Түрік әлемінен жаңалықтар- 39

Түрік әлемінен жинақталған хабарлар

812366
Түрік әлемінен жаңалықтар- 39

Түрік әлемінде болған оқиғалардан хабардар болу және бауырлас елдер арасында жақындыққа үлес қосу мақсатымен дайындалған «Түрік әлемінен жаңалықтар» атты бағдарламамыздың кезекті бөліміне қош келдіңіздер. 

**

Алғашқы хабарымыз Қазақстаннан.

Қазақстан мемлекет басшысы жауынгерлік өнер түрлері бойынша жабық ғимаратта өтетін V Азия ойындарының ашылу салтанатына қатысу үшін Түрікменстанға барды.

Қазақстан Ақорда баспасөз қызметінің білдіргеніне қарағанда,  Түрікменстан президентімен кездесуде Қазақстан президентіне Бердімұхаммедов алғыс айтты.

Құрбанқұлы Бердімұхаммедов 64 ел қатысатын Азия ойындарының ұйымшылдық пен бірліктің көрсеткіші екенін тілге тиек етіп,  БҰҰ талабымен босқындар қалыптастарған 65-ші ел деп аталған команданың да сайысатынын айтты.

Президент Назарбаев ойындарды ұйымдастырған Түрікменстанды құттықтап,  елде халыққа қызмет беретін көптеген спорттық кешен салынғанын атап көрсетті. Осындай шаралардың Түрікменстанның әлемде жақсы танылуына үлес қосатынын айтқан Назарбаев Қазақстанның да биыл 28-ші Қысқы Универсиада ойындарын өткізгенін еске салды.

Назарбаев артынан Азия ойындарында сайысатын Қазақстан командасы мүшелерімен кездесіп, оларға табыс тіледі.

 

**

Кезекте Өзбекстаннан бір хабарымыз бар.

Өзбекстан Сыртқы істер министрі Абдулазиз Камилов Түркияға алғыс айтты.

Камилов Түркияға Өзбекстанда құрылатын Имам Бухари ғылыми зерттеу орталығы және Ислам өркениеті орталығына қолдау беруге дайын екенін жариялағанына байланысты алғыс білдірді.

Камилов ұлттық теле арнада Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев пен ТР президенті Режеп Тайып Ердоғанның Қазақстанның елордасы Астанада болған ИЫҰ саммиті аясында кездескенін еске салды.

Кездесуде Самарқандта Имам Бухари ғылыми зерттеу орталығы мен Ташкентте Ислам өркениеті орталығының құрылуы тақырыбында көзқарастар тілге тиек етілгенін білдірген Камилов «Кездесу барысында Түркия тарабы Өзбекстанда құрылатын осы екі орталыққа қажетті барлық қолдауды беруге дайын екенін мәлім етті.  Біз де бұған алғыс білдіреміз» деді.

Камилов Өзбекстанның президенті Мирзиеевтің қазан айында Түркияға ресми сапар ұйымдастыратынын,  сапарда екі ел арасындағы қатынастардың жетілдірілуінің қолға алынатынын атап көрсетті.

Өзбек Сыртқы істер министрі аталмыш сапарда жаңа жобалардың күн тәртібіне келетінін айтты.

**

Соңғы хабарымыз ортақ тарихқа байланысты. «Түрік тарихы үшін маңызды қадам басылды» деп аталады.

Түрік академиясының халықаралық ұйымының басшысы Дархан Қыдырәлі «Кентайдан Ұлытауға дейін: Тарихи жадының жаңғыруы» атты ІІІ халықаралық экспедицияда түрік тарихы үшін маңызды қорытындылар шыққанын айтты.

Қыдырәлі Анадолы агенттігінің тілшісіне берген мәлімдемесінде Моңғолия үкіметі және Шивээт улаан аймағында археологиялық қазба бастағандарын білдірді. Шивээт улаан ғұрыптық кешенінде жүргізілген қазба жұмыстарында көптеген жәдігер табылғанын меңзеген Қыдырәлі «Қазбаларда Шивээт улаанның Елтеріс Қаған кезінде 670-691 жылдары өмір сүргенін анықтадық. Бүгінге дейін жабық тұрған, зерттелмеген Керулен аймағындағы қазбаларда түрік тарихына тиісті шамамен 20 жәдігерді жарыққа шығардық» деді.

Жәдігерлерге биофизикалық зерттеу жүргізілгенін айтқан Қыдырәлі «Түрік тарихы үшін маңызды қадам басылды,  себебі бұл жерлерде түрік тарихы үшін материал жоқ деп айтылатын» деді.

Қыдырәлі халықаралық экспедицияның Моңғолиядағы қасиетті Бурхан-халдун тауынан бастау алып, Орталық Қазақстандағы Ұлытауда қорытындыланғанын атап көрсетті.

«Өтүкен мен Ұлытау арасында жаңа ұқсастықтар мен байланыстар анықтадық» деген Қыдырәлі Ұлытауда Алтын Орданың құрушысы Бату мен оның әкесі Жошы ханның мазарларына барғандарын,  мақсаттарының Еуразия мемлекеті болған Алтын Орданың маңызын атап көрсету екенін тілге тиек етті.

Аталмыш экспедицияға Түркия сынды 10 елдің ғалымдары қатысты.



Ұқсас жаңалықтар