Құбылай Ұлы хан

Түркі өркениетіндегі ұлы тұлғалар - 10

749284
Құбылай Ұлы хан

Далалық Түркі өркениеті атам заманнан бері отырықшы мәдениеттермен Еуразия құрлығынының төрт жағында біте қайнасып жатты. Әсіресе Қытай өркениеті мен көшпенді Түркі өркениеті бір-бірімен тығыз байланыста еді. Жалпы Қытай – тарихы бойы көшпенділердің ықпалында еді десек, қателеспеген боламыз. Мысалға Таң, Лиау, Юан, Чиң әулеттері солтүстіктен келіп, Қытайда өз биліктерін орнатқан әулеттер болып табылады. Тіпті біздің дәуірімізден бұрынғы 1122 жылы ең алғаш рет Қытайды біріктірген Жоу әулетінің де әсілінде далалық әулет болғандығы туралы неміс тарихшы Эберхарт Вольфрам Қытай тарихы кітабында жазады. Оның пікірінше, бүгін Қытайдың өзін таныту үшін қолданып жүрген «Аспан асты елі» ұғымы далалықтардың ұғымы болып табылады. Бұл ұғымның көшпенділер қолданатын «көк аспан», «көк тәңір» ұғымдарымен тікелей қатынасы бар. Тіпті дүниежүзінде Қытай күнтізбесі ретінде танымал он екі жануар күнтізбесін француз қытайтанушы Шаванн өзінің Он екі циклді Түрік түнтізбесі атты кітабында негізінде қытайлықтардың көшпенділерден алғандығын дәлелдейді. Басқаша айтқанда, Қытай өркениеті Ұлы дала өркениетімен үнемі ықпалдасып жатқан. Бұл ықпалдастықтың ең айқын көрінісі  Шыңғыс ханның немересі Құбылай құрған Юан патшалығы болып табылады. Олай болса бүгінгі тақырыбымыз – Шыңғыс хан империясының бесінші Ұлы ханы Құбылай және оның Қытайда негізін салған Юан әулеті туралы болмақ.  

Құбылай 23 Қыркүйек 1215 жылы туылды. Әкесі Шыңғыс ханның төртінші ұлы Төле, шешесі Керей ханшайымы Сұрқақтани еді. Тұлғамыз Ұлы хан Мәңгінің інісі, Елхан мемлекетінің құрушысы Құлағудың ағасы болып табылады. Анасы Сұрқақтани Бегім Шыңғыс ханның кеңесіне сәйкес Құбылайды Таңғұт Буддисттің тәрбиесіне берді. Осы тәрбиесіне байланысты Құбылай кішкене кезінен Қытай мәдениетіне қызығып өсті. Тіпті ол солтүстік Қытайдағы ең ықпалды монах Хай Юнды Моңғолиядағы өз ордасына алдырды. Хай Юн 1243 жылы туылған Құбылайдың баласына Жынжиң деген ат қойды. Монахпен бірге еріп келген оның шәкірті Лю Биңжун кейіннен Құбылайдың кеңесшісіне айналды.

Ағасы Мәңгі 1251 жылы Ұлы хан болып сайланғанда, Құбылайға Қытайдың билігі берілді. Осыған байланысты Құбылай ордасын солтүстік Қытайға көшірді. Ол қол астындағыларға әділ қарағаны үшін қытайлықтар оны қолдай бастады. 1253 жылы Құбылай Мәңгінің бұйрығымен Юннанды жаулауға шықты. Атақты Сүбетей ноянның баласы Үренқадаймен бірге Құбылай 1256 жылы бүкіл Юннанды бағындырды. Құбылай Қытайды билеп тұрғанда, Буддисттер мен Даоисттердің арасында жиі-жиі дау шығып тұратын еді. Құбылай осы дауды шешу үшін 1258 жылы үлкен жиын ұйымдастырып, қорытындысында Буддисттер жеңіске жетіп, Даоист ғибадатханалары Будда ғибадатханаларына айналдырылды.   

1259 жылы Мәңгі Құбылаймен бірге Қытайдың Сычуан мен Ухан аймақтарын жаулауға жорыққа шықты. Алайда жорық барысында Мәңгі кенеттен ауырып қайтыс болды. Бірақ Құбылай Ұлы ханның өлімін жұртқа білдірмей жорықты жеңіспен аяқтады. 1260 жылы Төленің төртінші баласы Арық Бөке Моңғолияда Құрылтай ұйымдастырып, өзін Ұлы хан деп жариялады. Бірақ бұл шешіммен ағалары Құлағу мен Құбылай келіспеді. Құбылайдың хан сайлануын солтүстік Қытайдағы бүкіл нояндар мен Шыңғыс ұрпақтары қолдады. Осыған байланысты дәл сол 1260 жылы Құбылай да құрылтай ұйымдастырып, өзін Ұлы хан деп жариялады. Нәтижесінде Арық Бөкенің жақтастары мен Құбылайдың жақтастары бір-бірімен соғысуы керек болды. Үш жылға созылған соғыстың қорытындысында Құбылай үстем шығып, Шыңғыс хан империясының бесінші Ұлы ханы болып жарияланды.

Ұлы хан Құбылай іс жүзінде тек Қытай мен Моңғолияны ғана басқарса да, сөз жүзінде оның билігі Тынық Мұхитынан Қаратеңіз бен Жерорта теңізіне дейін, Сібірден Үндістанға дейін созылып жатыр еді. Ұлы хан Құбылай аталарының ісін жалғастырып, Қытайды жаулауды жалғастыра берді. Жиң қол астындағы Қытай жерлерін бағындырғаннан кейін Суң әулетінің қарамағындағы жерлерді Құбылай өзіне қаратты. Құбылай хан Лиау әулетінен кейін яғни Қарақытайлардан кейін Қытайды біріктірген алғашқы билеуші болды.

Құбылай Ұлы хан солтүстік Қытайда Яңдзы өзенінің жағасына өзінің астанасын салды. Оған түрікше «Ханбалық» яғни Хан қаласы деген ат берді. Уақыт өте келе қытайлар ол жерді «солтүстік астана» мағынасына келетін «Бейжиң» деп атап кетті. Басқаша айтқанда бүгінгі Қытайдың астанасының негізін Құбылай салды десек қателескен болмаймыз. Сол кезден бастап Ханбалық яки Бейжиң өнер мен білімнің ордасына айналды. Жалпы бүкіл Қытайдың бір орталыққа бағынуы барыс-келіс пен сауданың жалпы айтқанда Қытай экономикасының дамуына алып келді.  

Қытайды жаулап болған соң Құбылай Кореяға жорық жасап, ол жерді өзіне қаратты. Оңтүстікке қарай Вьетнамға жорығы сәтсіз аяқталса да, кейіннен Құбылайдың ұрпақтары ол жерді толықтай жаулады. Бірақ та Құбылайдың Жапонияға жасаған екі жорығы да сәтсіздікпен аяқталды.   

Қорыта айтқанда, Құбылай 18 ақпан 1294 жылы қайтыс болғанда, Қытайда Юан әулеті өз билігін орнықтырған еді. Құбылайдың ұрпақтары Қытайды тағы бір ғасыр биледі. Ақыр соңында Қытайға барған барлық моңғол түріктер қытайланып кетті. Бірақ олар бүгінгі Қытай мәдениетінің қалыптасуына өте қомақты үлес қосты. Бүгін Қытай мәдениеті деп біліп жүрген музыка, би, киім және әсіресе ел басқаруға қатысты   көптеген құндылықтар сол көшпенді далалықтардың Қытайға апарған дүниелері еді.



Ұқсас жаңалықтар