Қазақстан қажыларының соңғы легі аттанды

Астанадан қажылардың соңғы құрамы қасиетті мекен - Меккеге аттанды.

1033879
Қазақстан қажыларының соңғы легі аттанды

Қазақстанның бас қаласы Астанадан қажылардың соңғы құрамы қасиетті мекен - Меккеге аттанды.

Нұрсұлтан Назарбаев әуежайынан қажыларға сәт-сапар тілеуге Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз да келді.

Қажылыққа баруға ниет білдіруші қазақстандықтар санының жыл өткен сайын артып отырғанын тілге тиек еткен Бас мүфти қажылық кезінде азаматтардың қауіпсіздігі мен тыныштығы үшін 55 адамнан құралған арнайы қажылық миссиясы құрылғанын жеткізді.

Құрамында дәрігерлер, жедел жәрдем тобы, дінтанушылар, журналистер мен Қазақстан Республикасының Қоғамдық даму және Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының өкілдері бар миссия тобы қажылық сапарда Қазақстан азаматтарына қажетті көмекті бермек.

  Сондай-ақ қажылыққа аттанған әрбір қазақстандықтың менингитке қарсы міндетті екпе алғаны білдірілді.

Биыл Қазақстаннан қажылыққа 3000 адам аттанып отыр. Олардың арасында ең жасы үлкені 96-да болса, ең кішкентайы 16 жаста. Қажылардың алғашқы легі тамыздың 9-ы күні аттанып, 1 қыркүйекке дейін елге оралады.

Биыл қажылыққа аттанушылар қажылықты ұйымдастыруға қатысқан 18 қазақстандық туристік компанияға бекітілді.



Ұқсас жаңалықтар