Кемеңгер қоғам қайраткері, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы

Тарих айдынында - 2

664900
Кемеңгер қоғам қайраткері, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы

Бүгінгі «тарих айдынында» сұхбатымызда қазақтың ғылым, әдебиет, саясат және оқу-ағарту саласындағы сегіз қырлы бір сырлы ұлы перзенті Ахмет Байтұрсынұлына тоқталамыз. Оның қазақ халқының білім мен мәдениет саласындағы баға жетпес қызметтері мен еңбектері туралы сөз қозғаймыз. Өз заманында ақын, аудармашы, ғалым ретінде танылған Ахмет Байтұрсынұлының жазған кітаптары қазір де қолданыста жүр. Оның 1912 жылы араб әріптері негізінде жасаған және “төте жазу” деп аталған қазақ әліпбиін Шығыс Түркістан қазақтары табысты түрде қолданып келеді. Артында өшпес мәдени мұра қалдырған Байтұрсынұлының қызметтерін бүгінгі таңда ғалымдар айтып айтып тауыса алмауда.

Ахмет Байтұрсынұлы 1872 жылы 5 қыркүйекте Қостанай округі, Торғай уезі, Тосын болысының 5-ауылына қарасты Сартүбек елді мекенінде дәулетті отбасында дүниеге келген.

1895 жылы Орынбор мұғалімдер мектебін бітіргеннен кейін Ақтөбе, Қостанай, Қарқаралы уездерінде ауылдық, болыстық мектепте, екі сыныптық училищеде оқытушылық қызмет атқарады. Сонымен қатар қазақ халқынын ол кездегі ауыр жағдайына араша түсу барысында өлеңдер жазды, саяси жиындарға қатысып жүрді.

Оның халқын көзін ашу бағытындағы іс-қимылдары отаршыл билеушілерді мазасыздандырды. 1908 жылы саяси көзқарасы үшін Қарқаралы абақтысына қамалды. 1910 жылы Орынборға жер аударылды. Орынбор қаласына жер аударылуы Ахаңның өмірінде бір белес деп айтуға болады. Өйткені мұнан кейін оның ұлт өміріндегі ұлы істердің басы қасында жүргенін көреміз.

Орынборда 1911 жылы «Маса» деген атпен өлеңдері жеке кітап болып жарық көрді «Масадағы» өлеңдерімен халықты оқуға, өнер-білімге шақырды, елдің алға басуының еңбек арқылы болатынын шегелеп айтты. Байтұрсынұлы сонымен қатар А.С.Пушкин, М.Ю.Лермонтов, Ф.Вольтер, С.Я.Надсон сынды шетел ақындарының өлеңдерін  қазақ тіліне аударды.

Ең маныздысы қазақ халқының тіл мен жазуына көңіл бөліп, «Оқу құралы» қазақша әліппесінің бірінші кітабы да жарыққа шығарды. Сондай-ақ сол жылы араб әліпбиіне бетбұрыстық реформа енгізіп оны оңай жазып, оңай оқылатын қып қазақтың тіліне бейімдеді. Төте жазу деп аталған осы әліпби Қазақстанда 1926 жылға дейін қолданылды. Ахаң бұл жолдағы ұмтылыстарын бір сөзінде былай деп түсіндіреді:

“Орынборға келгеннен кейін, ең алдымен, қазақ тілінің дыбыстық жүйесі мен грамматикалық құрылысын зерттеуге кірістім; одан кейін қазақ әліпбиі мен емлесін ретке салып, жеңілдету жолында жұмыс істедім, үшіншіден, қазақтың жазба тілін бөтен тілдерден келген қажетсіз сөздерден арылтуға, синтаксистік құрылысын өзге тілдердің жат әсерінен тазартуға әрекеттендім; төртіншіден, қазақ прозасын жасанды кітаби сипаттан арылтып, халықтық сөйлеу тәжірибесіне ыңғайластыру үшін ғылыми терминдерді қалыптастырумен айналыстым.”

Байтұрсынұлының ғылыми терминдерді қалыптастырудағы қызметін жоғары бағалаған белгілі тіл ғалымы профессор Шерубай Құрманбай оны «қазақ ғылыми терминологиясының атасы» деп сипаттауда.

1913 жылы болса Алаш ұлттық қозғалысының ұйтқысы болған «Қазақ» газетінің Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулат сынды есімдермен бірге ұйымдастырушысы болды және бас сарапшысы қызметін атқарды.

«Қазақ» газетінің 1918 жылға дейін қазақ халықының һәм көзі, құлағы һәм тілі болып  маңызды жұмыс атқарғанын ескергенде, сол газетті басқарып отырған Ахаңды қазақ кәсіби журналистикасын қалыптастырған ірі қайраткер деп айтуға негіз бар.

1917 жылы ақпан төңкерісімен Ресейде патшалық биліктің құлауы Ахмет Байтұрсынұлының қазаққа бостандық, теңдік әперу жолында саясатқа белсенді араласуына түрткі болды. Негізінде Ахаңа саясат жат дүние емес еді. Ол мұнан 12 жыл бұрын  атап айтқанда 1905 жылы  14500 адам қол қойған Қарқаралы петициясына қол қоюшылардың және авторларының бірі болған еді.

Ресейде патшалық биліктің 1917 ақпан төңкерісімен құлауымен қазақ халқының өзінің ұлттық мемлекетін құру мүмкіншілігі туып, қазақ зиялылары Әлихан Бөкейханның жетекшілігінде «Алаш» ұлттық қозғалысын құрып қимылға көшті. 1917 жылы 5-13 желтоқсан аралығында Орынборда өткен екінші жалпы қазақ құрылтайы шешімімен құрылған Алашорда үкіметінің құрамында Байтұрсынұлы оқу-ағарту комиссиясының төрағасы болып сайланды. Сөйтіп Байтұрсынұлы халқының жаңа заманғы білім мен ғылымның жетістіктеріне қол жеткізуі үшін бар күшін аямай жұмысқа кірісті.

Бірақ Қазан төңкерісімен Ресей билігін қолына алған большевиктердің күн сайын күшеюі Ахаң және өзге Алаш қайраткерлерінің алға қойған мақсаттарын жүзеге асыруына мүмкіндік бермейтіні белгілі болды.

Осындай жағдайда Ахаң 1919 жылдың наурызында Кеңестер өкіметі жағына өтті,  өлкеде құрылған Революциялық комитет құрамына енді. Ол кейін Республика халық ағарту комиссары қызметінде болып, қазақты ағарту ісіне белсенді араластыруға, осы саланы аяғынан тұрғызуға қыруар еңбек сіңірді.

Қандай жағдай болса да, халқына жан тәнімен қалтқысыз қызмет істеген Байтұрсынұлы Кеңестік билікке де жақпады. Алматыда 1929 жылы маусымда тұтқындалып, оған «Кеңес өкіметіне қарсы контрреволюциялық ұйым құрды, Орта Азиялық пантүркішілдік ұйымының басшысы Валидовпен байланыста болды, Қазақстанда қарулы көтеріліс дайындады» деген негізсіз жаламен айып тағылды.

Алдымен 1930 жылы өлім жазасына кесілген Байтұрсынұлының үкімі кейін жеңілдетіліп Архангельскіге жер аударылды. 1934 жылы босатылып Алматыға қайтып келгенімен, 1937 ж. тамыз айында Ахмет Байтұрсынұлы тағы да қамауға алынды да, алты айдан соң, желтоқсанның 8 күні атылды. Өстіп еліне бостандық пен тендік алу жолында шәйіт болған Ахаңның жаны жаннатта, жатқан жері торқа болсын дейміз.

Халқының тек азаттығы үшін ғана емес, сонымен қатар мәдениетінің деңгейін де көтеру үшін орасан зор қызмет атқарған Байтұрсынұлы сынды тұлғалар адамзат тарихында некен саяқ кездеседі. Сондықтан оны елі ешқашан ұмытпақ емес. Оның атында қазіргі таңда Қазақстанда онға тарта мектеп, университет және тіл білім институты бар. Сонымен қатар Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен қызметіне арналып Алматы қаласында 1993 жылы мұражай-үйі  де ашылған.

Сұхбатымызды қазақ әдебиетінің белгілі зерттеушісі профессор Серік Қирабаевтің сөзімен аяқтаймыз: “Оның ақындығын ғалымдығы жеңіп кетті… Қазақ даласына азаттық идеясы тарай бастаған тұста жаңа поэзияның бастаушысы, алғашқы ту ұстаушысы болып Ахмет қашан да тарих биігінде тұрады.”

Әбдіуақап Қара

Мимар Синан Көркем Өнер Университетінің
профессоры, тарих ғылымының докторы



Ұқсас жаңалықтар