Қазақстанда Социалистік Мемлекеттің Құрылуы

Тарих айдынында - 7

712816
Қазақстанда Социалистік Мемлекеттің Құрылуы

Бүгінгі «тарих айдынында» сұхбатымызда, Қазақстанда социалистік мемлекеттің құрылуы жайында әңгімелемекпіз. 1917 жылы Ақпан төңкерісінен кейін Патшалық Ресейдің құлауы қазақ зиялыларын ұлттық мемлекет құру жайында үміттендірген еді. Алайда сол жылы қазан айында Большевиктердің билікке келуі ол үмітті босқа шығарды. Бүгінгі сұхбатымыз Қазақстан Кеңестік Социалистік Республикасының пайда болуы туралы болмақ.

І-дүниежүзілік соғыстың салдарынан Ресейде туындаған қиын жағдай үш ғасырлық Романовтар әулетінің билігінің жойылуына себеп болған еді. 1917 жылы 27 ақпан күні соғыс пен азық-түлік тапшылығына наразылық білдірген Петербург тұрғындарына әскерлер де қосылғаннан кейін патша ІІ Николайға тақ пен тәжінен бас тартқаннан басқа жол қалмаған еді. Сөйтіп Ресейде ғасырлар бойы жалғасқан Романовтар әулетінің билігі тоқтады.

Патшаның тақтан түсуіне және оның орнына теңдік, бостандық және әділеттілік талап еткен социалист және демократ депутаттардың билік тізгінің қолға алуына жол ашқан Ақпан төңкерісін Ресейде патшалық режимнің билігінде езгі көрген барлық орыс емес халықтар секілді қазақ халқы да үлкен қуаныш және тебіреніспен қарсы алды. Өйткені, халық арасында патшалық режимнің құлауымен барлық мәселелердің реттелетіндігі туралы нық сенім қалыптасқан еді.

Ақпан төңкерісі “Қазақ” газеті төңірегіндегі зиялыларда бір ұлттық мемлекет құру үмітін туғызды. Олар Ресейдің республикалық мемлекет ретінде қайта құратыны күтілген Құрушы Мәжілістің Дала мен Түркістан халықтарына өзін-өзі басқару мәселесінде кейбір құқтар беретініне сенді. Осы сеніммен Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсын, Міржақып Дулат сынды ұлт зиялылары Алаш ұлттық қозғалысын және Алаш партиясын өмірге әкеліп, ұлттық демократиялық мемлекет құру ісіне белсене кірісті. Сонымен қатар олар Мұхамметжан Тынышбаев пен Мұстафа Шоқайды Сырдария қазақтарының саяси хақ-құқықтарын қорғау үшін Ташкент қаласында өзбек зиялыларымен жұмыс істеуге жіберді. Сөйтіп 1917 жылдың қараша және желтоқсан айларында Түркістан мен Алаш Орда үкіметтері құрылды.

Бірақ бұл арада Ресейде билік өзгерісі пайда болып, билікке келген Ленин мен Сталиннің жетекшілігінде Большевиктер екі үкіметтің өмір сүруіне жол бермей, екеуін де күшпен тарқатты.

Бұл жағдай қазақ социалистерінің 1917 жылы қазан-қараша айларында дүниеге келген «Үш жүз» партиясына жарады.  Қазан төңкерісі жеңіске жеткен соң Көлбай Тоғысов, Тұрар Рысқұлов және Сәкен Сейфуллин сынды социалисттер Алаш партиясына қарсы ашық күреске шықты. Олар осы идеяға сеніп, қазақ халқына теңдік және бостандық алып беретіндіктерін ойлады. Бұлардың ішінде Тұрар Рысқұлов Орталық Азияның түрік тілдес халықтарын Түрік Социалистік Республикасы атымен бір ту астында біріктіруді ойлады. Бірақ ұлтқа жанашырлық танытқан осы саяси қайраткерлерін де Большевиктік билік көздеген мақсаттарына жеткізбеді.

1919 жылы 10 шілдеде В. И. Ленин Қырғыз (Қазақ) өлкесін басқару жөніндегі революциялық Комитет туралы Декретке қол қойды. Бір жылдай уақыттан кейін атап айтқанда, 1920 жылы 4 қазанда Орынбор қаласында Қырғыз Автономиялы Кеңестік Социалистік Республикасы құрылды. Ол кезде орыстар қазақтарды қырғыз, қырғыздарды қара-қырғыз деп атайтын.

Орынбор  қаласы 1920—1924 жылдары арасында Қазақстанның тұңғыш астанасы  қызметін атқарды. 1924 жылы астана Қызылордаға көшірілді. Бес жылдан кейін, яғни 1929 жылы астана Алматыға ауысты.

Азамат соғысында Большевиктерге қарсы жеңіліс тапқан Ахмет Байтұрсын сынды Алаш қайраткерлері Мәскеумен ымыраға келіп Қазақстанда социалистік үкіметтің құрамында қызмет істей бастаған еді. Олардың мақсаты жаңа қазақ мемлекетінде саясат, оқу-ағарту және кейбір мемлекеттік белгілердің дұрыс қалыптасуына күш салу еді. Осы орайда олардың елеулі табысқа жеткенін айта аламыз.

Бұлардың бірі 1925 жылы іске асып, қазақ мемлекеті “қырғыз” деген жаңсақ атаудан арылды. Сол жылғы 15 маусымдағы Бүкілодақтық Орталық Атқару комитетінің қаулысымен Қырғыз АКСР-і Қазақ АКСР-і деп аталатын болды.

1936 жылы 5 желтоқсанда қазақ мемлекеті автономиялы республикадан КСРО құрамындағы одақтас республика дәрежесіне көтерілді. Сөйтіп қазақ социалистік мемлекетінің құрылуы аяқталды. Қазақ Кеңес Социалистік Республикасы деп аталатын бұл мемлекет КСРО-дан тәуелсіздігін алатын 1991 жылы 16 желтоқсанға дейін жалғасты. 

Қазақ халқы 1925-1938 жылдары арасында аса ауыр қайғыларды бастан кешірді. 1930—1932 жылдары жүргізілген ауыл шаруашылығын күштеп ұжымдастыру кезінде қолдан жасалған аштық елді жайлады. Аштықтан және түрлі індеттерден халықтың 40%-ы, атап айтқанда үш миллиондай адам қырылды. Жаппай жазалау мен аштық жүз мындаған адамды да туған жерін тастап, көшіп кетуге мәжбүр етті.

1928 жылдың соңында басталып 1938 жылға дейін жалғасқан ұлт зиялыларын қуғындау және ату жазасына кесу халықты өзіне жан кештілікпен қызмет еткен асыл азаматтарынан айырды. Олар тек бұрынғы Алаш орданың қайраткерлері емес еді. Олармен қатар социалистік идеяға сеніп, Большевиктерге жан-тәнімен қызмет еткендер де Сталиннің қанды шенгеліне ілікті.

Сталиннің жазалаушы саясатына сай КСРО-ның солтүстігінде, Оралда, Қиыр Шығыста, Сібірде, Орталық Азияда еңбекпен түзету лагерьлер жүйесі құрылды. Қазақстан аумағында 1931 жылдан бастап Карлаг жүйесі пайда болды. Сондай-ақ Ақмолада қысқаша “Алжир” деп аталатын лагерлерде олардың әйелдері мен қыздары да жазықсыз жапа шекті.

Қазақтың жері дүниежүзілік екінші соғыстан кейін атом сынақтарымен уланды. Арал көлінің суы қате қолданулар себепті тартылды. Басқа да адам айтқысыз экологиялық апаттар Кеңестік басқару кезінде пайда болды. Халықтың тілі, діні және ділі де апатқа ұшырамай қалған жоқ. Миллиондаған адам ана тілі мен ұлттық санадан көз жазып қалды.

Бұл жағдайға одан әрі төзе алмаған қазақ жастары 1986 жылы желтоқсанда бас көтерді. Қазақ халқының демократиялық және адами қақ-құқықтарын бейбіт ереуілге шығу арқылы Мәскеудегі Кеңестік биліктің соңғы көсемі Горбачёвтан талап етті. Бұл Кеңестік тарихта алғашқы халықтық ашық көтеріліс еді. Мұндай көтерілістер осыдан кейін басқа Кеңестік республикаларда да көрініс беріп, ақырында 1991 жылы Кеңес Одағының шаңырағы опырылып ортасына түсті.

Сонымен қорыта айтар болсақ, 1920 жылы 4 қазанда автономиялы Кеңестік Республика ретінде құрылған қазақ социалистік мемлекеті 71 жылдай өмір сүрді. 1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін халқы теңдік пен бостандыққа қол жеткізді. Содан бері өткен 26 жылда Қазақстан Респуликасы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жетекшілігінде бүкіл әлемге танылып, халықаралық қауымдастықтың беделді бір мүшесіне айналып отыр. Енді бүкіл қазақ  халқының алдында бір ғана мақсат бар, ол осы тәуелсіздікті баянды етіп, Қазақстанды мәңгі елге айналдыру.

 

Әбдіуақап Қара

Мимар Синан Көркем Өнер Университетінің
профессоры, тарих ғылымының докторы



Ұқсас жаңалықтар