Алматыда 1991 жылы дүниежүзі қазақтары тұңғыш құрылтайы

Тарих айдынында - 19

826197
Алматыда 1991 жылы дүниежүзі қазақтары тұңғыш құрылтайы

Бүгінгі «тарих айдынында» сұхбатымызда 1992 жылы Алматыда өткізілген дүниежүзі қазақтарының тұңғыш құрылтайына тоқталмақпыз. 2017 жылы 22-25 маусым күндері Астанада V құрылтай өткізілген еді. Бүгінге дейін өткізілген бес құрылтай ішінде тұңғыш құрылтайдың орны бөлек. Бұл сұхбатымызда осы тұңғыш құрылтайдың ерекшеліктеріне тоқталмақпыз.

Қазақстан 1991 жылы 16 желтоқсан күні  тәуелсіздік алғаннан кейін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ең маңызды алғашқы шешімдерінен бірі атажұртқа әлемнің әр тарабына тарыдай шашыраған қазақты жинау барысында осы құрылтайды шақыруы болды. Сөйтіп Елбасы тәуелсіздігін жариялаған Қазақстанның шетелдердегі отандастарымен 70 жылдай үзіліп қалған байланыстарын қайта қалпына келтіруге кідірместен кірісті. Бұл сонымен қатар Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсын және Міржақып Дулат сынды Алаш жетекшілерінің бүкіл қазақтың басын біріктіру жөніндегі ұлы арманын орындау еді.

Алматыда құрылтай өткізілетіні туралы хабар Түркияға жетісімен ондағы қазақтар арасында үлкен тебіреніс -толқу болды. Олар Қазақстан тәуелсіздігін жариялағанда өшкендері жанып, өлгендері тірілгендей бір қуанса, енді атамекенде құрылтайда бас қосатын болатындықтарына тағы бір қуанып қуаныш үстіне қуаныш болып жатты. Ол кезде бүгіндей құрылтайға қатысатындықтарын алдына ала тізімі жасалып, ұшақ билеттерін жіберетін мүмкіншіліктер жоқ еді. Кім өз мүмкіншілігімен билетін алып барам десе жол ашық еді. Сөйтіп Ыстамбұлда Түркия қазақтары қорында кеңестер өткізіліп, баратын адамдардың тізімі жасалды. Осы жұмыстардың нәтижесінде Түркия қазақтарының көш жетекшілерінен Дәлелхан Жаналтай ақсақалдың басшылығында 104 адам Қазақстанға бет алды. Ол кезде бүгінгідей күнде ұшақ қатынасы да жоқ еді. Сондықтан құрылтай қонақтары бір апта бұрын Алматыға ат басын тіреді. Барлығы «Алматы» қонақ үйіне жайғасты. Олардың бәрінде ерекше толқу мен тебіреніс байқалды. Оларда атамекенге алғаш рет қадам басудың, отандастармен дәмдес дастарқандас болудың жүрек жарды қуанышы сезілді. Түркиялық құрылтайшылар атамекенде жүргендіктеріне сенер сенбестерін білмей, қиял әлемінде жүргендей сезді. Олар тек видео  таспалар мен суреттерде ғана көрген Қазақстанда екендіктеріне мың бір шүкіршілік етті.  

Олардың ондаған жылдар бойғы отан сағынышы, ел сағынышы аяқталып ақ түйенің қарны жарылған еді. Ондағы адамдардың қуаныш сезімін сөзбен суреттеп жеткізе алмаймын. Сағыныш сезімі елді тебірентіп жіберді. Қуаныштан көңіліміз теңіздей толқыды. Жергілікті бауырлардың да құшағы айқара ашылды. Қаншама жылдан кейін зарығып туған жерге оралған ағайынның көз жасы сел болып ақты. Сол алғашқы жиынға Түркиядан жасы жетпістегі Қанағат деген атамыз да келген. Алматы әуежайында ұшақтан жерге табаны тие салып, жәйнамазын жерге жая салып, басын сәждеге тигізіп “уа Алла Тағала, саған мыңбір шүкіршілік, атамекенге де қауышатын күн болады екен” деп көз жасын төгін жатты. Балалық кезінде елден босуға мәжбүр болып, ел сағынышымен өмірі өткен жайсаң азамат еді. Түркияға құрылтайдан қайтқаннан соң көп ұзамай дүниеден озды. Құрылтайдан Түркияға оралғаннан кейін туыстары, бала-шағалары атамекен туралы сұрайды. Сонда атамыз: «Жетпіс жылдық ғұмырымдағы ең мәнді, сәнді күндер Алматыда болған кездерім» деп толғанып жауап беретін.

Сол құрылтайда маған Алматыдан Түркістанға барған отарба сапары ерекше әсер етті; есімнен кетпейді. Біз бір апта бұрын барғандықтан құрылтайды ұйымдастырушылар құрылтай алдында Түркістанға және Жезқазғанға саяхат ұйымдастырыпты. Алматыға барғаннан кейін бізге Түркістанға отарбамен кететініміз хабарланды. Қанша сағат деп сұрасам 14-15 сағат отарба жүреді дейді. Германияда Мюнхен қаласында Азаттық радиосында жұмыс істеп жүрген кезім. Ыстамбұл-Мюнхен арасында ұшаққа үйреніп қалғанбыз, ұзақ отарба сапары жасыратыны жоқ ұнамады. 14-15 сағат уақыт отарбада қалай өтеді деп ойланып қоям. Бірақ бекер уайымдаппын. Отарбаға келсек, 15-20 вагон бүкілдей құрылтай қонақтарына арналған екен. Мен әдеттегі бір отарбамен басқа жолаушылармен бірге жүреміз деп ойлағам ғой. Олай емес, бұл құрылтайға арналған жеке отарба екен. Белгіленген орнымызды алып өзге вагондарды аралап, барлығында әр елден қазақтар, ақындар, жазушылар, әншілер, күйшілер. Шайлар қайнаулы, қазы-қарта, бауырсақ, жеміс-жидек сынды тағамдар дайын. Отарба ішіндегі құрылтайшылар вагон-вагон қыдырып бір-бірлерімен танысып, шүйіркелесіп әңгіме айтып, өлеңдетіп күліп ойнап жүрді. Сөйтіп 15 сағаттың қалай өтіп кеткенін білмей, Түркістан қаласына барып жеттік. Міне осы сапар күні бүгін есімде тәтті бір естелік болады да тұрады. Жезқазған, Ұлытау сапарларымызды автобустармен жалғастырып, Алматыға қайта келіп құрылтай жұмысына кірісіп кеттік. Онда бізге де сөз берілді. Мінбеге шығып ана тілі мәселесіне, оның ішінде сөздік мәселесіне тоқталдым. Қазақ тілінің әлем тілдері арасындағы лайықты тұғырына көтерілуі үшін ең алдымен ағылшын, неміс, француз сынды әлемнің дамыған елдерінің тілдерінің толық қазақша сөздіктерін жасауды ұсынған едім.

Құрылтай жұмыстары кезінде Дүниежүзі Қазақтары Қауымдастығының іргетасы қаланды. Оның төрағалығына Президент Нұрсұлтан Назарбаев бір ауыздан сайланды. Оның І. Орынбасарлығына Қазақстан Жазушылар Одағы бас хатшысы Қалдарбек Найманбаев сайланды. Қауымдастықтың төралқа мүшелігіне Түркия Қазақтарының көш бастаушы ақсақал жетекшісі Дәлелхан Жаналтай сайланды. Мұның өзі атамекеннің Түркия қазақтарына деген ықылас құрметінің бір белгісі ретінде жоғары бағаланды. Сонымен қатар құрылтай кезінде, Сергей Терешченко басшылығындағы қазақ үкіметі бір қаулы қабылдап, шетел қазақтарының Қазақстан азаматтарының құқықтарына ие екенін жариялады. Осы қаулыға сай, шетелдердегі Қазақстан елшіліктері мен консулдықтары қазақтарға қуәлік қағазы бере бастады.

Тұңғыш құрылтайдың Түркия қазақтарына әсер-ықпалы зор болды. Құрылтайдан кейін Түркия қазақтарының Қазақстанмен байланыстары қарқындап нығая түсті. Өйткені Түркия қазақтары мен атамекен арасындағы қарым-қатынастарға кедергі боларлық ешқандай  себеп қалмаған еді. Екінші жақтан ол Еуропа қазақтарының өзара ынтымақтастығына да серпін берді. Тұңғыш құрылтайдан екі жылдан кейін 1994 жылы көктемде Еуропаның 6 елінен жастардың футбол командаларының қатысуымен Мюнхен қаласында Европа қазақ жастарынын тұңғыш спорт фестивалі өтті. Бұл 1995 жылы Алматыда, 1998 жылы Парижде, 1999 жылы Кельнде, 2000 жылы Амстердамда және 2001 жылы тағы Парижде жалғасын тапты. 2002 жылы тағы Кельн қаласында ұйымдастырылды. Бірақ бұл жолы дүниежүзі қазақтары қауымдастығының ұсынысымен ол футбол турнирінен кіші қазақ құрылтайына айналды. Бұдан кейін Еуропа қазақтары кіші құрылтайы деп аталып бұл кіші құрылтайлар күні бүгін өткізіліп келеді.

Демек, 1992 жылы Алматыда өткен дүниежүзі қазақтарының тұңғыш құрылтайы Түркия мен Еуропа қазақтарына зор әсер еткен. Олардың мәдени және спорттық бас қосуларына серпін берген, атамекенмен байланыстарын нығайтқан.

Әбдіуақап Қара

тарих ғылымының докторы,

Мимар Синан көркем өнер университетінің профессоры

(Фотосуреттер автордың жеке мұрағатынан алынды)

 



Ұқсас жаңалықтар