Білге Тұңғиық

Түркі өркениетіндегі ұлы тұлғалар - 09

498881
Білге Тұңғиық

Кезгелген ханның қасында ақылды, көреген кеңесшісі болмаса, ол ханның жетістікке жетуі неғайбыл болады. Сондықтан қолына билік ұстаған хандардың табысқа жетуі көбінесе оның қабылдаған шешімдерінің туралығына және ол шешімдердің уақытында қабылдануына байланысты десек, ол шешімге тікелей ықпал ететін тұлға билеушінің кеңесшісі болған. Мысалға Оғыз қағанның жанындағы Қорқыт атаны, Шыңғыс ханның қасындағы Майқы биді, Өзбек ханның жанындағы Баба Түкті Шашты Азизді, Әз Жәнібектің қасында Асан Қайғыны, Абылай ханның қасындағы Бұқар жырауды айтуға болады. Ал Түркі өркениетінің қалыптасуында әсіресе Елтеріс Құтлық қағанның тұрғызған Екінші Көк түрік қағанатының жандануында шешуші рөл ойнаған қағанның досы, кеңесшісі Білге Тұңғиық екендігі айқын.

Ұлы тұлғамыздың өмірін баяндамастан бұрын оның аты мен атағына тоқтала кетейік. Тұлғамыздың аты тасжазбаларда сына жазуында бес әріппен белгіленген. Олар т, ұ, ң, қ, қ. Бұл жазуды Али Елеве мен Т.Текин «тұңғыш уәзiр» деп түсінеді. Сол секілді, С.Г. Кляшторный қытайша юань-чжень лауазымының көне түрiкшесi Тонықұқ «тұңғыш бұйрық» деп жорамалдайды. Осылардың дәйегі – Тұңқиықты қытай деректері Юан Чын деп беруі. Юан чын деген қытай тілінде алғашқы уәзір дегенді білдіретінен ескерсек, Тұңғиықтағы «тұңқ» тұңғыш дегенді білдіреді.  

Бұдан басқа, А.С. Аманжолов «-нй//-нч» дыбыстық сәйкестiгiне сүйенiп Тоңұқұқ аты «тұңұқ-тұнйұқ-тұнжұқ+ұқ» «тұнжыраған, қайғырған, қайғылы» деген мағыналы деп қарастырады. Ол өз сөзінде былай дейді: «Бiздiң пiкiрiмiзше, түрiк бiтiгiнде Tuňuq-Uq / Tuňïq-Oq деп белгiленген. «ñ» - фонемасы «таңдай дауыссызы» болып табылады. Тұнық // Тұнұқ – «тұнық, тұңғиық, тереңге жеткен» немесе «кiршiксiз таза мөлдiр, сұңғыла» деген мағыналы сөзге + ұқ // оқ «ұғым, ой, бiлгiрлiк» деген мәндi сөзi бiрiгiп «тұңғиық таза ақыл ойдың иесi, хакiмi» Тұнық-ұқ // Тұнұқ-ұқ деген ұлы данышпан бабамыздың ырым-жосындық аты деп танимыз.»

Сонымен ұлы тұлғамыздың аты Тұңғиық болып шығады. Ал оның атағына келетін болсақ, оның ресми қызметі «бұйрық» болған. Бұйрық деген ұғым көк түріктерде уәзір, кеңесші деген мағынада қолданылған. Бұдан басқа, Тұңғиық өзіне орнатқан бітіктаста яғни тасжазбада өзін «Жеті жүз кісіні соңынан ерткен ұлы шад едім, Елтеріс «жиыл» деді, жиюшы мен едім.» деп көрсетеді. Шад дегеніміз белгілі бір жерді не руды басқару үшін қаған тарапынан тағайындалатын адам. Шайқас алаңында әдетте ябғу оң қанатты басқарса, шад сол қанатты басқарады. Сонымен қатар, Тұңғиыққа Елтеріс Құтлық қаған «Апа тархан» деген атақ берген. Тархан немесе дархан дегенді бүгінгі «генерал» мағынасында түсінуге болады. Ал «Апа тархан» деген басқолбасшы дегенді білдіреді. Бұл Тұңғиықтың ресми атақтары болса, халық оны «білге» деп атаған. Сондықтан, Тұңғиық өзінің бітіктасында «Мен Білге Тұңғиық» деп жазады. Білге дегеніміз, бүгінгі тілімізбен айтсақ, данышпан, ақылгөй, көреген, білгір деген сөз.

Енді осы білге адамның өмірбаянына келсек, өзінің сөзімен айтқанда, «Мен Білге Тұңғиық Қытай жерінде туып өстім. Ол кезде түрік халқы Қытайға бағынышты еді.» Тарихтан белгілі болғандай 630 жылы Бірінші Түрік қағанаты құлағанда, Қытай елі түріктерді ассимилияциялап мәңгүртке айналдыру үшін оларды ішкі Қытайға апарып орналастырған еді. Тұңғиық сол жерде туылып, қытайдың тәрбиесін алып өскен. Құтлық көтеріліс бастағанда, Қытайдан қашып барып соған қосылған. Деректерге қарағанда Елтеріс Құтлық қаған Тұңғиықтың оны қолдауына қатты қуанған. Құтлықтың «Елтеріс» атағын алып, хан сайлануында да Тұңғиықтың еңбегі бар. Тасжазбаларда Тұңғиық былай дейді: «Тәңрі біліг бертүк үчүн өзім-ақ қаған көтердім.» Яғни «Тәңір білім бергендіктен өзім-ақ Құтлықты қаған көтердім.» Бұл тірліктің мәнісі былай еді: бытырап жүрген түріктердің басын қосу үшін бір ұйытқы керек еді. Егер халық өзінің қағаны бар екендігін білсе, оның айналасына топтала бастайтын еді. Солай да болды.

Расында Елтеріс қағанның бастаған көтерілісі түріктердің Қытайға бодан болуынан кейінгі үшінші ірі көтеріліс еді. Алғашқы екі көтерілістің сәтсіз аяқталып, үшінші көтерілістің табысқа жетуінде Білге Тұңғиықтың көп үлесі бар. Өйткені Тұңғиық қытайдың тәрбиесін алғандықтан олардың қулық-сұмдығын, айлаларын яғни әскери стратегиясын жақсы білетін еді. Елтеріс пен Тұңғиық оңтүстікте қытайларды, шығыста қидандарды, солтүстікте оғыздарды жеңеді. Осылай үш жақта соғыс жүргізіп жатқанда, оғыздан қашып бір адам келеді. Ол Тұңғиыққа мынадай ақпар жеткізді: «Тоғыз-оғыздар өзіне қаған көтеріп, қидантар мен қытайларға елші жіберіпті және былай депті: «Көктүріктер күннен күнге күшейіп келеді. Қағаны алып екен, кеңесшісі білге екен. Бұл екі кісі тұрғанда Қытай, Қидан мен Оғызға тыным таптырмайды. Сондықтан Қытай оңтүстіктен, Қидан шығыстан, Оғыз солтүстіктен шабуыл жасайық та көктүріктерді жояйық.»». Бұл хабарды естіген Тұңғиық Елтеріске бұл үштік одақты болдырмау үшін тезірек әрекет ету керектігін айтады. Нәтижеде, Тұңғиық бастаған көктүріктердің қолы оғыздарды ойсырата жеңеді. Осыдан кейін бүкіл түріктер Өтүкенде жиналып алып күшке айналады.

Қорыта айтқанда Білге Тұңғиық Елтеріс Құтлық қағанмен бірге Түрік қағанатын қалпына келтірді. Тұңғиықтың өз тілімен айтқанда: «Тәңір жарылқап, жараулы жауды түрік халқына желдірмедім, тулы аттарға түрік жерін таптатпадым. Елтеріс қаған иелік етпесе, мен де өзім иелік етпесем, ел де, халық та жоқ болар еді. Біз билік құрғандықтан, ел де болды, халық та болды.»



Ұқсас жаңалықтар