Алаш жетекшісі Әлихан Бөкейхан

Тарих айдынында - 1

653278
Алаш жетекшісі Әлихан Бөкейхан

Бүгін Қазақстан тарихында орны ерекше тұлға Әлихан Бөкейханға тоқталмақпыз. Оның қазақ тарихындағы орны мен кісілік келбеті туралы сөз қозғамақпыз. Бөкейхан Патшалық Ресейдің 1917 жылы Ақпан төңкерісімен ыдырауынан кейін қазақ халқының заманауи мемлекет құруына басшылық жасаумен ерекшеленеді. Ол - бір сөзбен айтқанда қазақ халқының мемлекеттік идеологиясының негізін қалаушысы. Бүгін тәуелсіздігінің 25 жылын аяқтап 26 жылдың табалдырығынан аттаған және халықаралық көлемде беделге ие болып отырған Қазақстан Республикасының заманауи мемлекеттігінің негіздері де Әлихан жетекшілік жасаған Алаш Орда қозғалысында жатыр.

Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан тек қоғам және мемлекет қайраткері, ұлт-азаттық қозғалыс жетекшісі ғана емес, сонымен қатар публицист ғалым, аудармашы. Ол 1866 жылы 5 наурыз күні бұрынғы Семей облысы Қарқаралы уезі Тоқырауын болысының 7 – ауылында дүниеге келген. Оның туғанына 150 жыл толуы өткен жылы, яғни 2016 жылы ЮНЕСКО-ның шешімімен әлемдік деңгейде тойланды. Қазақстан, Түркия және Еуропа елдерінде көптеген іс-шаралар өткізілді. Осы орайда белгілі Әлихантанушы ғалым, профессор Сұлтанқан Ақұлұлы Бөкейханның 15 томдық шығармалар жинағын жариялады.

Жас кезінен зерек болған Әлихан Қарқаралыда  оқыған медресені қанағат тұтпай, қаладағы үш сыныпты бастауыш мектепті оқып шықты. Одан кейін ғылым мен білімге сусаған жас жігіт 1879-1886 жылдары Қарқаралыдағы қазақ балаларына арналған мектепте оқыды. 1886-1890 жылдары Омбыдағы техникалық училищеде оқып, «техник» мамандығына ие болды. Ол бұдан кейін жоғары оқуын Санкт-Петербург қаласына барып жалғастырып, Орман институтының экономика факультетінде оқыды. Студент болып жүрген кезінде–ақ саяси талас-тартысқа белсене араласып, ұлт-азаттық қозғалыстарға қосылып жүрді. Сол кездің өзінде «саяси белсенділігі үшін» патша жандармериясының қара тізіміне ілігіп, бірнеше дүркін бас бостандығынан айрылған еді.

Әлихан Бөкейхан халықтар түрмесі деп аталған Ресейдегі патшалық билік 1917 Ақпан төңкерісінен соң жойылғаннан кейін қазақ зиялыларының ұлттық мемлекетінің негізін қалау іс-қимылдарына жетекшілік жасай бастады. 1913 жылдан бері “Қазақ” атында газет шығарып халқының көзін ашуға, оқу мен білімге құштарлықтарын арттыруға күш жұмсап келе жатқан Әлихан Бөкейхан Ахмет Байтұрсын және Міржақып Дулат сынды зиялылармен бірігіп Патшалық Ресейдің орнына құрылатын жаңа демократиялық Ресей Федерациясының құрамында бір ұлттық автономиялық мемлекет құру жұмысына атсалысты.

Осы орайда маңызд бір қадам 1917 жылы 21-26 шілдеде Орынборда басылып, жалпы Қазақ құрылтайының біріншісі ұйымдастырылды. Оған Ақмола, Семей, Торғай, Орал, Жетісу, Сырдария, Ферғана өлкелері мен Ішкі Бөкей ордасынан өкілдер қатысты. Осы бірінші жалпы Қазақ құрылтайында мемлекеттік басқару нысаны, қазақ өлкелері автономиясы, жер мәселесі, халыққа білім беру, сот, милиция, рухани мәселелер т.б. қаралды. Сонымен қатар жаңа мемлекеттік құрылымды іске асыру барысында ұлттық саяси партия құру қажеттігі белгілі болды.

Осы шешімге сай «Алаш» партиясы құрылды, оның бағдарламасы қабылданды, төрағасы  Ә.Бөкейхан болып сайланды. Алаш партиясының негізгі мақсаты қазақ елін отарлық езгіден азат ету, автономиялы, тәуелсіз ел болу, қазақ елін әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамыту болды.

Алашорда үкіметінің құрылуы 1917 жылғы 5-13 желтоқсан аралығында Орынборда өткен екінші жалпы Қазақ құрылтайы шешімімен жүзеге асты. Құрылтайды ұйымдастырушылар  Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынов, Елдес Омаров, Сағындық Досжанов және Міржақып Дулатовтар еді. Бөкейхан бұл құрылтайда Алашорда үкіметінің төрағасы болып сайланды. Онда қаралған аса маңызды мәселелер: қазақ автономиясы; милиция құру; ұлт кеңесі; оқу мәселесі т.б.

Осы құрылтайда автономияны жариялау мерзімі туралы қызу тартыстар бірнеше күнге созылды. Алаш жетекшілері алдымен автономия жариялап, кейін ыңғайлы жағдай болғанда тәуелсіз мемлекет құруды көздеді. Өйткені, 1917 жылы жағдайында дербес мемлекет құратын басқару тәжірибесі бар қадрлар, мамандар және армия офицерлері қазақтар арасында жоқтың қасы еді. Себебі Патшалық Ресей билігі ғасырлар бойы әдейі қазақтарды қараңғылықта ұстап отырған болатын.

Өкінішке орай Алашорда үкіметі ұзаққа бармады. Ол 1917 жылдың желтоқсанынан – 1920 жылдың басына дейін екі жарым жылдай уақыт қана өмір сүрді. Большевик үстемдігі ұлттық демократиялық мемлекеттін қанат жаюына мүмкіндік бермеді. Бұл арада 1917 жылғы қарашадан – 1918 жылғы ақпан айы аралығында Қоқан қаласында Түркістан автономиясы болды. Мұны да Алаш қозғалысының бір бөлігі ретінде санаған дұрыс. Өйткені онда Әлихан Бөкейханның тапсырмасы бойынша алдымен Мұхаметжан Тынышбаев, кейін Мұстафа Шоқай жетекшілік жасады. Бұл тақырыпты кең көлемде Мұстафа Шоқай туралы алда болатын сұхбатымызда әңгімелейтін боламыз.

Қазақ халқының заманауи мемлекеттігінің алғашқы іргетасының қалануына жетекшілік жасаған Әлихан Бөкейхан 1937 жылы Кеңестік билік тарапынан атылып өлтірілді. Сонымен қатар Кеңестік одақ  кезінде Бөкейхан және өзге Алаш қайраткерлерінің атын атауға тыйым салынды. Бірақ Кеңестік билік Бөкейханның жарқын бейнесін қазақ халқының жүрегінен өшіре алмады. Өйткені Бөкейхан 1914 жылы жазған мақаласының бірінде “Тірі болсам, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын” деп, ұлтына қызметтен ешқашан кенже қалмаған еді.

Сонымен қорыта айтар болсақ, Әлихан Бөкейхан бүгінгі тәуелсіз Қазақстан тарихында есімі алтын әріптермен жазылатын бірегей тұлға. Ол тек саяси іс-қимылдарымен қана емес, ғылыми-публицистикалық шығармашылығымен де қазақ халқының ұлттық сана-сезімін оятуға, жан- жақта шашырап жүрген бүкіл қазақ халқын Алаш туының астында біріктіруге күш жұмсады. Сондықтан оның өткен жылғы 150 жылдығы тек Қазақстанда ғана емес, сонымен бірге әлемде қазақтар тұратын басқа елдерде де жан жақты аталып өтті. Оның есімі қазақ халқының жадында мәңгі сақталары сөзсіз.

Әбдіуақап Қара

Мимар Синан Көркем Өнер Университетінің

профессоры, тарих ғылымының докторы



Ұқсас жаңалықтар