түрік мешіті саналатын Гариплер мешіті сәулет тұрғысынан Бухара маңындағы Хезаре қыстауындағы Дегарон мешітіне ұқсайды. Орта Азиялық түрік архитектурасы Гариплер мешітімен осы аймаққа келген болды және бұл 16-шы ғасырдың классикалық Османлы сәулетінің қайнар көзіне айналды.
Ұлы тұлғамыз 1084 жылы жорықта қайтыс болып, Никсар қамалындағы кесенеге жерленді. Ол кесене әлі күнге дейін «Мәлік Гази кесенесі» деп аталады. Ол қайтыс болса да, оның ұрпақтары жаңа мемлекетті құру ісіне белсенді түрде қатыса берді. Данишменд бейлігі 1178 жылға дейін дербестігін сақтады. Десе де оның бізге қалдырған ең үлкен мұрасы Данишменднаме дастаны болып табылады. Дастанда ұлы тұлғамыздың өмірі, соғыстары мен ерліктері баяндалады. Бұл дастан Анадолының түркілену үдерісін түсіну үшін маңызды дерек болып саналады.
Ұқсас жаңалықтар
24 қараша – Мұғалімдер күні
Қоғамымыздың білім алуында үлкен жауапкершілігі бар мұғалімдеріміздің әрқашан жанындамыз.