Иззеддин Кей Кауыс

Түркі өркениетіндегі ұлы тұлғалар - 8-бөлім

1217448
Иззеддин Кей Кауыс

Он үшінші ғасырдың алғашқы ширегінде Анадолы мемлекеті ғылым, өнер және мәдениет тұрғысынан дами бастады. Бұның себебі бұл кезде мемлекет айтарлықтай орталықтанған болатын. Басқаша айтқанда, саяси тұрақтылық мәдени өркендеуге жол ашты. Осы кезеңге өз таңбасын қалдырған Селчуклы сұлтаны Иззеддин Кей Кауыс болды.

Ұлы тұлғамыз 6 Қараша 1180 жылы туып, 7 Қаңтар 1220 жылы қайтыс болған. Кей Кауыстың әкесі Селчуклы сұлтаны Кей Хұсрау болатын. Дәлірек айтқанда, ұлы тұлғамыз Кей Хұсраудың тұңғыш ұлы еді. Алайда оның шешесінің нақты кім болғандығы белгілі емес. Десе де, Кей Кауыстың туған жылына қарағанда, оның анасының византиялық емес, түрік болу ықтималдығы өте жоғары.

Кей Хұсрау 1192 жылы таққа шыққанда ұлы тұлғамыз он екі жас шамасында еді. Сондықтан ол нағыз ханзада ретінде тәрбиеленді. 1196 жылы әкесі тақтан кетуге және Византияны паналауға мәжбүр болғанда Кей Кауыс інісі Алааддин Кейкубат екеуі Конияда қалған болатын. Кей Хұсраудан тақты тартып алған ІІ Сүлейманшах Кей Кауыс пен Кей Кубатқа қаласа Конияда қалуларына, қаласа Константинопольге кетулеріне рұқсат береді. Ұлы тұлғамыз інісімен бірге әкесіне баруды жөн көреді.

1200-1204 жылдар аралығында Византияда болған ұлы тұлғамыз бұл жерден де көп нәрсе үйренеді. Жалпы Анадолы Селчуклы сұлтандарының византиялықтармен етене жақын қатынаста болғандығын ұмытпауымыз керек. Екі жақтың арасындағы дін айырмашылығы олардың бір бірімен құда-жекжат болуларына кедергі емес еді. Десе де, ұлы тұлғамыз ер жеткенше, Сейфеттин Аяба деген ғұламаның оның «атабегі» болғандығы белгілі.

1204 жылы II Сүлейменшах қайтыс болғаннан кейін ұлы тұлғамыздың әкесі Селчуклы тағына шығу үшін Конияға қарай жолға шықты. Алайда бұл кезде Крестшілер Константинопольді жаулап алғандықтан Византия мемлекетінің негізгі бөлігі Анадолы жағына ауған болатын. Кей Хұсрау Конияға жету үшін Изник императоры І Теодор Ласкаристің бақылауындағы аймақтан өтуі керек еді. Бірақ император осы орайды өзінің аумағын кеңейту үшін пайдаланғысы келді де, Кей Хұсраумен келісім жасады. Бұл келісімге сай, Изник императоры Кей Хұсрауға аумағынан өтуге рұқсат береді. Бұның есесіне Кей Хұсрау селчуклылардың қарамағындағы Ладик, Хонас деген сияқты қамалдарды қайтарады. Бұл қамалдар қайтарылғанға дейін сұлтанның балалары Кей Кауыс пен Кей Кубат Изникте аманат ретінде қалады. Осыдан кейін ғана Кей Хұсрау Конияға барып таққа шығады. Десе де, ұлы тұлғамыз бен інісі Хатиб Зекерия деген кісінің көмегімен Изниктен қашып кетеді.

Ұлы тұлғамыз 1204-1211 жылдарда Малатияда билік жүргізді. 1211 жылы бүгінгі Айдын аймағындағы Алашехир деген жерде түріктер мен Изник румдары арасында ірі шайқас болды. Бұл шайқаста Селчуклылар жеңіліске ұшырап, Сұлтан Кей Хұсрау шайқас алаңында өлді. Осыдан кейін таққа Кей Кауыс шықты. Алайда ұлы тұлғамыздың інісі Кей Кубат оның билігін мойындамай бүлік бастады. Кей Кубаттың одақтасы армян Киликия королі ІІ Ловон болатын. Бірақ түрік бейлерінің көпшілігінің Кей Кауысты қолдауы елдің тағдырын шешті. Ұлы тұлғамыз алдымен Кайсері мен Конияны алып, ІІ Левонды шегінуге мәжбүрледі. Осыдан кейін Кей Кубат Анкара қамалына қашып кетті. 1213 жылы қамалды алған Кей Кауыс інісін Миншар қамалына қамап тастады. Ұлы тұлғамыз інісін өлтіргісі келсе де, ұстазы Межуддин Исхақ бұның қате болатындығын айтып, райынан қайтарды.

Сұлтан Иззеддин Кей Кауыстың саясаты ішкі Анадолыны гүлдендіру болды. Өйткені Алашехир шайқасында Византия батыс Анадолыны өзіне қаратқан болатын. Осыған байланысты Селчуклы мемлекетінің орталығы шығысқа қарай ауды. Мемлекеттің астанасы Кониядан Сивасқа көшірілді. Кей Кауыс әкесінің саясатын жалғастырып, солтүстік пен оңтүстік арасындағы сауда жолдарының дамуына жағдай жасады. Кей Хұсраудың кезінде Қаратеңіз жағалауындағы Самсун қаласы алынған болатын. Ендігі кезекте Кей Кауыс 1214 жылы Синопты да жаулап, Трабзон корольдігін өзіне бағындырды. Бұл бағыныштылық 1243 жылғы Көседағ шайқасына дейін жалғасты. Бұл жеңісіне байланысты Аббаси халифасы Кей Кауысқа «Сұлтанүл Галип» яғни «жеңіс сұлтаны» деген атақ берді. Жеңістің құрметіне Синоп қаласында түрікше және румша жазылған ескертіш орнатылды. Рустам Шукуров деген ғалым Селчуклы сұлтандарының ата тектері мен істеріне қарап, жаңа мемлекеттің түркілік және византиялық негізі болды деген қорытынды жасайды.  

Оңтүстікте ұлы тұлғамыздың мақсаты 1211 жылы бүлік шыққан Анталияны қайта Селчуклы мемлектіне бағындыру болды. 1216 жылы Анталияны алған Кей Кауыс «екі теңіз сұлтаны» мағынасына келетін «сұлтанүл бахрейн» атағын алды. Сол жылы Селчуклы сұлтаны армян Киликия королдігін де бағындырып, Сирия мен Анадолы арасындағы сауда жолын өз бақылауына алды. Сауда жолдарының дамуының арқасында Анадолы Ислам мәдениеті ошағына айналды. Бұл кезеңде Анкара, Сивас сияқты қалаларда мешіт, медресе, ауруханалар салынды.

Сұлтан Кей Кауыстың оңтүстік шығыстағы мақсаты Әюбилердің қол астындағы Халеб қаласын алу еді. Осы мақсатта ұлы тұлғамыз екі жорық ұйымдастырды. Алайда бұл екі жорық та сәтсіздікпен аяқталды. Осы жорық барысында ауруға шалдыққан ұлы тұлғамыз Малатияда қайтыс болды. 1220 жылы өзі салдырған Дарушшифа ауруханасы ғимаратында жерленді. Ұлы тұлғамыздың баласы болмағандықтан, өлім төсегінде өзінен кейін таққа інісі Алааддин Кей Кубаттың шығуы керектігін өсиет етіп, оны тұтқыннан босатты.



Ұқсас жаңалықтар