Қазақстанның жаңа бас қаласы Астана және бұрынғы астаналардың тарихы

Тарих айдынында - 21

844344
Қазақстанның жаңа бас қаласы Астана және бұрынғы астаналардың тарихы

Бүгінгі «тарих айдынында» сұхбатымызда, қазіргі таңда Қазақстанның тәуелсіздігі мен дамуының символына айналған Астана қаласына тоқталмақпыз. Бұрынғы аты Ақмола болған Астана қаласы басқала болып жарияланғаннан кейін Есіл өзенінің сол жағалауында қысқа уақыт ішінде қайтадан салынды. Көз жауын алатын көрікті қала болып әлемге атағы шықты. Бұл өз кезегінде көшпелі мәдениеттің соңғы өкілдері қазақтардың отырықшыл мәдениетті, қала мәдениетін де игергенінің дәлелі болып отыр. Енді Астана қаласының тарихы және Қазақстан тәуелсіздік тарихындағы орны туралы әңгімелейік.

1991 жылы тәуелсіздігін алған Қазақстанның заманға лайық жаңа астанасын салу идеясын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев алғаш жария еткенде, көп адам бұған таң қалған еді. Инфрақұрылымы жеткіліксіз, ауа райы қолайсыз Ақмолаға көшуге болмайтын еді. Бірақ сол “болмайтын” ойды болдырған Елбасы болды. Ақмоланы астана ету туралы шешім Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінде 1994 жылы 6 шілде күні қабылданғаннан кейін құрылыс жұмыстары басталып кетті. Қаланың есімі Астана болып өзгертілген жаңа астанаға 1998 жылы көшу салтанатты тұсаукесермен жүзеге асты. Қала күні жыл сайын 6 шілдеде атап өтіледі.

Астананың Алматыдан Ақмолаға көшірілуінде көптеген себептер бар еді. Ең бастысы ол елдің экономикалық және геосаяси мүддесі үшін қажет еді. Өйткені Алматы елдің оңтүстік шығысында және шекараға жақын аймақта орналасқан және жер сілкінісі болып тұратын аймақта еді. Ақмола болса елдің төрінде, Қазақстанның әр өңіріне Алматыға қарағанда бірдей қашықтықта орналасқан, ел орталығы болуға лайықты еді.

Бірақ бұрынғы астана Алматы қаласы болса ол өз мәнін жойған жоқ. Ол елдің мәдени астанасы ретінде бірегей қызметін жалғастыруда. Бізге бұл жағдай Түркияны елестетеді. Түркия да республика болып қайта құрылғаннан кейін елдің батыс жақ шекарасына жақын және жер сілкінісі болып тұратын аймақта орналасқан Ыстамбұл қаласынан басқаласын елдің кіндігіндегі Анкара қаласына ауыстырған еді. Елбасы қиын қыстау кезеңде, астананы көшіру жайында шешім қабылдау барысында әрине туысқан Түркияның бұл тәжірибесін де мұқият зерттеп шыққан болғанына күмән жоқ. Бұл тұрғыдан алғанда екі ел тағдырлас.

Қазақстанның астанасы осымен бірінші рет ауысып отырған жоқ. Тарихқа көз жүгіртсек, соңғы бір ғасырда төрт астана ауысқан. 1917 жылы Ақпан төңкерісімен Патшалық Ресей құлағаннан кейін Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсын және Міржақып Дулат жетекшілігіндегі қазақтың атқа мінер азаматтары биыл бүкіл Қазақстан 100 жылдығын тойлап отырған Алашорда автономиясын жариялаған кезде астана Семей қаласы болған. Большевик күштері тарқатқаннан кейін Қазақстанда орнай бастаған социалистік кезеңде алдымен, атап айтқанда 1920-1925 жылдарда Орынбор, одан кейін 1925-1929 жылдарда Қызылорда сондай-ақ 1929-1997 жылдарда Алматы қаласы қазақ мемлекетіне астана қызметін атқарып келген еді.

Алматыдан бас қаланы Астанаға ауыстыру әрине оңай болған жоқ. Тіпті көптеген адамдар бастапқыда Елбасының қате шешім қабылдағанын, кейін осы шешімін кері алатыны туралы да ойлаған болуы керек. Бірақ уақыт Елбасының шешімінің дұрыс екенін растады. Бүгіндері Астанаға келіп оның қалалық келбеті мен сәулеттік құрылысына таң қалмаған адам жоқ. Тіпті Астана қаласы әсем көрінісімен 1999 жылы  ЮНЕСКО шешімімен «әлем қаласы» атағын да алды. Қазақстанның бас қаласы 2000 жылдан бастап Астаналар мен ірі қалалардың халықаралық ассамблеясының мүшесі де болды. Бір сөзбен айтқанда бүгінгі таңда Астана қаласы қазақтардың мақтанышына айналып отыр. Ол сонымен қатар тәуелсіз Қазақстанды, жаңа бейбіт заманды да бейнелейді.

Астана қаласында бой көтерген кейбір ғимараттар сәулеттік құрылымы жағынан көздің жауын алуда. Туристтердің көруге қызығатын орындарына да айналған жер. Мұндай ғимараттардың ішінде әрине  «Бәйтерек» кешенінің орны бөлек. Ол елорданың басты символына, оның өзіндік бойтұмарына айналып отыр.

Мұнан басқа сәулеттік әсем ғимараттар қатарында белгілі британдық архитектор Норман Фостердің жобасы бойынша пирамида үлгісінде салынған “Бейбітшілік және келісім” сарайын, қазақтардың көшпелі мәдениетін елестетіп отырған шатыр үлгісіндегі ғимарат – “Хан Шатыр” сауда-ойын-сауық орталығын атап өтуге болады. Сонымен қатар Астанада көрікті мекендер қатарында Ақ Орда–Қазақстан Республикасы Президентінің резиденциясын, Орталық Азиядағы ірі мешіт – “Әзірет Сұлтан” мешітін, дипломатиялық және басқа да халықаралық маңызды кездесулер өткізетін орын “Тәуелсіздік  сарайын”, теңізден алыс орналасқан океанариум –  “Думан” орталығын, “Астана опера” мемлекеттік опера және балет театрын, “Қазақстан” орталық концерт залын, “Қазақ Елі” монументін, “Ұлттық тарих музейін” және “Шабыт” шығармашылық сарайы – қаланың мәдениет және өнер орталығын айта аламыз.

Астана халықаралық көптеген жиындарға үй иесі болуымен халықаралық қауымдастықта аты жиі шығып тұрады. Өзге жылдарды былай қойғанда, тек осы 2017 жылының алғашқы жартысында ЕXPО-2017, Дүниежүзі қазақтары құрылтайы,  Сирияда бейбітшілік жөнінде Астана келіссөздері, Ислам ынтымақтастығы Ұйымының Ғылым және технологиялар жөніндегі бірінші саммиті сынды жиналыстармен әлем назарын өзіне аударды.

Астана қаласы сонымен қатар әлемдік бейбітшілікке де үлесін қосып келеді. Әсіресе көптеген жылдардан бері әлем дипломатиясы дәрменсіздік танытып, тыныштықты қамтамасыз ете алмай келе жатқан Сириядағы соғыс туралы маңызды кездесулерге Астана үй иесі болып бейбітшілік туралы нақты қадамдар жасалуына мұрындық болып отыр. Сириядағы бейбітшілікті қалпына келтіру жайында Астанада бас қосқан Түркия, Ресей және Иран елдерінің шешімдері бүгіндері Түркияда көптеп сөз болуда. Түрік баспасөз беттерінде, теледидар хабарларында, саяси сарапшылардың тұжырымдарында “Астана келіссөздерінің шешімі бойынша” деген сөз тіркесі күнде сан рет қайталануда.

Бұл Қазақстанның және оның Астанасының әлемдегі беделін көрсетсе керек. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері өткен ширек ғасырлық уақытта әсем астанасымен халықаралық қауымдастықта төрде өзінің лайықты орнын алып отыр. Мұнымен тек қазақтар емес, бүкіл түркі дүниесі де мақтанады.

Әбдіуақап Қара

 тарих ғылымының докторы,

Мимар Синан көркем өнер университетінің профессоры

 



Ұқсас жаңалықтар