Моғолыстан ханы Қызыр Қожа

Түркі өркениетіндегі ұлы тұлғалар - 32

1071171
Моғолыстан ханы Қызыр Қожа

Түріктердің Исламдануында отырықшы салт дәстүрін ұстанатын елді мекендердің маңызды рол ойнағандығы белгілі. Осы тұрғыдан қарағанда, кейіннен Шағатай ұлысының құрамынан енген өңірлердің осы үдерістегі орнын жоққа шығара алмаймыз. Географиялық жағынан ұлысты үшке бөліп қарастырсақ болады. Бұлар – Мәуренахр, Жетісу және Алтышахар. Бүгінгі бағдарламамызда осы үш өңірдің және Моғолыстан билеушілерінің әсіресе Қызыр Қожа ханның осы жерлердегі түріктердің Исламдану үдерісіне қосқан үлесін қарастырамыз.

Шағатай хандарының билігіндегі бірінші маңызды өңір  Мәуренахр еді. Бұл аймақ әрі егіншілікке ыңғайлы, әрі ежелден қала мәдениеті қалыптасқан жер еді. Түркі әлемінің шығыс бөлігіндегі түрік тілінің шағатай тілі болып аталуының себебі де осындағы қала мәдениетінің ықпалы болып саналады. Араб тілінде «өзеннің арғы беті» деген мағынаны білдіретін Мәуренахр Амударияның оң жағалауында жатқан жерлерді қамтиды. Бұл атаудан бұрын Александр Македонскиймен келген гректер бұл өңірді «Транс-оксиана» деп атаған еді. Бұл ұғымның аудармасы – «Окс өзенінің арғы беті» дегенді білдіреді. Гректердің Амударияны «Окс», ал Сырдарияны «Яксарт» деп атағанын ескере кетейік. Демек оңтүстік батыстан келген жаулаушылар үшін Амудария отырықшы мәдениет пен далалық түркі мәдениетінің шекарасы болып қабылданатын. Осы орайда парсы өркениетінің дүниетанымын баяндайтын Фирдаусидің «Шахнама» еңбегінде де Иран мен Тұранның шекарасы Амудария болғандығын айта кетейік.

Мәуренахр ұғымы кеңінен айтқанда Амудария мен Сырдарияның арасындағы жерлерді қамтиды. Осы екі өзен аралығындағы қалалардың ежелден бері өркениет ошағы болғандығы белгілі. Бұл қалалар түріктердің салған қалалары ма әлде соғды-парсылардың салған қалалары ма, бұл даулы мәселе. Десе де бұл қалалардың тұрғындарының отырықшы соғды-парсылар болғандығын, бірақ қала билігі айналадағы жайлауларды жайлап жүретін түріктердің қолында болғандығын айта аламыз. Халықаралық сауданың мәнін терең түсінген түріктер кейіннен «сарт» деген атауды алған соғды-парсылардың Иран мен Қытай арасындағы аралыққа керуендердің қауіпсіздігі мен жағдайын қамдау мақсатында белгілі қашықтықта бекеттер салғызған болуы мүмкін. Уақыт өте келе бұл бекеттер айналадағы көшпенді халықпен ықпалдастық ішінде ірі қалаларға айналғандығын болжауға болады.

Мәуренахрдың Исламдануы жетінші және сегізінші ғасырда араб мұсылмандардың аймақты жаулауымен қатар жүрген еді. Солтүстіктен Тәңір діні, шығыстан Манихеизм, батыстан Зароастризм және оңтүстіктен Буддизмнің ықпалында болған бұл жер Исламның кеңпейілді яғни толерантты бағытының қалаптасқан ошағына айналды. Бұл жердегі қалалар Ханефи мазхабы, Матуриди ақидасы және Яссауидің сопылық түсінігінің қалыптасқан орталықтары болды.

Мәуренахр ерте кезден бастап Исламданса да, Жетісу мен Алтышахар өңірлері біртіндеп Ислам діні аумағына кіре бастады. Жетісу өңірі тоғызыншы ғасырдағы Қарлұқ хандығы және оныншы ғасырдағы Қарахандар мемлекеті кезінде Ислам дінін толықтай қабылдады. Ал Алтышахар аймағы Шағатай ұлысы кезеңіне дейін Исламдана қоймады. Осы орайда Моғолыстан хандарының бұл жердің Исламдануындағы үлесіне ерекше назар аударуымыз керек.

Бүгін Шығыс Түркістан деп атап жүрген жердің негізгі атауы Алтышахар болып табылады. Бұның себебі Тарым өзенінің аңғарында Қашқар, Жаркент, Құтан, Ақсу, Куча, Тұрпан қалалары орналасқан. Кейде Қашқария деп те аталатын бұл аймақ Жетісу мен Жоңғариядан Тәңір таулары арқылы бөлініп жатыр. 1346 жылы Шағатай ұлысы екіге бөлінгеннен кейін бұл жер Моғолыстанның қарамағына енді. Алғашқы Моғолыстан ханы Тоғылық Темірден бастап осы өңірді билеген жергілікті дулат руы Ислам дінін қабылдай бастады. Мұхаммед Хайдар Дулаттың «Тарихи Рашиди» еңбегіне қарағанда, Тоғылық Темірмен бірге жүз алпыс мың адам Ислам дінін қабылдаған екен. Осы Ислам дінін қабылдау үдерісі Тоғылық Темірден кейін де жалғасқан ұқсайды. Моғолыстан хандарының Ілияс Қожа, Қызыр Қожа болып келуі әсте олардың дінді таратудағы еңбектеріне байланысты болса керек. Өйткені «ұстаз» деген мағынаны беретін «қожа» сөзі әдетте Ислам дінін таратушыларға берілетін. Әсіресе Алтышахар тарихында кейіннен «Ақ қожалар» және «Қара қожалар» болып кеткен «Ақ тағылық қожалар» мен «Қара тағылық қожалардың» орны маңызды болып есептеледі. Өздерін пайғамбар ұрпағымыз деп санайтын бұл қожалар Моғолыстанның ыдырау барысында Алтышахар қалаларында өз биліктерін орнатқандары да белгілі. Осы мәліметке қарап, Моғолыстан хандарының өз биліктерін күшейту, әрі Ислам дінінің таралуы мақсатында Мұхаммед пайғамбар ұрпақтарымен құда-жекжат болғандығын да болжауға болады.

Қарахандар кезінде басталған Алтышахардың Исламдану үдерісін мәресіне жеткізген ұлы тұлға Қызыр Қожа болып табылады. Шамамен 1363-1399 жылдар аралығында өмір сүрген ұлы тұлғамыз Тоғылық Темірдің ең кенже ұлы болып есептеледі. Қамараддиннің 1368 жылы Илияс Қожамен бірге барлық төре тұқымын өлтірген кезінде Әмір Құдайдат Қызыр Қожаны жасырып, аман алып қалған еді. Әмір Құдайдаттың анасы Мірағаның қарамағында Қашқар қаласында өскен ұлы тұлғамыз 1377 жылы қала Әмір Темір тарапынан алынғанда Бадахшан тауларына қашып кетеді. Қолға түскен Міраға 1390 жылы қайтыс болғанға дейін Әмір Темірдің сарайында тұтқын болып өмір сүреді. Ал Бадахшан тауларында біраз уақыт өмір сүрген ұлы тұлғамыз Қамараддиннің қатеріне байланысты шығыстағы сары ұйғырларды паналайды. Ол жерде тағы он екі жыл өткізеді. Ақырында 1389 жылы Қамараддин қайтыс болғаннан кейін Әмір Құдайдат Қызыр Қожаны Моғолыстан тағына шығарады. 1390 жылы Коча мен Тұрпанға шабуыл жасаған Қызыр Қожа хан Алтышахардың исламдануын аяқтаған болады.

 



Ұқсас жаңалықтар