Еуропадағы қазақтар және олардың тарихы

Тарих айдынында - 23

864356
Еуропадағы қазақтар және олардың тарихы

Бүгінгі «тарих айдынында» сұхбатымызда, Еуропада өмір сүріп жатқан қазақтар және олардың тарихына тоқталмақпыз. Бүгіндері сандары төрт мың мөлшерінде болған Еуропа қазақтарының көпшілігін 1961 жылы Түркия мен Германия арасында еңбек күшін алмасу келісіміне сай Түркиядан Еуропаға барған қазақтар құрайды. Олар қазір Еуропаның Австрия, Германия, Франция, Голландия, Италия, Швеция, Швейцария, Ұлыбритания сынды елдерінде өмір сүреді.

Қазақ диаспорасының тарихына көз жүгірткенімізде, Еуропа елдеріне бірінші барып өмір сүрген қазақтың көрнекті мемлекет қайраткері және Алаш жетекшілерінің бірі Мұстафа Шоқай екенін байқаймыз. Шоқай 1921 жылы Франция астанасы Парижге зайыбы Мариямен бірге барған. Жиырма жыл өмір сүріп, 1941 жылы 27 желтоқсанда өмірден озған. Одан ұрпақ қалмаған. Оның бейіті Берлин қаласында. 2010 жылы Парижде тұрған үйінің қасында оның атында саябақ ашылып, мүсіні қойылған.

Мұстафа Шоқайдан кейін Еуропаға төрт қазақ жасының барғанын көреміз. Олар Әзімбек Бірімжанов, Дамолла Битілев, А.Мұңайтпасов және Қазыбеков еді. Бұлар 1922 жылы Түркістан мен Бұқара Халық Республикаларынан Германияға оқуға жіберілген елу сегіз студент қатарында барып кейін елге қайтқан еді.

Бұдан кейін дүниежүзілік екінші соғыс кезінде Кеңес армиясы қатарында қазақ жауынгерлерінің Еуропа елдеріне келгенін көреміз. Бұлардың ішінде нацисттердің қолына тұтқын түсіп, Түркістан Легионының құрамында болған мыңдаған қазақ Сталиннің өздерін ішінде ату жазасы да бар ауыр жазаларға үкім ететіндігінен алаңдап Еуропа елдеріне қалып қояды. Өкінішке орай бұлардың көпшілігі бізге қазір беймәлім.

Олардың ішінде бізге белгілі болғандары Қарыс Қанатбай, Асан Қайғын деп те аталған Мәулікеш Қайбалды, Дәулет Тағыберлі, Абдолла Жүсіпұлы, Жәкен Бапыш сынды азаматтар. Өйткені олар дүниежүзілік соғыстан кейін құрылып, 1953 жылдың 18 наурызынан бастап Мюнхен қаласынан хабар тарата бастаған “Азаттық” радиосының қазақ редакциясының іргесін қалаған еді.

Бұларға қоса 1966 жылдан бастап Түркиядан қазақтар радиоға тартыла бастайды. Осы орайда Түркиядан келіп, Хасен Оралтай, Талғат Қошжігіт, Мұхабай Енгин, Әлихан Жаналтай, Әбідқайым Кесижи, Әбдіуақап Қара, Өмірхан Алтын, Суат Шеруші, Нұр Кемал Пынар, Исмет Бичер, Гүлхан Гайретолла қазақ хабарларында жұмыс істеген. Кейін 1980 жылы Кеңестік идеологияны мойындамай қарсы шығып диссидент болып Қазақстаннан қашып шыққан Махмет Құлмағамбетов та Азаттық радиосында жұмыс істеген.

Еуропа қазақтарының көпшілігін құрағандар 1960 жылдардың басында Түркиядан жұмыс іздеп келген қазақтар болды. Өйткені 1960 жылы 30 қазан күні Түркия мен Еуропа елдері арасында жұмысшы алмасу келісімі жасалған еді. Осы келісімге сай, Түркия азаматтары Еуропалық елдерге жұмыс істеуге келе бастады. Олардың ішінде Шығыс Түркістаннан Тақламақан шөлі, Гималая тауын көктей өтіп, Үндістан, Пәкістан арқылы 1952 жылы Түркияға қоныс аударған қазақтардың өкілдері де бар еді.

1963 жылы арасында Еуропа қазақтарының белгілі ақсақалы Әбдірахман Шетин де бар 5 қазақ Германияға қоныс аударған алғашқы Түркиялық қазақ болып саналады. Осыдан кейін Түркиялық қазақтардың әсіресе жастары 1980 жылдардың орта тұсына дейін топ-топ боп Еуропа елдеріне келе бастаған. Сөйтіп Еуропа қазақ диаспорасы қалыптасты. 1991 жылы тәуелсіздік алғаннан кейін оқу үшін немесе сауда, бизнис жасау үшін келген Қазақстан азаматтарынан аз санда да болса Еуропа елдерінде тұрақтап өмір сүріп жатқандары баршылық.

Қазіргі таңда олар Австрия, Германия, Франция, Голландия, Италия, Швеция, Швейцария, Ұлыбритания сынды елдерде тұрады. Нақты сандары белгілі болмағанмен төрт мың шамасында деп болжануда. Олардың ең көп шоғырланған қаласы Францияның астанасы Париж қаласы болып табылады. Парижде шамамен 300 отбасы, яғни 1200 мөлшерінде адам өмір сүреді.

Еуропа қазақтары ұлттық салт-дәстүрлерін сақтап, бірлік-берекелерін нығайту барысында тұрған қалаларында мәдени орталықтар құрған. Сондай-ақ жыл сайын кіші құрылтай өткізуде. Еуропа қазақтарының кіші құрылтайлары 1994 жылы басталды. Ол сол жылы Мюнхен қаласында өткізілген Европа қазақ жастарының тұңғыш спорт фестивалінен бастау алады.

Фестивальді ұйымдастыру мақсаты футбол арқылы жастардың басын қосып олардың бірбірлерімен ынтымақтастықта жүруіне жағдай жасау еді. Бұл мақсат толықтай іске асты. Кейін бұл үрдіске айналды. Атап айтқанда, 1995 жылы Алматыда дүниежүзі қазақ жастарының футбол сайысына қатысып қайтқан Еуропа қазақ жастары 1998 жылы Парижде, 1999 жылы Кельнде, 2000 Амстердамда, 2001 жылы Парижде бас қосып доп тепті.

Ал 2002 жылы Кельн қаласында өткен футбол турнирі бетбұрыстық бір өзгеріске қуә болды. Футбол сайысының ауқымының кенейіп құрылтайға айналуына және рәсми сипат алуына Кельн қазақ қоғамы төрағасы Әбдірахман Шетіннің еңбегі зор болды. Осыдан кейін Еуропадағы Қазақстан елшіліктері осы жиындардың өткізілуіне қолдау көрсете бастады. Мұнда Шетін ағамыздың Кельндегі жиналыстың ауқымын “Қазақстан тәуелсіздігінің 10- жылы”, “Қазақтардың Еуропаға қоныстауының 40- жылы мерекесі” ретінде кеңейтуі себеп болды. Сөйтіп жастарға арналған футбол сайысы осыдан кейін Қазақстанда “Кіші құрылтай”, диаспора арасында болса “Еуропа қазақ құрылтайы” деп атала бастады. Жиналыстың мазмұны да бай еді. Футболдан басқа, қазақ күресі, тоғызқұмалақ сынды ұлттық ойындар, бағдарламасында ұлттық ән-күй және айтыс болған концерттер оған қосылды.

2003 жылы Швеция елінің қазақтар көптеп шоғырланған Весторас қаласында өткен кіші құрылтайда тағы бір маңызды шешім қабылданды. Оған Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының төрағасының І- Орынбасары Қалдарбек Найманбаев себепші болды. Найманбаев Весторас қаласындағы құрылтайда Еуропадағы 10 қазақ қоғамының жұмыстарын бір ізге түсіріп жүйелі жұмыс жүргізу барысында “Еуропа қазақ қоғамдары федерациясын” құруды ұсынды. Оның бұл ұсынысы құрылтайда бір ауыздан мақұлданып, федерацияның президенті болып Кельн қазақ қоғамының төрағасы Әбдірахман Шетін сайланады.

Сөйтіп Еуропа қазақтарының құрылтайлары бір федерация шаңырағы астында жүйелі жұмыс істейтін болды. Бұдан кейін жыл сайын Еуропа қазақтары тұратын қалаларда кезекпен құрылтайлар өткізілді.

Әбдірахман Шетін ағамыз үш жылдан кейін, атап айтқанда 2006 жылы қызметінен шегінді. Оның орнына Париж қазақ қоғамы төрағасы Мехмет Зенгин 2008 жылға дейін, 2008 жылы болса Абдулқайым Кесіжі 2017 жылға дейін федерация төрағасы болып қызмет атқарды.  2017 жылы 8 сәуір күні Мюнхен қаласында өткен федерация жиналысында төрағалыққа Швеция қазақ қоғамының төрағасы Мұрат Ерміш сайланды.

Қазір Еуропа қазақтарына 60 жылдай уақыт болып тұр. Сонда туып өскен ұрпақтары жақсы білім алып кәсіп, иесі болған Еуропа қазақтары шад-шадыман өмір сүруде. Бір өкініштісі Еуропа елдерінде сандары аз және шашыраңқы орналасқандықтан және қазақи орта болмағандықтан екінші, әсіресе үшінші буын ұрпақтардың ана тілдерін білмей өсіп келе жатқаны әр бір ата-ананың жанына бататыны шындық. Осы орайда олар Қазақстаннан ана тіл мен ұлттық мәдениетті жастарға дарытатын іс-шаралардың іске асырылуын күтуде.

Әбдіуақап Қара

 тарих ғылымының докторы,

Мимар Синан көркем өнер университетінің профессоры

 



Ұқсас жаңалықтар