Кония қаласы

Түркияда туризм - 24

Кония қаласы

Кония – Орталық Анадолыда орын алған бір қала... Түркияның тарихи және мәдени тұрғыдан ең маңызды орталықтарының бірі...

Түрік және Ислам әлемінің танымал ойшылдарының бірі Мәуланамен әлемге даңқы шыққан қала өте бай тарихқа ие. Аймақта қоныс аудару б.з.б. 9000 жылдары басталған деседі.

Қала орталығына жақын Чаталхөйүк қазірге дейін ашылған ең көне және жетілген неолитикалық дәуірдің тұрғын орталығы болып табылады. Жаһандық деңгейде алғаш рет астық мәдениеті, ауылшаруашылығы, көшпенді өмірден отырықшыл өмірге көшу және жабайы жануарлардың шабуылдарына қарсы ортақ қорғаныс жүйесін қалыптастырған бір орталық - Чаталхөйүк.

Бұрынғы кезеңдерде Хет, Фригия, Лидия, парсы және Македония корольдіктері Кония қаласында билік орнатқан. Кейін римдіктер мен арабтар қаланы билеген. Түріктер Анадолыға келгенде алдымен Селчук мемлекеті, кейін Османлы мемлекеті қаланы өз жеріне қосқан.

Қазіргі таңда Кония қаласы көптеген өркениеттің өндіріс пен құрылыс техникасы арқылы салынған өнер туындыларына қонақжайлық жасауда. Б.з.б. 3 мың 500 жылдарына тиесілі қасиетті орындардың қалдықтарын кездестіруіңіз мүмкін. Сондай-ақ Анадолының ең көне христиан тұрғын аймағы мен бұрынғы шіркеулері тағы осы жерде.

Селчук мемлекетінің бас қаласы болған Кония сондай-ақ Ұлы Жібек жолы бағытында орналасқан маңызды бір қоныс және сауда орталығы болатын. Ислам өркениетімен байланысты жүздеген туынды мен танымал Ислам ғұламалары білім алып, мекендеген бір қала.  

Анадолы Селчук мемлекетін билеген сұлтандар, уәзірлер және маңызды тарихи тұлғалардың кесенелері, қорлар тарапынан салынған тарихи ғимараттар, мешіттер мен медреселер Конияда орын алады.

13-ғасырдың белгілі ақыны, дінтану ғалымы және Мәулеви сопыларының пірі деп аталған Мәулана Джелаледдин-и Руми өмір сүрген мекені мен кесенесі де осында.

Мәулана дүниеден озғанына жүздеген жыл өткеніне қарамастан бүкіл әлемде адамзатқа жасаған шақырулары және ойларымен әлі еске алынуда. Оның шығармалары ондаған тілге аударылды. Қала орталығындағы Мәулана кесенесі мен мұражайы осы тұрғыдан аса маңызды. Мәулеви сопылық мектебі, сопылар қонған орындар мен сема рәсімі орындары қамтылған мұражай алаңына барғандар «Шеб-и Арус» (той кеші) хауызы мен мешітін де аралау мүмкіншілігіне ие. Мұражайда сондай-ақ Мәулана мен Мәулеви сопыларының шығармалары мен қолжазба кітаптарын, тұпнұсқа парақшаларын, шамшырақтар мен музыкалық аспаптарын көруге болады.

Мәулана мұражайында арнайы бір кітапхана да құрылған. Кітапханада Селчук, Караманоғуллары және Османлы кезеңінің 4 мыңнан астам кітабы мен қолжазба шығармалары орын алады. Осы шығармалар толығымен сандық жүйеге негізделіп, зерттеушілердің қызметіне ұсынылған.

Кония – мешіттер, керуен сарайлар және медреселер қаласы... Мәулананың рухани дүниесін өзгертуге үлкен ықпал еткен Ислам ғұламасы Шемс-и Тебризидің атымен салынған мешіт, Ипликчи мешіті, Шерафеттин мешіті, Шейх Садреттин Коневи мешіті, Алааддин мешіті, Азизийе мешіті осылардың ең маңыздылары. Осы мешіттердің әрқайсысы арнайы ерекшеліктерге ие.

Каратай медресесі, Индже Мұнара мешіті, Сырчалы Медресе, Обрук Хан, Зазадин Хан, Памукчу Хан, Сахибата комплексі, Мехмет Паша комплексі Конияда орналасқан және аралаған кезде сізді өткен ғасырлардың тарих беттеріне апаратын туындылардың бірнешесі ғана.

Кония Еуропаның ең үлкен тропикалық көбелек бағына ие. Шамамен 8000 текше метрлік бақта құрылған табиғи ортада ондаған көбелек пен тропикалық өсімдік түрі бар.

Кония-Силле бұрынғы христиандық кезеңнің маңызды орталығы. Анадолының алғашқы шіркеулерінің бірі ретінде 300 жылдары салынған Ая-Элена шіркеуі осында орналасқан.

Кония бүкіл осы ерекшеліктерімен жылына 3 миллионнан астам жергілікті және шетелдік туристке қонақжайлық жасауда.

Конияға баратын болсаңыз, Мәулана Мәдениет Орталығында сема рәсімін тамашаламай, Алааддин төбесіне көтерілмей, етті экмек (етті нан), бамия сорпасы, фырын (пеш) кәуабы сияқты дәмді тағамдардан татпай қайтпаңыздар!



Ұқсас жаңалықтар