II Ғияседдин Месут

Түркі өркениетіндегі ұлы тұлғалар - 14

1253625
II Ғияседдин Месут

Ұлы дала елі Алтын Орда мен Анадолыдағы түрік мемлекеттерінің арасындағы байланыс Селчуклы кезеңінен бастау алады. Алтын Орда мен Елхан мемлекеті арасындағы текетірес және Орда мен Мәмлүктер арасындағы одақтастық Анадолының маңыздылығын арттырған болды. Бұл байланыс Османлы кезеңінде де жалғасын тапты. Селчуклы кезеңінде тақтан айрылған ІІ Іззеддин Кей Кауыс Қырым түбегіне Берке хан тарапынан әкім болып тағайындалғаннан кейін екі ел арасындағы қатынас үдей түсті. ІІ Іззеддин Кей Кауыстың ұлы II Ғияседдин Месут еліне оралып, билікке араласты. Олай болса, бүгінгі бағдарламамыз Селчуклы әулетінің соңғы билеушісі II Ғияседдин Месут туралы болмақ.

Ұлы тұлғамыз әкесінің тақ таласында жеңіліске ұшырап, Алтын Ордаға қашуға мәжбүр болуына байланысты Қырымда туған болуы мүмкін. Шамамен он үшінші ғасырдың ортасында туып, 1308 жылы қайтыс болған. Бір қызығы ұлы тұлғамыздың анасы да Алтын Ордадан болатын. Ол Берке ханның қызы Ұрбай ханым еді. Тағы бір қызығы Ұрбай ханымның шешесі Селчуклы сұлтаны атақты Алааддин Кейқұбаттың қызы болатын.

II Ғияседдин Месут төрт рет Анадолы Селчук мемлекетінің тағына шықты. Бірақ әр жолы інісі Мәлік Ферамурздың ұлы ІІІ Алааддин Кейқұбаттан жеңіліп, тақтан түсуге мәжбүр болды. Ұлы тұлғамыз ең алдымен 1281 жылы Византияның астанасы Константинопольге келді. Бұл кезде Селчуклы тағында сұлтан Ғияседдин ІІІ Кей Хұсрау отыр еді. Ұлы тұлғамыз Кастамону өңіріндегі түріктерді өз жағына тарта білді. Сосын II Ғияседдин Месут алдымен Синопқа, ол жерден Ерзинжанға барды. Сол қаладағы Елхан билеушісі Абақа ханға өзінің биліктен үмітті екендігін жеткізді. Бұл кезде Абақа хан сұлтан Ғияседдин ІІІ Кей Хұсраудың Анадолыдағы саясатына наразы болатын. Сондықтан 14 тамыз 1281 жылы Абақа хан Ғияседдин ІІІ Кей Хұсраудың орнына Қырымнан келген ұлы тұлғамызды таққа шығарды. Бұл жердегі Абақа ханның мақсаты жаңа сұлтанды Қараман әулетіне қарсы қолдау болатын. Бірақ та Қарамандықтар ұлы тұлғамыздың інісінің баласы ІІІ Алааддин Кей Құбатты өздеріне сұлтан деп қабылдады.

1282 жылы Елхан билеушісі Абақа хан қайтыс болды. Оның орнына Ислам дінін қабылдап «Ахмет» атын алған Құлағудың Түгелдер деген баласы таққа шықты. Абақа хан мен Ахмет Түгелдер ханның Мәмлүктермен және христиан әлемімен саясаттары мүлдем басқаша болса да, Анадолыда Түгелдер хан Абақа ханның саясатын жалғастырды. Осы себепке байланысты, Ахмет Түгелдер хан II Ғияседдин Месутты Селчуклы мемлекетінің билеушісі деп таныды.

Сұлтан II Ғияседдин Месуттың кезінде Анадолыдағы Елхандар мен Мәмлүктер арасындағы бақталастық жалғаса берді. Осы тұрғыдан қарағанда Абақа хан Сұлтан Байбарыстың Анадолыдағы түріктердің мұсылман болмыстарын өз мүддесіне сай қолдануына қарсы аймақағы христиандармен одақ құрған болатын. Ал Ислам дінін қабылдаған Ахмет Түгелдер хан Анадолыдағы түрік мұсылмандарды өз жағына тартуға тырысты. Алайда көп уақыт өтпей Ахмет ханға қарсы Арғын көтеріліс бастап, оны тақтан тайдырды. Арғын хан мұсылман емес еді, сондықтан өзінен бұрынғы Абақа ханның саясатын жалғастырды.

II Ғияседдин Месуттың таққа шығуымен өлтірілген Ғияседдин ІІІ Кей Хұсраудың әйелі Арғын ханмен жолығып, ұлдарына билік сұрады. Сонымен қатар Арғын ханның Анадолыдағы әкімдері Құлажу мен Гайхату Селчук елінің бұрынғыдай Қызылырмақ өзені боймен екіге бөлінуін ұсынды. Бұл бөлініске сай, астанасы Кайсері болған шығыс жақ II Ғияседдин Месутқа, ал астанасы Кония болған батыс жақ Ғияседдин ІІІ Кей Хұсраудың балаларына берілді. Ғияседдин ІІІ Кей Хұсраудың бәйбішесі балаларының билігін күшейту үшін өз аумағындағы бейлерді өз жағына тартуға тырысты. Осы мақсатта Қараман және Әшреф бейлеріне «наиб» және «беклербек» деген атақтар берді.

Бірақ 1286 жылы Сұлтан II Ғияседдин Месут батысқа шабуыл жасап, Конияны жаулап алды. Таққа мұрагер шахзадаларды өлтіртті. Осыған қарағанда Қараман бейлері мен Әшреф бейлерінің ұлы тұлғамызды дұшпан деп есептемегені байқалады. Алайда батыстағы Гермиян әулеті Сұлтан II Ғияседдин Месутқа қарсы соғыс бастайды. Бұл жағдайға Арғын хан да араласады. Сұлтан II Ғияседдин Месутты қолдаған Елхан билеушісі оған әскер беріп, тек Гермиян әулетіне ғана қарсы емес, Қараман әулетіне де қарсы соғысуды тапсырады. Өйткені Қарамандар Арғын ханның одақтасы Киликиялық Армян королдігіне тыныштық бермей жатқан болатын. Ақырында сұлтанның түркімен бейліктерімен соғысы 1288 жылы бітіммен аяқталды.

Ұлы тұлғамыз таққа шыққан 1282 жылдан 1297 жылға дейін он алты жыл бойы үздіксіз Анадолыны биледі. Сұлтан Месуттың Арғын ханның қарындасына үйленуі де оның билігін күшейте түсті. Алайда бұл кезеңде Анадолыда жекелеген бейліктердің билігі арта түсті. Сондықтан ұлы тұлғамыздың өмірі осы бейліктермен соғысумен өтті. Бұған қоса ғасырдың соңында Анадолы жері Елхан мемлекетінің бір бөлшегі ретінде көптеген көтерілістерке де куә болды. Құлағудың ұрпақтары тақ таласында Анадолыдағы түріктердің қолдауын алуға тырысты. Осындай көтерілістердің кезінде билігі әбден әлсіреген Селчук сұлтандары амалсыздан бұл көтерілістерді қолдауға мәжбүр болды. Сондықтан 1297 жылы шыққан көтеріліске қолдау көрсеткені үшін Сұлтан Месут Тебризге шақырылып, үй қамаққа алынды. Ал оның орнына ІІІ Алааддин тағайындалды. 1303 жылы қайта таққа шыққан Месут Конияда қайтыс болды.

 



Ұқсас жаңалықтар