Саналы ғұмырын ұлтын оятуға арнаған ақын Міржақып Дулат

Тарих айдынында - 03

669876
Саналы ғұмырын ұлтын оятуға арнаған ақын Міржақып Дулат

Бүгінгі «тарих айдынында» сұхбатымызда,         қазақтың аса көрнекті ағартушысы, қоғам қайраткері, ақын, жазушы, жалынды көсемсөз шебері Міржақып Дулат туралы әңгімелемекпіз. Оның ХХ ғасырдың бас кезінде қараңғылықта жатқан қазақ халқын ғылымға, білімге шақырған еңбектері мен Алаш қозғалысындағы саяси іс-әрекеттерінен сөз қозғамақпыз. Оның өлеңдері әлі де болса құнын жоймаған. Мәселен оның “Көзіңді аш, оян қазақ, көтер басты. Өткізбей қараңғыда бекер жасты. Жер кетті, дін нашарлап, хал арам боп. Қарағым, енді жату жарамас-ты.” деген өлен жолдары әлі де болса өзекті. Құдайға шүкір, бір ғасыр бұрынғыдай қазақ халқы қараңғылықта емес, көптеген жетістіктерге жетіп отыр. Алайда, арқаны кеңге салып жатуға болмайды. Елдің тәуелсіздігін баянды етіп, экономиканы күшейту үшін әлі де болса ізденісте болып, ғылым, білім жолында талмай шаршамай еңбек етуге тиістіміз.

Міржақып Дулат 1885 жылы, 25 қарашада Торғай уезінің, Сарықопа облысының бірінші ауылы, қазірі Қостанай облысының Жанкелді ауданына қарасты "Қызбел" ауылында туған.  Міржақыптың әкесі Дулат тері кәсібімен айналысқан. Атағы шыққан шебер кісі болған. Оның қолынан шыққан ер тұрман, етік, мәсі сынды бұйымдарға сұраныс көп болған. Шешесі  Дәмеш ойын тойдың базары, әнші кісі болған.

Міржақып алғашқы білімін ол кездегі дағды бойынша ауыл молдасынан алып, хат таниды. Молдада екі жыл оқығаннан кейін, 1897-1902 жылдары ауыл мектебінде орысша оқытатын Мұқан мұғалімнен дәріс алады. Бұл мектеп Міржақыптың білімін толықтырумен қатар, азамат ретінде қалыптасуына да аса зор ықпал жасайды, Мұқан мұғалім ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсарин іргетасын қалаған оқу орнының, дәлірек айтқанда, Торғай қаласындағы уездік орыс-қазақ мектебінің түлегі болатын. Өз шәкірттеріне де ол осы рухта тәлім-тәрбие, терең білім береді.

Міржақып анасынан екі жасында, әкесінен он екі жасында айырылып, ағасы Асқардың қолында тәрбиеленеді. Асқар әкесі Дулаттың өсиеті бойынша Міржақыптың оқып, білімді азамат болып, өсуін қамтамасыз ету үшін барын ортаға салады. Сөйтіп інісінің білім алуына жағдай жасайды. Ағасының қамқорлығының арқасында Міржақып ауыл мұғалімі болып шығады. Зерек жас жігіт мұғалім болып қана шықпайды. Оқу кезінде өз бетінше талпынып, орыс тілін де жетік меңгеріп алады. Сөйтіп орыстың озық ойлы жазушыларының  еңбектерімен танысып, біліміне білім қосып, көкжиегін кеңейтеді.

Міржақыптың саналы өмірінде 1904 жыл ерекше маңызға ие. Өйткені сол жылы ол Омбы қаласына келеді. Бұл жерде кемеңгер қоғам қайраткері, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлымен танысып, кейін өте жақын қарым-қатынаста болады. Тіпті бірі ұстаз, бірі  ізбасары ретінде жұптарын жазбайды.

«Оян қазақ» деп халқының көзін ашуға бүкіл күшін салған Міржақыптың Ахаңмен жіті байланысын белгілі ғалым Ақселеу Сейдімбек “Ел тұтқа” есімді еңбегінде былай деп суреттейді:

“Міржақып «Оян, қазақ!» деп ұрандаудан танған жоқ. Сондықтан да оның үні қалың ұйқыдағы қазағын құлағының түбінен «маса» болып, маза бермей ызыңдап оятуды мұрат тұтқан өзінен он екі жас үлкен рухани ағасы Ахмет Байтұрсынұлының үнімен қатар естіліп, қазақ даласын қатар шарлады. Сол егіз үн тарих мінбесінен қатар көрінген екі алыптың қашан соңғы демдері таусылғанша, тағдыр талқысымен екеуі екі жақта жүрсе де, қуғынға түсіп, қамауға алынса да үзілмей, қатар естіліп тұрды. Ол екеуі екі атадан туса да, бір туған бауыр еді, екі баспен ойласа да, қорытар ойы бір еді, екі ауызбен сөйлесе де, шығар сөзі бір еді. Өйткені оларды туыстырған халқының мүддесі, ойландырған халқының қамы, сөйлеткен халқының мұң зары болатын. Сондықтан да халқы оларды жанашыр жақыным деп білді, олардың жұбын жазбай, «Ахаң Жахаң» деп бірге атады.”

1905 жылы Міржақып Ахмет Байтұрсынұлымен бірге Қарқаралыдағы саяси-бұқаралық жұмыстарға қатысады. 1905 жылы патша өкіметіне қазақ халқының атынан петиция жазушылардың қатарында болады.

1909 жылы Міржақыптың “Оян қазақ” атты алғашқы өлендер жинағы жарық көрді. Бұл ол кездегі қазақтар арасында саяси сананы қалыптастыру барысындағы маңызды шығармалардың бірі еді. Уфада жарық көрген шығармасын Міржақып Дулат қазақтарға ықпал ету үшін Абай секілді өлең түрінде жазды. Шығармасында Дулат қазақтарды әр нәрсеге немқұрайдылық таныту әдетінен арылып, сілкініс жасап, қараңғылықтан шығуға үндеді. Дулаттың бұл кітабы қазақтардың саяси санасының оянуына үлкен әсер етті.

Бір жылдан кейін, атап айтқанда 1910 жылы Міржақыптың “Бақытсыз Жамал” атты романы жарық көрді. Бұл қазақ тілінде жазылған алғашқы роман болып табылады. Дулаттың ақын ғана емес, мықты жазушы екенін де әйгілеген бұл шығармада езілген қазақ әйелінің өмірі сипатталады.

1913 жылы қазақ қоғамдық өміріндегі маңызды оқиға «Қазақ» газеті шыға бастады. 1910- жылдардағы аумалы-төкпелі кезеңде, қазақтардың саяси өміріне бағыт-бағдар берген “Қазақ” газеті кейіннен Алаш партиясының ресми баспасөз органына айналды. Аталған газетті Думаның бұрынғы мүшесі Әлихан Бөкейхан, “Қырық мысал” кітабының авторы Ахмет Байтұрсын және “Оян қазақ” кітабының авторы Міржақып Дулат басқарды. Саяси мақалалармен қатар әдебиет, тарих, салт-дәстүр және заң секілді қоғамның әртүрлі саласына қатысты тақырыптар орын алған газеттің рухы Зәки Уәлидидің атап өтуінше, Әлихан Бөкейхан еді. Сол дәуірдің алдыңғы қатарлы аталмыш үш қазақ зиялысы газетке бағыт-бағдар беріп отырды. Газет 1916 жылғы көтеріліс, Ақпан және Қазан төңкерістері секілді маңызды саяси оқиғаларда қазақ халқының мүддесін қорғау барысында маңызды рөл атқарды.

Дулат 1917 Ақпан төңкерісінінен кейін қазақ халқының ұлттық мемлекетін құру барысындағы саяси мәселелерге белсене араласып, Алаш Қозғалысының жетекшілерінің біріне айналды. Бірақ Большевик күштері Алаш жетекшілерінің арманын жүзеге асыруына мүмкіндік бермеді. Дулат 1920-жылдан кейін Ташкентке келіп, “Ақ жол" газетінде қызмет атқарды. Екі жылдан соң жазықсыз қамауға алынды. Түрмеден шыққан соң, 1922-1926 жылы Орынбордағы ағарту институтында оқытушы болды. 1928 жылдың аяғында тұтқындалып, сотталды да он жылға бас бостандығынан айрылды. 1935 жылы қамауда қайтыс болады. Саналы өмірін халқына арнаған Міржақып Дулаттың жатқан жері торқа, барған жері ұжмақ болғай!

Міржақып Дулат туралы сұхбатымызды оның әлі де болса  өміршеңдігін жоймаған әр саналы қазақтың ойын ортаға салған бір шумақ өлеңімен аяқтамақпыз:

Мен біткен ойпаң жерге аласа ағаш,

Емеспін жемісі көп тамаша ағаш

Қалғанша жарты жаңқам мен сенікі —

Пайдалан шаруаңа жараса, Алаш!

Әбдіуақап Қара

Мимар Синан Көркем Өнер Университетінің
профессоры, тарих ғылымының докторы



Ұқсас жаңалықтар