Апталық Анализ 27
Түркия «үшінші жол» деп аталатын соғыстағы бірегей ұстанымын сақтай отырып, ықтимал атысты тоқтату үшін талпыныс көрсетуде.

Шамамен бір жыл бұрын 2022 жылдың 24 ақпанында Ресей армиясы Украинаға басып кіру әрекетін бастағанда, Ресей президенті Владимир Путин оңай жеңіске жетуді көздеді. «Найзағай» деп аталған шабуылымен Зеленскийдің билігін құлатып, өзін жақтайтын жаңа үкіметті құру арқылы Украинаны бақылауға аламын деп ойлады. Бірақ уақыт өте келе Путиннің үлкен қателік жіберіп, Ресейді стратегиялық суицид шегіне жеткізгені байқалды. Ресей-Украина соғысы өз нәтижелеріне байланысты тарихтағы ең маңызды бетбұрыстардың біріне айналды.
2022 жылдың 24 ақпанында Путин үлкен қадам басу арқылы Украинадағы Зеленскийдің билігін құлатып, Ресейдің бақылауы астындағы бір Украина үкіметін құруды ойлаған еді. Путин Ресей арнайы жасақтары «Найзағай» шабуылымен Киевті басып алатынын және Украина армиясының жеткілікті қарсылық көрсетпей тарайтынын межелеген болатын. Алайда уақыт өте келе Путиннің үлкен қателік жібергені байқалды. Ресейдің «Найзағай» шабуылы сәтсіздікке ұшырады. Өкінішке орай орыс әскері бұл шапқыншылыққа тиісті деңгейде дайындалмай, солтүстіктегі Киев, Чернигов және Суми сынды қалаларында соққыға душар болып, шегінуге мәжбүр болды. Одан кейін Харьковті және Қырымның солтүстігіндегі Херсонның орталығын амалсыз украин әскеріне қайтарып берді. Іле-шала Днепрдің оңтүстік және шығыс бөлігінде шеп құрып, қорғаныс режиміне өтті. Ресей армиясының әскери құдіретіне күмән туылған кезде, Украина күтпеген қарсылық көрсетті. Батыс елдерінің шексіз көмегі әрине белгілеуші факторлардың бірі болды. Орыстар өздерінің соғыс стратегиясын өзгертіп, Украинаның инфрақұрылымын нысанаға ала бастады. Содан кейін олар жартылай жұмылдырумен соғыс майданындағы әскер санын көбейтті. Сонымен қатар қорғаныс өнеркәсібіне көңіл бөлді. Экономикасын біртіндеп соғыс экономикасына айналдырды. Соғыс басталғаннан кейін бір жылды артқа тастаған тараптар әскери жағынан көктемгі соғысқа дайындалуда. Саяси шешімге қатысты ешқандай болымды тұғыр жоқ.
Түркия «үшінші жол» деп аталатын соғыстағы бірегей ұстанымын сақтай отырып, ықтимал атысты тоқтату үшін талпыныс көрсетуде. Алайда әсіресе АҚШ пен Ұлыбритания өздерінің жеке мүдделерін қорғауда және ұзаққа созылған соғыс процесін жалғастыра отырып, Ресейді әбден әлсіретуді жоспарлауда. Осы уақытқа дейін соғыс жаһандық тұрғыда қатты әсерін тигізді. Оның жаһандық азық-түлік қауіпсіздігінен энергетикалық геосаясатқа дейінгі көптеген саладағы ықпалын айтуға болады. Түркияның бастамаларымен жаһандық жойқын әсерлерді азайтуға тырысқанымен, соғыс жалғасқан сайын теріс әсерлердің күшейетінін болжауға болады. Тағы да ескеретін жайт, соғыстың ұзаққа созылуы Қытай сияқты жаңа актерлердің Ресейді жақтап, ядролық бір қақтығыстың да туылуына апарып соғуы мүмкін.
Барлық тәуекелдерге қарамастан, тараптар мен олардың жақтастары әзірге атысты тоқтатуға дайын емес және көктем айларымен жаңа соғысқа дайындалып жатқаны байқалады. Екі жақтың да қақаған қыс айларында жаңа шабуылға дайындалып жатқанын көрдік. Украина армиясы батыс елдерінен заманауи қару-жарақ жүйелерін сатып алуды жалғастырды. Әсіресе қабатты әуе қорғанысы жүйелері, ұзақ қашықтыққа атылатын «HIMARS» артиллериялық жүйелері, ауыр брондалған танктер маңызды элементтер болды. Ал орыстар Днепр үстіндегі бекіністерді қамтамасыз еткеннен кейін сарбаздар санын көбейтіп, оларды ішінара жұмылдырумен оқытты. Майдан шебіндегі «Вагнер» сияқты әскерилендірілген жасақтардың санын айтарлықтай арттырды. Тағы да Ресейдің қорғаныс өнеркәсібі өндірісін айтарлықтай өсіргенін көрдік. Сондықтан екі жақ та маусымдық жағдайлардың пісіп-жетілуін күтіп, жаңа ірі қақтығыстарға дайындық жасауда.