Иран Шахы Тахмасп Сафеви
Түркі өркениетіндегі ұлы тұлғалар - 50
1501 жылы Исмайыл Сафевидің Тебриз қаласында өзін шах деп жариялауымен, Иран мемлекеті қайта жандана бастады. Шах Исмайылдың 1514 жылы Османлымен болған Чалдыран соғысынан кейін саясаттан кетуіне байланысты Иран мемлекеті дағдарысқа ұшырады. Бірақ Сафеви әулетін билікке әкелген қызылбастар Шах Исмайылдың жас ұлы Тахмаспты таққа шығарды. Шах Тахмасптың ұзақ уақыт билікте қалуы Иран мемлекетінің құрылымдық жағынан күшеюіне себеп болды. Олай болса бүгінгі бағдарламамызда Сафеви әулетінің екінші билеушісі Тахмасп туралы сөз қозғаймыз.
Ұлы тұлғамыз 22 ақпан 1514 жылы туып, 14 мамыр 1576 жылы қайтыс болған. Әкесі жоғарыда атап өткеніміздей Иран мемлекетін құрушы Шах Исмайыл. Шешесі болса, түркімен руы Маусыллудан шыққан Шах Бегі ханым немесе басқаша атымен Тәжлі ханым болып табылады. 1524 жылы он жасында Сафеви әулетінің Шахы болып таққа шығады. Бірақ жастығына байланысты нақты билік қызылбастар одағының өкілдерінде болады. Атап айтқанда билік рұмлы руынан шыққан «атабек» яғни шах уәкілі Дәу Сұлтанның қолында болды. Оған қоса, текелі руынан Чуха және ұстажлы руынан Көпек ықпалды әмірлер болды.
Алайда әмірлердің арасында ауызбіршілік болмауына байланысты елдің бірлігі жоғала бастады. Дәу Сұлтан қарсыласы Көпекті биліктен ығыстыру үшін Чухамен одақ құрды. Осылайша, ел ішінде бүлік басталды. Хорасан мен Ауғаныстандағы әмірлердің барлығы осы ішкі тартысқа қатысты. Сондықтан өзбектер Хорасандағы бірнеше қаланы басып алды, тіпті Герат қаласын да өздеріне қаратты. Ал Үндістанда Бабур және оның ұрпақтары Кандагар қаласына дейін өз жерлерін кеңейтті.
Ирандағы ішкі соғыс кезінде алдымен Дәу Сұлтан мен Чуха Көпекті және оның руы ұстажлыны биліктен кетірді. Осыдан кейін Дәу Сұлтан мен Чуха өзара қырқыса бастады. Ақырында 5 шілде 1527 жылы жас падишах Тахмасп Чуханың кеңесімен Дәу Сұлтанды сарайына шақырып, садақпен атып өлтірді. Осылайша 1527 жылы Иранда текелі руы мен Чуханың билігі орнады. Бұл кезеңде Чуханың билігінің күшейгені соншалық, Шах Тахмасп тек қағаз жүзінде ғана билеуші саналды. Іс жүзінде барлық шешім Чуха тарапынан қабылданатын.
Дегенмен, 1529 жылы Чуха сұлтанның абыройы айрандай төгілген маңызды оқиға болды. Сол жылы Шах Тахмасп та қатысқан үлкен шайқас болды. Сафеви қолы Гератты жаулап алған өзбек ханы Убайдуллаға қарсы жорыққа шықты. Екі жақ Мешхет қаласы түбінде қарсыласты. Өзбек жағы сан жағынан басым еді. Қызылбастардың оң қанатына қолбасшылық жасаған Чуха өзбектердің көптігінен қорқып қаша жөнелді. Ал сол қанатты басқарған шамлу руының көсемі Хүсейін шабуылға өтіп, тіпті Убайдуллах ханды жаралап, өзбектерді шегінуге мәжбүрледі. Осы оқиғадан кейін Шах Тахмасп Чуха сұлтаннан бастап текелі руы өкілдерін өлтіру туралы бұйрық берді. Текелі руының үстемдігі шамлу руының билігімен алмастырылды.
Чуха өлтірілгеннен кейін ең ықпалды әмірші ретінде Хүсейін алға шықты. Тура Чуха сұлтан сияқты Хүсейін де Шах Тахмасптың билігін елемей, барлық шешімдерді өзі қабылдап, барлық маңызды мансаптарға шамлы руының өкілдерін тағайындай бастады. Ең соңында Хүсейін сұлтан Әзібайжанға шабуыл жасаған османлылармен ауызжаласты деген айыппен Шах Тахмасп жақтастары тарапынан өлтірілді.
Шамлы руының көсемі Хүсейіннің өлтірілуі қызылбас одағы руларының үстемдік дәуірінің аяқталғанын білдірді. Хүсейін сұлтан өлтірілген 1533 жылдан бастап Шах Тахмасп билікті өз қолына алды десек болады. Осы кезеңнен бастап, Сафеви билігі орталыққа шоғырланып, ру басыларының билігі шектеле бастады. Ирандағы өз билігін орнықтырған Шах Тахмасып ендігі кезекте Кавказдағы Ширваншах әулетіне шабуыл жасап, бұл әулеттің билігін жойды. Осылайша, Сафевилердің билігі Оңтүстік Кавказ аймағын қамтыды.
Шах Тахмасптың Иранды ретке келтіру кезеңінде аймақта Иранды қосқанда негізгі төрт мемлекет қалыптасты. Біріншісі, өзбектер Мәуренахрда өз мемлекеттерін орнықтырды. Сафевилер өзбектермен кейде соғысып, кейде бітісіп тұрды. Негізінен шекара бүгінгі Түркімен Сахра болып белгіленді. Герат қаласы Иранның Хорасанға ашылған қақпасына айналды. Екіншісі, Үндістанда Бабырдың ұрпақтары Моғол империясын құрды. Шах Тахмасптың кезінде Бабырдың ұлы Хумаюн Сафевилерден қолдау сұрап келді. Шах Тахмасп Хумаюнның шиіттікті қабылдауы шартымен көмек көрсетеді. Иранның қолдауын алған Хумаюн Бабырдың құрған империясын қайта қалпына келтіреді. Үшіншісі, Сафевилердің негізгі бақталасы Анадолы, Балқан түбегі және араб әлемін бағындырған Османлы империясы болды. Бұл бақталастықтың негізінде тек геосаяси текетірес ғана емес, идеологиялық айырмашылық та бар еді.
Сафеви әулеті құрған Иран мемлекетінің идеологиялық негізі шииттік Ислам түсінігі болатын. Ал Османлы мемлекеті Ислам әлемінің шекаралас аймақтарына Ислам дінін тарату идеологиясымен, нақтырақ айтқанда жихат мен ғазауат түсінігімен құрылған еді. Осыған байланысты Османлыларлың алғашқы сұлтандары «ғазы» атағымен танымал. Бұл идеология Явуз Сұлтан Сәлімнің 1517 жылы мәмлүктерден «халифат» атағын алуымен күшейе түсті. Османлы «халифатының» миссиясы христиан әлеміне Ислам дінін тарату болып белгіленді. Ал Сафеви мемлекеті орналасқан аймақта Иранның мұсылман емес көршісі жоқ еді. Осы жағдай Иранды билеген түрік әулеттерінің шиіттік Ислами болмысын одан әрі күшейте түсті.
Шах Тахмасп Османлылармен 1532-1555 жылдар аралығында бірнеше рет соғысты. Ақырында екі жақ 1555 жылы Амасия келісімшартымен бітімге келді. Сол кезеңде келісілген шекара бүгінге дейін Иран мен Түркия арасында сақталып тұр.