Юсуф Хас Хажиб Баласағұни

Түркі өркениетінің ұлы тұлғалары - 13

513461
Юсуф Хас Хажиб Баласағұни

Түркі халықтары Ислам дінін қабылдағаннан кейін Ислам өркениетінің аясына кірді. Алайда, түріктер Ислам дінін қабылдағанда мысырлықтар немесе ирактықтар секілді арабтанып кетпеді. Ислам дінін Түркі өркениетімен үйлестіре білді. Осы үдеріс кезінде бір жағынан түріктер жаңа діннің қағидаларын қабылдай бастаса, енді бір жағынан өздерінің құндылықтарын да Ислам өркениетіне таныта бастады. Ислам дінін ресми мемлекеттік дін деп жариялаған Қарахан мемлекетінде Түркі-Ислам өркениетінің ең үздік үлгілері дүниеге келді. Осы дүниелердің бірі де бірегейі –Құтадғу білік. Олай болса бүгінгі әңгімеміз осы теңдессіз шығарманың қаламгері Юсуф Хас Хажиб Баласағұни және оның осы еңбегі туралы болмақ.

Ұлы тұлғамыз 1017 жылы Қарахан мемлекетінің астанасы Баласағұнда туылып, 1075 жылы Қарахан мемлекетінің шығыс астанасы Қашқар  қаласында қайтыс болған. Толық аты мен атағы Юсуф Хас Хажиб Баласағұни. Бұл жердегі Юсуф дегені өз аты. Соңындағы Баласағұни дегені оның Баласағұн қаласында туылғандығын білдіреді. Хас Хажибке келетін болсақ, бұл Юсуф Баласағұнның кейіннен алған атағы. Мағынасы хан сарайы мен халықтың арасындағы дәнекер дегенді білдіреді. Арабтар бұл сөзді уәзір мағынасында да қолданған. Бұл сөздің енді тағы бір мағынасы ақындардың дүлдүлі дегенді білдіреді. Мұндай атақ Юсуфқа «Құтадғу Білік» еңбегі үшін берілген. Расында, Юсуф Баласағұнның сан ғасырлар бойы ұмытылмай келе жатқандығы міне осы еңбегінің арқасында. Енді осы мың жылдық тарихы бар еңбекке тоқталайық. Өйткені Юсуф Баласағұниді Хас Хажиб қылған шығарма осы туынды.

«Құтадғу білік» Түркі өркениетінің негізгі іргетастарының бірі болып табылады. Исламға дейінгі Түркі өркениетінің тудырған басты жәдігері Орхон Енисей тасжазбалары болса, Түркі-Ислам өркениетіндегі ең маңызды жәдігерлердің бірі – осы кітап. Бұл еңбек түріктердің ел басқару түсінігін баяндайды. Осы тұрғыдан қарағанда бұл кітап Орхон тасжазбаларының жалғасы болып есептеледі. Кітап түрік тілінде бірақ араб әріптерімен жазылған. Демек, түріктер бұл кезеңде өздерінің төл жазуынан бас тартып, араб жазуына өте бастаған. Оның үстіне Юсуф еңбегін парсы әдебиеті стилімен жазған. Сонда бұл шығарма Исламнан бұрынғы Түркі өркениеті мен Түркі-Ислам өркениетінің арасындағы көпір іспеттес рол атқарады.

Сонымен кітап ел билеу, мемлекет басқару істеріне арналған. Бір өкініштісі осы уақытқа дейін еңбектің атауы – «Құтадғу білік» сөзі «бақытқа апарар жол», «адамды бақытты ететін білім» ретінде аударылып жүр. Шын мәнінде «құт» ұғымы Орхон тасжазбаларында байқағанымыздай, Тәңірдің билеушіге берген күші болатын. Басқаша айтқанда қағанның будунды билеу құқығы еді. Ұлы ғұндар мен Көк түріктер кезіндегі бұл «құт» ұғымы Түркі-Ислам кезеңінде «саясат», «саяси», «ел билеуге қатысты», «мемлекет басқаруға қатысты» мағынасына ие болған. Осы мағыналарды есепке ала отырып, «Құтадғу білік» сөзіне қайта үңілетін болсақ, бұл сөздің «ел басқару білімі» яғни парсы тіліндегі «саясатнама» сөзінің түрікше баламасы екендігіне көз жеткіземіз.

Кітап төрт кейіпкердің айналасында өрбиді. Олар Күнтуды, Айтолды, Үгітілміш, Ұйғармыш. Күнтуды – билеуші, оның негізгі міндеті – әділетті орнату. Айтолды – уәзір, оның міндеті – даму мен табысты қамтамасыз ету. Үгітілміш – білге-данышпан, оның міндеті – ақылдың жолын көрсету. Ұйғармыш болса – дәруіш, оның міндеті – ақыретті, дүниенің пәни екендігін еске салу. Билеушінің «Күнтуды» атауы Көктүріктердің мемлекеттілік түсінігін еске түсіреді. Олардың түсінігінде көкте бір тәңір, жерде де бір қаған болады. Қаған бірліктің белгісі. Күн де жалғыз. Күн де бірліктің белгісі. Билеушінің негізгі міндеті әділдікті орнату болуы да түрік мемлекет басқаруының басты ерекшелігі екендігі белгілі. Түрік билеушілері тек өз елінде ғана емес, бүкіл әлемде әділдікті орнатуды өзіне мақсат қып қоятын. Түріктер әділдіктің орнаған жерін «ел» деп атайтын. Қарахандар кезінде осы «ел» ұғымы Ислам дінінің әділет ұғымымен әдемі үйлесімін тапты.

Айдың өз нұрын күннен алатыны секілді Айтолды уәзір ретінде өз күшін Күнтудыдан алады. Қазіргі тілмен айтқанда атқарушы билік өз күшін елбасыдан алады. Айтолдының міндеті байлық пен бақытты қамтамасыз ету. Көктүріктерде билеушінің міндеті аш халықты тойдыру, жалаңаш халықты киіндіру еді. Бұл жерде де сол түсініктің жалғасын көреміз. Қысқаша айтқанда, түрік мемлекетінің міндеті халқына қызмет ету болып табылады. Билеуші халқының қызметшісі болып есептеледі.

Үгітілміш ақыл мен қисынның белгісі. Түріктер көне заманнан ақылға, қисынды сөзге мән беретін еді. Бұны көне түрікшеде «ес» деп атайды. Түркі-Ислам өркениетінде «ес» ұғымы бірте-бірте «ақыл» сөзімен алмастырылды. Есті адамды түріктер «білге» деп атайтын. «Білге» сөзі де уақыт өте келе ұмытылып, орнына парсы тіліндегі «данышпан» сөзі келді. Түркілер «кеңеске» яғни ақылдасуға ертеден көп көңіл бөлетін. Құтадғу білікте де кеңесудің небір керемет мысалдарына куә боламыз.

Ұйғармыш түріктердің уақыт түсінігін жақсы жеткізеді. Бұл жерде «ажун» сөзі «дүние» сөзімен, «жалған» сөзі «пәни» сөзімен алмаса бастады.

Қорыта айтқанда Юсуф Хас Хажибтің еңбегі «Құтадғу білік» яғни, «Ел билеу білімі, Мемлекет басқару ілімі» кітабы түріктердің мемлекет пәлсапасын жақсы түсіндіріп береді. Осы еңбектің арқасында біз Исламнан бұрынғы түріктердің мемлекет түсінігі мен Түркі-Ислам өркениеті кезеңіндегі мемлекет түсінігі арасында сабақтастық көреміз. Міне сондықтан Юсуф Хас Хажиб Баласағұни Түркі өркениетінің ұлы тұлғасы болып саналады.



Ұқсас жаңалықтар