Сұлтан Байбарыс

Түркі өркениетіндегі ұлы тұлғалар - 11

754018
Сұлтан Байбарыс

Түркі өркениетін Ислам өркениетінен бөлек қарастыруға болмайтындығы белгілі. Өйткені соңғы мың жылда түріктер Ислам әлемнің қорғаушыларына айналды. Тіпті Еуропа тұрғысынан қарағанда «түрік» деген сөз «мұсылман» деген ұғымды білдіре бастады. Жалпы айтқанда, Түріктер Ислам дінімен екі жол арқылы танысты. Біріншіден түріктер Ислам дінімен мұсылман дәруіштер яғни ислам дін таратушы ұстаздар арқылы танысты. Бұл «дін ұстаздарын» әлі күнге дейін қазақтар парсы тілінде мұғалім дегенді білдіретін «хожа» немесе «қожа» сөзімен атайды. Яғни бүгін қазақтың ішінде өздерін «қожа» деп атап жүрген топ сол VIII-IX ғасырлардан бастап түркі жұртына дін тарату мақсатында келе бастаған араб, кейіннен парсы ұстаздардың ұрпағы болып табылады.

Түркілердің Исламмен танысуының екінші жолы «ғұлам» және «мәмлүк» ұғымымен байланысты болып табылады. Бұл екі ұғым билеушіге қызмет ететін әскер мағынасын білдіреді. Тоғызыншы ғасырдан бастап Аббаси халифтері түріктерді әскер ретінде жалдай бастады. Уақыт өте келе бұл әскерлердің күшті болғаны соншалық олар өз мемлекеттерін құра алатын болды. Мысалға, оныншы ғасырда Иранда құрылған Ғазнауи сұлтандығы сондай ғұлам әскерлердің құрған мемлекеті еді. Сол секілді он үшінші ғасырда Араб әлемінде құрылған «Дәулети Түркия» яғни «Түрік мемлекеті» Қыпшақ даласынан келген мәмлүк түріктердің құрған мемлекеті еді. Бүгінгі бағдарламамыз осы Түрік мемлекетінің ең жарқын билеушісі, Исламның панасы атақты Сұлтан Байбарыс туралы болмақ.

Ұлы тұлғамыздың толық аты әл Мәлик әл Захир Рукнеддин Байбарыс Бундуқдари болып табылады. 1223 жылы Қыпшақ даласында дүниеге келген. Жаугершілік заманында тұтқын ретінде қолға түсіп, ақырында шамамен он жастарында мұсылман елдерінде қызмет ету үшін құл ретінде сатылды. Байбарыс басқа түрік құлдармен бірге сол кезде Мысырды билеп тұрған Әюбилер әулетінің сұлтанының қызметіне кірді. Өзінің қабілетімен көзге түсіп, әскери шені біртіндеп жоғарылай бастады. Ақырында сұлтанның қорғаушыларының басшысы болып тағайындалды.

Он үшінші ғасырда арабтар крестшілермен қақтығысып жатқан еді. Осы қақтығыстардың бірінде 1250 жылы Байбарыс қолбасшы ретінде алғашқы жеңісіне қол жеткізді. Француз королі Луи ІХ қолбасшылығындағы крестшілерді талқандаған Байбарыс корольді тұтқынға алды. Дәл сол жылы түрік мәмлүктер Әюби әулетінің соңғы сұлтанын төңкеріп, Мысырдағы билікті өз қолдарына алды. Осылайша, Мысырда «Түрік мемлекеті» құрылған болды. Мемлекет бір әулет тарапынан емес, бір топ тарапынан құрылғандықтан, билік кезегімен бір сұлтаннан басқа сұлтанға өтіп отырды. Мәмлүк елінің күшті болуының себебі де сұлтанның мәмлүктердің арасындағы ең мықты, ең ақылды, қысқасы ел билеуге ең лайықтысының сайлануына тікелей байланысты еді. Ең алдымен Айбек сұлтан, одан кейін Құтыз сұлтан елді биледі. Осы арада Байбарыс та өзінің әскери қабілетімен, көрегендігімен көзге түсе бастаған еді.

1258 жылы шығыстан келген Құлағу Бағдатты талқандап, Аббаси халифін өлтірген еді. 1259 жылы моңғолдар Сириядағы Халеб пен Дамаскты алды. Ендігі кезек Мысырға келген еді. Екі жақ та соғысқа барынша дайындалған еді. Алайда Шыңғыс хан империясының Ұлы ханы Мәңгіхан қайтыс болғандықтан Құлағу негізгі күшін алып, Қарақорымға оралған еді. Ал оның басқолбасшысы найман Киітбұға бір немесе екі түмен әскермен және моңғолдардың өңірдегі одақтастары армян және грузин христиандар, сондай-ақ крестшілермен бірге мәмлүктерге қарсы аттанды. Мәмлүктер қолын Құтыздың өзі бастап шықты. Шайқас 1260 жылдың 3 қыркүйегінде Палестинаның Айнжалут деген жерінде болды. Бұл жерлерде крестшілермен талай соғысқан Байбарыстың тәжірибесі шайқастың тағдырын шешті. Бір қызығы Құтыз бен Байбарыстың қарамағындағы қыпшақтар да, Киітбұғаның қарамағындағы найман-керейлер де тиіп қашып, шегініп қарсыласын қоршауға алатын «тұран тактикасын» қолданды. Шешуші шайқаста Құтыздың өзінің дулығасын шығарып, әскерлеріне «Ислам атымен соғысыңдар» деген сөзі әсерлі болып, нәтижесінде мәмлүктер үстем шықты. Шегіне бастаған моңғол әскерлерін қуған мәмлүктер қолбасшы Киітбұғаны шайқас алаңында өлтірді.

Айнжалут шайқасындағы жетістігіне байланысты Байбарыс Түрік мемлекетінің сұлтаны болып сайланды. Өзінің билігінің құқықтық негізін күшейту мақсатында Аббаси халифінің ұрпағын Мысырға әкеліп «Халиф» қылып жариялады. Крестшілер мен моңғолдарға қарсы киелі соғыс «жихад» жариялап, Сирияны азат етті. Оның шабуылдарынан крестшілер сол күйі есін жия алмады. Сонымен қатар, Байбарыс Сириядан хашхаши фанатиктерін қуып шықты. Оған қоса, Иранда Елхан мемлекетін құрған Құлғудың одақтасы Арменияны да жаулады. Елхандардың Анадолыдағы одақтасы Рұм Селжукларын да талқандап, Қайсеріге дейінгі аймақты өз қарамағына қаратты.  

Сұлтан Байбарыс қираған қалаларды қалпына келтіріп, халықаралық сауданың дамуына жағдай жасады. Су каналдарын қаздырып, ауыл шаруашылығын дамытты. Мешіттер мен медреселер салды. Оның билігі кезінде төрт мазхабтың имамдары қазы болып тағайындала бастады.

Байбарыс Мысырдың басқа елдермен қарым-қатынасын күшейтті. Әсіресе, Мәмлүк мемлекетінің Алтын Ордамен одағын атап өтуіміз керек. Алтын Орда ханы Берке мен Байбарыс тек қана одақтас болып қоймай, құда-андалық қатынас та орнатты. Атап айтсақ, Байбарыс Беркеханның қызын алып, одан туған баласына Берке деп ат қойды. 

Қорыта айтқанда, Сұлтан Байбарыс билігі кезінде арабтар ең тұрақты кезеңін өткізді. Әлі күнге дейін оның өмір желісіне құралған «Сират Байбарыс» яғни «Байбарыс жолы» дастаны арабтардың арасында кеңінен таралған жыр болып табылады.



Ұқсас жаңалықтар