II Сүлейман Шах

Түркі өркениетіндегі ұлы тұлғалар - 7

1203354
II Сүлейман Шах

1156-1192 жылдар аралығында билік жүргізген Анадолы Селчуклы сұлтаны ІІ Қылыш Арсланның 1186 жылы елін тоғыз баласы, інісі және немере інісіне бөліп бергендігі белгілі. Осы он бір мұрагер арасында тақ таласы басталған еді. Ең алдымен 1192 жылы ІІ Қылыш Арсланның Сивастағы ұлы Құтбеддин Мәлікшах Конияға келіп, әкесінен тақты тартып алады. Бұған Боргулу мен Күтахия аймағын билеп тұрған Кей Хұсрау қарсы шығып, ақырында Мәлікшахты Кониядан қуып шығып өзін сұлтан деп жариялайды. Алайда Токаттағы бауыры Рукнеддин Сүлейменшах Кей Хұсраудың билігіне мойындамай оған қарсы шығады. 1196 жылы Сүлейменшах басқа ағайындармен келісіп Конияға шабуыл жасайды. Төрт ай жалғасқан қоршаудан кейін екі жақ келісімге келіп, осы келісімге сай Кей Хұсрау тақтан бастартады. Сегіз жыл ғана тақта отырған Сүлейман Шах Анадолы Селчуклы мемлекеті үшін көп еңбек сіңіреді. Олай болса, бүгінгі бағдарламамызды осы ұлы тұлғамыздың өмір жолын қарастырамыз.

Ұлы тұлғамыздың қашан туылғандығы белгісіз. Ал қайтыс болған жылы 1204 жыл. Толық аты – Рукнеддин Сүлейман Шах. Тарихшылар ұлы тұлғамызды Анадолы Селчуклы мемлекетінің негізін қалаған Құталмышұлы Сүлейман Шахпен шатастырмау үшін оны шартты түрде ІІ Сүлейман Шах деп атайды. Ұлы тұлғамыздың әкесі ІІ Қылыш Арслан он екінші ғасырдың екінші жартысына өз таңбасын қалдырған маңызды тұлға болып табылады.

Тарихшылар арасында ІІ Қылыш Арсланның бірінші ұлының кім екендігі туралы ортақ пікір қалыптаспаған. Түрік ел басқару жүйесіне сай әдетте бірінші ұлдың таққа отыру құқығы көбірек болады. Анадолы Селчуклы мемлекетінде таққа мұрагерлердің бірінен соң бірі шығуы бұл сұраққа жауап беруді қиындатады. Мысалға, кейбір тарихшылар Кей Хұсрауды тұңғыш ұл деп есептейді. Өйткені әкесі оны мұрагер деп жариялаған. Бірақ та Құтбеддин Мәлікшахтың әкесінен тақты тартып алуы оның түрік бейлері тарапынан қолдау көргендігінің белгісі. Демек, Құтбеддин Мәлікшахтың да тұңғыш ұл болу ықтималы бар. Дәлірек айтқанда, Әбүл Феда деген ортағасырлық тарихшы оны Қылыш Арсланның бірінші ұлы деп жазады. Осы тұрғыдан қарағанда ІІ Сүлейман Шахтың да жақтастарының көп болуы оның да бірінші ұл болуы мүмкін деген пікірді қалыптастырады. Мысалға, тарихшы Чарльз Кэвли ұлы тұлғамызды Қылыш Арсланның бірінші ұлы деп санайды.

1186 жылы мұра бөлісі болғанда ІІ Сүлейман Шахқа Токат аймағы тиген болатын. 1192 жылы үдей түскен тақ таласында ұлы тұлғамыз қақтығысқа кірмеуге тырысты. Мысалға, сол жылы Қылыш Арслан Кей Хұсрауды өзінің мұрагері деп жариялағанда, сұлтанның басқа ұлдары және көптеген бейлер Сүлейман Шахтың айналасына жиналып, оның қол бастауын сұрады. Бірақ ұлы тұлғамыз әкесіне қарсы шығудың дұрыс емес екендігін ойлап, тақ таласына араласпады.

Кей Хұсраудың билігі кезінде ағайындардың арасында соғыс жалғаса берді. Құтбеддин Мәлікшах бауыры Нүреддин Сұлтаншахты айламен өлтіріп, Қайсерині жаулап алды. Алайда Құтбеддин Мәлікшах келесі жылы ауырып қайтыс болды. Осы орайды пайдаланған Сүлеймен Шах Мәлікшах пен Сұлтаншахтың иеліктерін өзіне қаратып,  күшейе түсті. Содан кейін ол басқа ағайындары Насреддин, Беркярукшах, Низамеддин және Аргуншахқа шабуыл жасап, оларды да бағындырды. Никсар мен Амасия Сүлейман Шахтың иелігіне өтті. Анкараның иесі Мухиддин Месуд және басқа ағайындылары да ұлы тұлғамыздың билігін мойындады. Осылайша, Сүлейман Шах іс жүзінде Кей Хұсраудан күшті болып шықты. Енді осы жағдайдың ресми түрде расталуы керек еді. Сондықтан 1196 жылы ұлы тұлғамыз Конияға шабуыл жасап, билікті өз қолына алды.

Сұлтан Сүлейман Шах Анадолының бірлігін қалпына келтіру үшін күресін жалғастырды. Ең алдымен, 1199 жылы Армения королі ІІ Левонға қарсы жорыққа шығып, оны өзіне бағындырды. Артынша, Малатия әміршісі Кайсершахқа шабуыл жасап, ол жерді де жаулап алды. 1200 жылы Харпуттағы Артуклу бейлігін ыдыратты. Сонымен қатар, Ерзурумдағы Салтуклу Бейлігін де Анадолы Селчуклы мемлекетіне қаратты.

Ұлы тұлғамыздың шығыстағы басты мақсаты Грузия королдігін басып алу еді. Бұл кезде Грузияда Тамара патшайым билік құрып тұрған. Сүлейман Шах Тамара патшайымға хат жолдап, оның Селчуклы билігін мойындауын талап етті. Бірақ Тамара Селжук елшісін құр алақан қайтарып, соғысқа дайындала бастады. Қолбасшы Давит Сосланның басшылығымен грузин қолы шығыс Анадолыға жылжыды. 1202 жылы екі жақтың әскері Ерзурум маңындағы Мижингерд қамалы маңында қарсыласты. Алайда бұл шайқаста түріктер жағы көптеген себептерге байланысты жеңіліске ұшырады. Сұлтан Сүлейман Шахтың аты құлап, Селжук жағында үлкен дүрбелең болды. Ерзинжан әміршісі Бехрамшах тұтқынға түсті. Кейіннен түрік жағы ол үшін бодау төлеп, оны құтқарып алды.

Сүлейман Шах алдымен Ерзурумға шегініп, кейін Конияға қайтып кетті. Бірақ, Грузия мен Анадолы Селжук мемлекеті арасындағы соғыс жалғасты және грузиндер 1203 жылы Карсты басып алды. Грузия жорығынан қайтып келген соң, ұлы тұлғамыз қарымта шабуылға дайындала бастады. Алайда сұлтан 1204 жылы екінші Грузия жорығына бара жатқан жолында қайтыс болды. Оның орнына үш жасар баласы ІІІ Қылыш Арслан шығады. Бірақ Кей Хұсрау 1205 жылы Конияға келіп, билікті өз қолына алады. Кей Хұсрау Сүлейман Шахтың Анадолыны күшейту саясатын жалғастырады.

 

 



Ұқсас жаңалықтар