Иран президентінің Түркияға сапары

Проф. др. Рамазан Гөзеннің анализі

92661
Иран президентінің Түркияға сапары

Иран Ислам Республикасының президенті Хасан Рухани 9 маусым күнгі Анкара сапарында президент Гүл және премьер-министр Ердоғанмен кездесті. Руханидің Түркияға осы алғашқы сапары көптеген тұрғыдан маңызды және мағыналы болатын. Рухани президент ретінде сайланғаннан кейінгі мәлімдемелері әлемде және Түркияда назар аударды. Осы мәлімдемелердің Иранның сыртқы саясатына және Түркия мен Иран қатынастарына қандай әсері болатыны қызығушылық оятқан еді. Руханидің Анкараға сапары осы сұрақтарға жауап іспеттес болды.
Енді Мармара Университеті Саясат білімі мен Халықаралық қатынастар кафедрасының оқытушысы Проф. др. Рамазан Гөзеннің осы тақырыпқа байланысты анализін ұсынамыз.
**
“Түркия мен Иран қарым-қатынастарында мына үш тақырып алға шығады: 1. Экономикалық, сауда, энергия, қатынас байланыстарының нығайтылуы. 2. Иранның атомдық бағдарламасына байланысты проблемалардың шешілуі. 3. Сирия сынды аймақтық мәселелердің шешім табуы. Тараптардың осы тақырыптағы позициялары оң және теріс қорытынды шығарады.
Түркия мен Иран арасындағы экономикалық қатынастардың ең маңызды саласы – табиғи газ, мұнай және өнеркәсіптік өнімдер саудасы. Қазір 14,5 миллиард доллар болып тұрған сауда айналымының 2015 жылы 20 миллиардқа және 2023 жылы 30 миллиардқа шығарылуы жоспарлануда. Бүгінгі таңда Иран Түркияның сауда серігі тізімінде сегізінші орында. Түркияның алғашқы жетідегі сауда серіктері Еуропа елдері, Ресей мен Қытай. Сегізінші және тоғызыншы кезекте Иран мен Ирак келеді.
Түркия мен Иранның өзара сауданы арттыруы үшін әлеуеттері жеткілікті. Түркияның Ираннан одан да көп табиғи газ және мұнай алуына, Иранның да Түркиядан өнеркәсіптік өнім сатып алуына мүмкіншілік бар. Алайда Біріккен Ұлттар Ұйымының эмбаргосына байланысты осы әлеуетті қолдану қиын. Түркия Иранмен саудасын арттыру үшін Иранға қарсы халықаралық эмбаргоның жұмсартылуын қалайды. Екі ел де Иран табиғи газын Түркия арқылы әлемге сатуға жылы қарайды. Негізінде Руханидің Түркия сапарының мақсаттарының бірі осы тақырыпта келісімге келу болып табылады.
Энергия бағытындағы маңызды тақырып - Иранның атомдық бағдарламасы мәселесі. БҰҰ шеңберінде Р+5 елдерінің саясаты Иранды атомдық энергия бағдарламасынан бас тартқызуды мақсат етеді. Осы тақырыптағы Түркияның ұстанымы анық және тұрақты. Түркия аймақтағы ешбір елдің ядролық қаруға ие болуын қаламайды. Бірақ әрбір елдің азаматтық мақсатты атомдық энергия өндіру құқығының бар екенін мойындайды. Бұл саясатты Рухани де жылы қабылдады. Түркия осы ұстанымын 2009-2010 жылдары жүзеге асыру үшін жұмыстанды. Осы аяда 2010 Алмасу келісіміне қол қойылып, мәселе бірталай шешілген болатын. Алайда 2010 жылдан кейінгі кейбір келеңсіз жайттар бұған кедергі болды.
Келеңсіз жайттардың басында НАТО ракеталарының Күрежикке орналастырылуы келеді, бұның артынан Араб көктемі мен Сирия төңірегіндегі түрлі саясаттар келді.
Ал енді осы екі ел қалай ықпалдаса алады, мәселелерді қалай шешеді? Бұл сұраққа классикалық жауап – екі ел арасында дипломатиялық, саяси, экономикалық байланыстарды арттыру және келісімдер жасасу. Алайда мұның жеткілікті еместігін қабылдау керек. Ондаған жылдық үдеріске қарасақ, осы классикалық әдістердің тұрақты және ықпалды қорытынды бермегенін көреміз. Көптеген кездесу және келісім-шарттарға қарамастан, екі ел арасында әлі де мәселе туындап жатады.
Осының орнына немесе осыған қосымша Түркия мен Иран мәселелерін шешу үшін құрылымдық әдістер табуға болады. Осы жерде Еуроодақ үлгісін қолға алуға болады. Еуроодақ әдісі Германия мен Франция арасындағы тарихи мәселелерді қалай шешкен болса, осыған ұқсас бір әдіс Түркия, Иран және басқа да аймақ елдері арасында игерілуі мүмкін. Түрік басшы Абдуллах Гүлдің баспасөз мәслихатында Руханиге «Германия мен Франция секілді болуға болады» деген ұсынысы өте маңызды. Иран, Түркия мен аймақ елдері Гүлдің осы ұсынысына назар аударып, жүзеге асыруына болады. Кейбір проблемалар шықса да, табысты болмауға бір кедергі жоқ. Германия мен Францияның Еуроодақты екінші дүниежүзілік соғыстан кейін құрғандарын ұмытпау керек”.


Этикеттер:

Ұқсас жаңалықтар