Ердоғанның Қазақстанға сапары

Др. Джемил Догач Ипектің анализі

812064
Ердоғанның Қазақстанға сапары

    ТР президенті Режеп Тайып Ердоған 8 қыркүйек күні Ислам Ынтымақтастық ұйымының тұңғыш Ғылым және технология саммитіне қатысу мақсатымен Қазақстанға барды.  Президент Ердоған саммиттен бұрын Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесті.  Екі басшы кездесуде FETÖ, ДАИШ және басқа да террорлық ұйымдармен күрес,  экономикалық салада ынтымақтастық пен инвестицияларды арттыру тақырыптарына шоғырланды.

Түркия мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастар жоғары деңгейде. Түркия Республикасы – Қазақстан тәуелсіздігін алғаш мойындаған ел. Түркия мен Қазақстан арасындағы саяси қатынастардың жоғары деңгейіне қосымша Қазақстан Түркияның Еуразиядағы ең маңызды саяси және экономикалық серіктерінің біріне айналды. Екі ел арасындағы деңгей Назарбаевтың 2009 жылғы Түркия сапары барысында қол қойылған Стратегиялық серіктестік келісімі арқылы анықталды.  Осылайша екі ел арасындағы қарым-қатынастар бауырластықпен қоса стратегиялық серіктестік деңгейіне көтерілді. Қазақстан мен Түркия байланыстарында әсіресе соңғы кезде маңызды қозғалыс байқалады.  Бұған Қазақстанның сыртқы саясатта белсенді болуының және БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшелігі сынды мойнына алған маңызды міндетінің де ролі бар.

     Орталығы Стамбулда орналасқан Түрік кеңесі,  орталығы Әзірбайжанда орналасқан Түркітілдес елдер парламентар ассамблеясы, орталығы Қазақстанда орналасқан Халықаралық Түрік академиясы және орталығы Түркияда орналасқан Түріксой сынды халықаралық ұйымдар мәдени және саяси алаңда мүше елдер арасындағы қатынастарды нығайтып келеді. Қазақстан мен Түркия қарым-қатынастары экономикалық саламен қоса осы ұйымдардың істерін де қамтиды.

Қазақстан мен Түркия арасында әскери қатынас мықты және қорғаныс технологиялары саласында да ынтымақтастық орнады.  Түркия Қазақстан Қарулы күштеріне офицер дайындау тақырыбында мол көмек беріп отыр.  Түркияның қорғаныс өнеркәсібі саласындағы беделді компаниялары Қазақстанның қорғаныс өнеркәсібі базасын дамыту үшін жұмыстануда.  Бірнеше жыл бұрын Қазақстан-Аселсан зауыдының ашылуы да әскери салада басылған маңызды бір қадам.    

    Түркия мен Қазақстан арасында бірнеше миллион доллармен басталған сауда-экономикалық қатынастар 4 миллиард доллар деңгейінде. Әрине, бұл жеткілікті емес. 10 миллиард деңгейіне жету  - екі елдің орта мерзімді мақсаты.  Осы мақсаттың алдындағы ең үлкен кедергілердің бірі – Қазақстан мен Түркия арасында логистика тұрғысынан тікелей қатынас жолының болмауы.  Осы проблеманы шешу үшін жоспарланған жол мен пікірлер жүзеге асырылғанда, сауда-экономикалық қатынастар арта түседі. Президент Ердоған Қазақстан сапары барысында қысқа мерзімде сауда айналымының 5 миллиард долларға жеткізілуін нысана қып меңзеді. Осы мақсатта әрі экономикалық,  әрі саяси қатынастарды дамыта түсу үшін «Ортақ іс-қимыл бағдарламасы», «Жаңа синергия- Ортақ экономикалық бағдарлама», «2017-2020 кезеңі үшін жоспар хаттамасы»,  «Түркия-Қазақстан аралас экономикалық комиссия 10-шы отырысы хаттамасы» сынды келісімдерге қол қойылды. Сонымен бірге қазақ және түрік компаниялар арасында да шамамен 600 миллион долларлық келісімдерге қол қойылды. Соңғы кездесуде Қазақстан президенті Назарбаев қатынас секторының маңызы мен дамытылуының қажеттілігіне тоқталып: «Елдеріміз бүгінгі күні де шығыс пен батыс арасындағы көпір қызметін жалғастыруда.  Түркияның инфрақұрылымы дамыған,  өте маңызды транзит ел екені баршаға аян.  Осыны назарға алғанымызда Түркия тарапын Қазақстанның тасымал әлеуетін бірге көтеру үшін шақыру тастадым» деді.

Түркия – шығыстың ең батысында, батыстың ең шығысында.  Сондықтан Азия мен Еуропаға тікелей ашылатын қақпа.  Қазақстан болса Еуразия Экономикалық одағының мүшесі, Қытай мен Ресей сынды мықты екі елмен көрші.  Қазақстан Түркияға түрлі нарықтарға қолжетімділік қамдау мүмкіндігіне ие.  Сондықтан Қазақстан мен Түркия арасында қатынас дәлізінің ашылуы әрі екі жақты байланыстардың жетілдірілуі,  әрі аймақтық ынтымақтастыққа қолдау тұрғысынан өміршең маңызға ие.

Бүгінгі таңда Түркия мен Қазақстан – екі бөлек мемлекет, бірақ бір ұлт.  Осы аяда Ердоған мен Назарбаев екі ел және түркі әлемінің басына қонған бақ. Ердоған мен Назарбаев халық арасынан шыққан,  халықтың қиыншылықтарын жақыннан білетін азаматтар. Осы ерекшеліктері екі лидердің  түркі әлемінің мұқтаждықтары мен үмітіне дұрыс бағыт беріп,  оң шешім келтіруінде ықпалды. Түркия мен Қазақстан арасындағы достық өз күшін ортақ тарихи және мәдени байланыстан алады.  Өзара мүдде мен құрмет аясында Түркия мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынас алдымыздағы кезеңде де нығая түседі.



Ұқсас жаңалықтар