Өзбек Хан
Түрік өркениетіндегі ұлы тұлғалар - 13

Ислам дінін қабылдаған, Бату ханның інісі Беркенің таққа шығуымен Алтын Орданың Ислам тарихы басталған еді. Алтын Орда Мысырдағы «Дәулетү-Түркия» яғни Түрік мемлекетімен одақтас болып, әлі Ислам дінін қабылдамаған Елхандарға қарсы соғысып, өзінің мұсылман болмысын күшейткен еді. Алайда Берке хан қайтыс болғаннан кейін таққа шыққан Алтын Орда хандары мұсылман болмады. Сондықтан исламдану үдерісі тоқтап қалды. Тек Ноғай ноянның қарамағындағы адамдар ғана Ислам дінін ұстанатын еді. Алайда 1300 жылы Ноғай Ноян Алтын Орда ханы Тоқтамен шайқаста өлгеннен кейін ел тұтқасын ұстаған ықпалды мұсылман қалмаған еді. Десе де, Алтын Орда хандары Түркі өркениетінің басқа діндерге деген кеңпейілді яғни толерантты саясатын жалғастыра берді. Он төртінші ғасырдың басында Алтын Орда өзінің шарықтау кезеңінің шыңына жеткен еді. Мемлекеттің аумағы Сырдария мен Ертістен Шығыс Еуропаға дейін, Балтық теңізінен Оңтүстік Кавказға дейін жалғасып жатқан еді. Сондықтан Қытайдан Еуропаға баратын сауда жолдарының көпшілігі Алтын Орда территориясынан өтетін. Сауда керуендерімен бірге білім мен ақпарат, жаңа түсініктер мен жаңа діндер бір-бірімен алмаса бастады. Әрине бұл керуендермен мұсылман дәруіштер яғни мұсылман миссионерлер Ислам дінін таратып жатты.
Тарихи деректерге сүйенсек, 1313 жылы Алтын Орда тағына Өзбек шықты. Осыдан бастап Алтын Орданың исламдануы күшейді. Басқаша айтқанда Қыпшақ даласында Түркі-Ислам өркениеті қанат жая бастады. Олай болса, бүгінгі бағдарламамыздың тақырыбы Алтын Орданың тоғызыншы ханы Өзбек хан туралы болмақ.
Ұлы тұлғамыз шамамен 1283 жылы туылған. Бату ханның немересі Мәңгі-темірдің ұлы Тоғрулжадан тарайды. Ислам дінін қабылдағаннан кейін Ғияседдин Мұхаммед атын алған. Кейбір тарихшылар оның Исламды таққа шықпай тұрып қабылдағанын айтса, кейбір тарихшылардың пікірінше таққа шыққаннан кейін қабылдаған. Американдық ғалым Девин Девистің пікірінше, Ноғай ноянның немересі Нағадай ноян Хорезмдегі қоңыраттың Сопы әулетімен байланыс құрып, Өзбек ханның Ислам дінін қабылдауына себепкер болады. Өзбек ханның мұсылман болуымен Алтын Орда халқы мұсылманданып, «өзбек» атын алды. Ал «ноян» атағы «би» атағымен алмастырылды. Алтын Орданың исламдануының ең айқын көрінісі Өзбек ханның астананы Сарай Батудан Сарай Беркеге алмастыруы болды.
Тарихшы Зікірия Жандарбек өзінің «Қазақ қоғамы және Яссауи жолы» атты кітабында Орта ғасырлық деректерге сүйене отырып, Өзбек ханның Ислам дінін Ахмет Яссауидің шәкірттерінен қабылдағандығын жазады. Бұл жерде Яссауи тариқатының Ислам дінін түріктерге бейімдегенін айта кету керек. Яссауиден бұрын Ислам түсінігі отырықшы халықтардың мәдениетіне бейімделген еді. Сондықтан көшпенді түріктерге Ислам діні жат келетін. Әсіресе Ислам дінінде жеті ата түсінігінің болмауы әрі түркі қоғамының құндылықтарымен, әрі рулардың бірлесе құрған Түркі мемлекет түсінігімен сәйкеспейтін еді. Ахмет Яссауи Ислам дінін түркілердің жеті ата мен ру түсініктеріне сәйкестендірді. Яссауи тариқатына сай, мұсылман болғандар жеті ата түсінігінен бас тартуының керегі жоқ еді. Басқаша айтқанда Яссауи Ислам діні мен Түркі өркениетін бір-бірімен табыстырды. Осыдан бастап, далалық түріктер мұсылмандана бастады.
Өзбек ханның Ислам дінін қабылдауымен Яссауи түсінігі мемлекеттік дәрежеге көтерілді. Өзбек хан жүргізген исламдану кезеңінде Алтын Орда халқы тоқсан руға бөлінді. Әрбір руға Яссауи тариқатынан бір шейх «би» ретінде тағайындалды. Ол би рудың исламдануына және ру ішіндегі дауларға жауапты болды. Билер өздері жауапты румен ешқандай туыстық қатынасы болмағандықтан, олар әділ төрелік айтатын адамдар ретінде таныла бастады. Қазақтың «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» сөзі сол заманнан қалған сөз. Уақыт өте келе Алтын Орда халқы «тоқсан баулы өзбек» деп атала бастады. Ал әрбір рудың Яссауи тариқатынан тағайындалған билері сол рулардың ұранына айналды. Мысалға, бүгін қазақ руларының арасында «Қара қожа», «Сары Қожа», пәлен қожа, төлен қожа деген ұрандар кездеседі. Бұл ұрандар кезінде Өзбек хан тарапынан тағайындалған және сол рулардың Ислам дінін қабылдауына себепкер болған, сондай-ақ өздерінің тура сөзі, көрегенділігімен халықтың санасында қалып қойған би-қожалардың аттары болса керек.
Қорыта айтқанда, Өзбек ханның тұсында Алтын Орда Ислам өркениетінің шеңберіне енді. Қырым түбегі мен солтүстік Кавказда тіпті бүгінгі Әзірбайжанда көптеген мешіт медреселер салынды. Өзбек хан Берке ханның Мысыр мәмлүктерімен одақтастығын жалғастырып, Мәмлүк сұлтаны Насырмен құда-андалық қатынас орнатты. 1315 жылы Мәмлүк сұлтанына жазған хатында Өзбек хан Алтын Орданың исламданып біткендігін білдіреді. Дегенмен, Өзбек хан өзінен бұрынғы хандардың басқа діндерге деген кеңпейілді саясатын жалғастырды. Басқаша айтқанда Алтын Ордада Ислам-Түркі өркениетінің толерантты билігі астында Исламнан басқа Христиандық, Иудаизм, көне Тәңір діні өз тіршіліктерін жалғастыра берді. Өзбек Алтын Орданы исламдандырса да, cыртқы саясатта, Ханбалықтағы Құбылайдың ұрпағын Темір Олжайтты «Ұлы Хан» деп мойындады. 1331 жылы Ханбалықта яғни бүгінгі Пекинде жасалған картада Моңғол империясының бөлшектері ретінде Өзбек хан билігіндегі Алтын Орда, Құлағу ұрпағы Абу Сайд қарамағындағы Елхан мемлекеті және Шағатай ұрпағы Дулай Темірдің қол астындағы Орта Азия бейнеленген. Демек бұл кезеңде Шыңғыс ұрпақтарының арасындағы осы татулыққа байланысты бүкіл Еуразия аймағында тұрақтылық пен бейбітшілік орнады.