ШЫҰ саммиті табысты өтті

Апталық Анализ – 04

1883701
ШЫҰ саммиті табысты өтті

Президент Режеп Тайып Ердоғанның Өзбекстанның Самарқанд қаласында өткен апта ұйымдастырылған Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының саммитіне қатысуы Түркия сыртқы саясатында тағы бір талас-тартысқа себеп болды.

Жаңа типті коронавирус (Covid 19) індетінен кейінгі тұңғыш бетпе-бет жиналыстың Ресейдің Украинаға соғыс ашуының артынан ұйымдастырылуы және Түркияның осы жиналысқа тұңғыш рет президент өресінде қатысуы көптеген салада маңызды болды. Түркияның НАТО-ның мүшесі және Еуропа Одағына үміткерлік мәртебесіндегі ел болуы, ұйымның Батысқа қарсы бір экономикалық ұйымдасу ретінде қаралуы және Түркияның аталмыш ұйымда орын алуы талас туғызып отыр. Президент Ердоғанның Түркияның ұйымға мүше болу ниетінің бар екенін айтуы талас-тартысты асқындырып жіберді. Түркия Шанхай Ынтымақтастық Ұйымын Батысқа қарсы бір «талғам» деп қарай ма? Бұл сұраққа «болымды» жауап беру тым оңай емес.

Енді сіздерге қауіпсіздік зерттеу директоры, жазушы, профессор, доктор Мұрат Ялчынташтың осы тақырыпқа байланысты бағаландыруын ұсынамыз.

Түркияның Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына кіру үшін көптеген себебі бар. Бұл Түркияның жаңа талабы да емес. Түркия 2019 жылы жариялаған «Жаңадан Азия талпынысы» Түркияның сыртқы саясатындағы тың ізденісі ретінде пайда болды. Аталмыш беталыстың екі негізгі түйіні бар. Біріншісі Түркияның «Жаңадан Азия талпынысы» арқылы аймақ елдерімен екі жақтылы қарым-қатынастарды бекемдеу тілегі. Осы аяда Түркия экономикалық жақтан аймақпен байланыстарын нығайтып, аймақ елдерімен қазіргі экономикалық сауда мөлшерін арттыру ниетінде. Бұл іске асқанда Түркияның экспорты артады, әрі экономикалық өсуі де тұрақтанады.

Екінші негізі болса, Түркияның аймақтық ұйымдарға белсенді қатысу ниеті. Түрік Мемлекеттері Ұйымының ұжымдық жақтан бір қадам басып, үкіметаралық ресми бір ұйымға айналуын Түркияның «Жаңадан Азия талпынысы» жобасының бір бөлшегі деп қараған жөн. Шанхай Ынтымақтастық Ұйымын да осы тұрғыдан бағалаған жөн. Түркияның Қытай ұзақ уақыттан бері іске асырып келе жатқан «Бір белдеу, бір жол» жобасы аясында «Орталық дәлізде» геосаяси жақтан орталықта орын алуы Түркияның Шанхай Ынтымақтастық Ұйымындағы рөлінің маңызын арттырады.

Түркияның Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына кіруді қалауындағы тағы бір себеп Түркияның қауіпсіздік ортасының соңғы жылдарда көлемді бір өзгеріске дөп келуі. Түркия мен Грекия арасындағы барған сайын асқынған дағдарыс, Америка Құрама Штаттарының және Еуропаның Грекияны қолдауы, АҚШ-тың Оңтүстік Кипр Понти әкімшілігіне бағытталған қару шектемесін жоюы және АҚШ-тың Грекияға әскери базалар салуы Түркияның алаңын арттыруда.

Сонымен бірге Сирияда АҚШ-тың PKK/YPG террор ұйымымен байланыс орнатуы, жалпы алғанда Сириядағы жағдай Түркияның оңтүстік шекарасын ұлттық қауіпсіздік жағынан өміршеңдік өреге көтеріп отыр. Осы тұрғыдан Батыс елдерінен толық қолдау таба алмау да Түркияны уайымға итермелеуде. Украинада жалғасып жатқан соғыс Түркияның Қаратеңіз жағасындағы қауіпсіздігі тұрғысынан да маңызды болып табылады.

Әзербайжен мен Армения арасындағы дағдарыс пен соғыс мүмкіндіктерін ескергенде Түркияның қауіпсіздігін оттың ортасында деуге болады. Осы дағдарыстарға Ирак пен Жерорта теңізінің шығысын да қосқанда, Түркияның Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына мүше елдермен байланыстарын жақсартуы өте маңызды болып табылады. Әрине ұйымға мүше болу Түркияның ұлттық қауіпсіздік мәселелерін тікелей шешпейді, алайда Батыс елдерімен қарым-қатынастардың нашарлауына қарсы халықаралық саясаттағы тепе-теңдікті қорғау Түркия тұрғысынан өте маңызды болмақ.

Түркияның Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына бағытталған мәлімдемелеріндегі назар аударған тағы бір жағдай халықаралық жүйенің өзгеріп жатқаны жөніндегі көзқарасы. Әсіресе жаһандық пандемиямен бірге айқындалған осы көзқарас халықаралық жүйеде күштің Батыстан Азияға қарай ауғаны түсінігінің басты орынға шығуына себеп болды. Түркия осы күш өзгерісі процесіне дайын болу тұрғысынан Азияның геосаясатында өз рөлін атқаруға беталуды қалайды. Қазіргі сыртқы саясат мәселелерімен айналысуы қажет болғанына қарамай, Түркия артқан геосаяси маңызымен Азия құрлығында ықпалды күшке айналуы мүмкін. Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы осы ықпалдың іске асуы жолындағы маңызды бір платформа болатын көрінеді.

Жоғарда баяндалған үш маңызды жағдай Түркияның Шанхай Ынтымақтастық Ұйымын Батыс елдерімен қарым-қатынастарына бір балама ретінде қарамайтынын, керісінше, Батыс елдерімен қарым-қатынастарын бекемдейтін фактор ретінде қолға алғанын айтуға болады. Сонымен бірге Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы беталысы Түркияның сыртқы саясаттағы көлемді кеңейту ниетін көрсетеді. Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы іс жүзінде Еуропа Одағы сияқты саяси-экономикалық ұйым да, НАТО сияқты қорғаныс ұйымы да емес. Сол себепті Түркияның Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы арқылы Батыстан алыстап, бағытын өзгерткені жөніндегі көзқарастар да тура емес.                 

Сіздерге қауіпсіздік зерттеу директоры, жазушы, профессор, доктор Мұрат Ялчынташтың осы тақырыпқа байланысты бағаландыруын ұсындық.



Ұқсас жаңалықтар