Артында өшпес сөз қалдырған ұлт ақыны Мағжан Жұмабай

Тарих айдынында - 04

683975
Артында өшпес сөз қалдырған ұлт ақыны Мағжан Жұмабай

Бүгінгі «тарих айдынында» сұхбатымызда, белгілі Алаш қайраткері, өлеңді музыкаға айналдырған, дыбыстан сурет тұрғызған, сөз зергері ақын Мағжан Жұмабайұлын әңгімеге арқау етпекпіз. Оның мазмұнға бай өлеңдерінде әлеуметтік тақырыптар мен ұлттың тамыры тереңде жатқан тарихи құндылықтарына бойлап қазақ әдебиетінде өшпес із қалдырғаны туралы сөз қозғамақпыз. Сонымен қатар Тұран туралы жазып, Ақсақ Темірді дәріптеген Мағжанның “Түркістан екі дүние есігі” және “Алыстағы баурыма” сынды өлеңдерімен тек қазақ халқының ғана емес, түркі дүниесінің сүйікті ақынына да айналған деп айтуға  негіз бар.

Мағжан Жұмабаев 1893 жылы  сол кездегі Омбы губерниясы, Петропавл уезіне карайтын Сасықкөл дейтін жерде дүниеге келген. Оның кішкентайынан кітапқа, білімге құштар болып өсуінде әкесі Бекен, анасы Гүлсімнің ықпалы зор болғаны анық. Өйткені кітап құмар әкенің бала Мағжанның өмірді тез тануына, оқуына, өзін жетілдіруіне жол ашқаны сөзсіз. Мағжанның шешесі Гүлсім де сауатты адам болған. Ол балаларының үйдегі кітаптарды оқуын қадағалап, кейде өзі оқып беріп, мазмұнын түсіндіріп отырған. Осындай ортада өскен Мағжан жеті жасында-ақ ұзақ қиссаларды жатқа айтатын болған.

Әкесі Мағжанды 12 жасқа келгенде Бегішев медресесіне оқуға береді. Ол мұнда төрт жыл оқып, мұсылманша орталау білім алады, арабша, парсыша, түркіше тіл біліп, сол тілдегі әдебиетпен таныса бастайды. Сонымен қатар 1909 жылы жарық көрген Абай өлеңдерін оқиды. Ол бұдан кейін Абайға еліктеп, оның ізімен өлеңдер жаза бастайды. Сөйтіп Абай оның сырласына, өмірлік ұстазына айналады. Абай туралы 1911 жылы жазған өлеңінде былай дейді:

Шын хакім, сөзің асыл - баға жетпес,

Бір сөзің мың жыл жүрсе, дәмі кетпес

Қарадан хакім болған сендей жанды

Дүние қолын жайып енді күтпес.

Қызылжар медресесінен кейін Мағжан Уфаға барып, сондағы «Медресе - Ғалияға» түседі. Бұнда ұстазы және татардың атақты жазушысы Ғалымжан Ибрагимовтың игілігі зор болады. Шәкіртінің ерекше зерек және алғыр екенін байқағаннан кейін Мағжанға: «Бұнда сен оқитын оқу жоқ, сенің білімің онсыз да асып жатыр, басқа оқу ізде» деп ақыл береді. Сонымен қатар Мағжан өлендерінің қолжазбаларын Қазан қаласында 1912 жылы кітап қылып шығарады. Сөйтіп ақынның “Шолпан” атты тұңғыш өлең жинағы басылып шығады.

Осыдан соң Мағжан 1913 жылы Омбыдағы мұғалімдер семинариясына түсіп, 1916 жылы оны медальмен үздік аяқтады. Ал 1917 жылы ақпан төңкерісі қазақ даласын дүр сілкіндіргенде, бүкіл ұлт зияларымен бірге Мағжан да елдік мұратқа жету үшін Алаш қозғалысына қатысты. Алаш Орда үкіметінің құрылуына еңбек етіп, оқу комиссиясына мүше болып сайланады.

1922 жылы Мағжан Тұрар Рыскұлов пен Сұлтанбек Қожановтың шакыруы бойынша Ташкентке келіп, онда қазақ-қырғыз оқу-ағарту институтына аға мұғалім болып орналасады. 1923 жылы Ташкентте «Өлеңдер жинағы» атты кітабы жарық көреді. «Педагогика» атты ғылыми кітабы 1922 жылы Орынборда басылып шығады. Көптеген дастандары мен өлендері «Сана» мен «Шолпан» журналдарында жарияланып жатты.

1923 жылы Оқу халық комиссарының шақыруымен Мәскеуге келіп, онда шығыс коммунистері университетінде шығыс әдебиетінен сабақ береді. «Шығыс» баспасының жұмысына қызу араласады. Қазақтың орта мектептеріне арнап оқу құралдарын дайындайды.

Мағжан Мәскеуде болған 1923-1927 жылдары сонымен бірге білімін жетілдіріп жоғарғы әдеби-көркемөнер институтында оқиды. Бұл жылдары орыс, Батыс Европа әдебиетін терең зерттеп оқиды.

1927 жылы елге оралды. Бірақ осыдан кейін оның азапты өмірі басталды. Қазақ халқының ұлттық санасын өткір де әсерлі өлеңдерімен оятып, көзін ашып жатқан ақын Кеңес үкіметіне жақпайды. 1929 жылы ұсталып, Мәскеудегі «Бутырка» абақтысына қамалады. Он жылға сотталып, Карелияға еңбек лагеріне жіберіледі. Атақты орыс жазушысы Горький мен оның әйелі Пешкова казақтың ұлы ақынының аянышты тағдырына араша түсіп, 1936 жылы КСРО Жоғарғы соты оның жазасын жеті жылға дейін кемітті де бостандыққа шығарды.

Елге оралған ақын Қызылжар каласындағы орыс орта мектебінде орыс тілі мен әдебиетінен сабақ берді. 1937 жылдың 18 наурызында Мағжан Сәкен Сейфуллиннің шақыруы бойынша Алматыға келді. Бірақ 1937 жылғы зобалаң өзге ұлт зиялыларымен бірге Мағжанға да қырғидай тиді. Кеңес үкіметіне қарсы күрес жүргізіп, Жапонияның пайдасына шпиондық жасады деген жалған айыппен ату жазасына кесілді.  1938 жылдың 19 мамырында Кеңестік жендеттер аяулы ақынды шәйіт етті. Топырағы торқа, барған жері ұжмақ болғай!

Кеңес заманындағы солақай саясат тек ұлы ақынды қана халқынан небары 45 жаста айырған жоқ. Сонымен бірге оның баға жеткісіз, мол рухани мұрасынан да айыруға тырысып, барлығына тыйым салды. Бірақ ұлы ақынды туған халқынан түбегейлі айыруға Кеңестік биліктің күші жетпеді. 1988 жылдың аяғында Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсын, Міржақып Дулат сынды ұлт зиялыларымен бірге Мағжан Жұмабай да біржолата ақталды. 1989 жылдан бастап шығармалары жарық көре бастады.

Оның артында өлмейтін сөз қалдырғанын белгілі жазушы Мұхтар Әуезов бір сөзбен кезінде былай деп айтқан еді: «...бүгінгі күннің бар жазушысының ішінен келешекке бой ұрып, артқы күнге анық қалуға жарайтын сөз - Мағжанның сөзі. Одан басқамыздың бәріміздікі күмәнді, өте сенімсіз деп білемін».

Мағжан Жұмабай туралы сұхбатымызды оның «Түркістан» атты өлеңінен үзінділермен аяқтамақпыз:

«Түркістан - екі дүние есігі ғой,

Түркістан - ер түріктің бесігі ғой.

Тамаша Түркістандай жерде туған,

Түріктің тәңірі берген несібі ғой.

 

Тұранда түрік ойнаған ұқсап отқа,

Түріктен басқа от болып жан туып па?

Көп түрік енші алысып тарасқанда,

Казақта қара шаңырақ қалған жоқ па?

Әбдіуақап Қара

Мимар Синан Көркем Өнер Университетінің
профессоры, тарих ғылымының докторы



Ұқсас жаңалықтар