Түрік-Қазақ Әлемінен-63

Түркияда Қазақ хандығының 550 жылдығы тойланды

289538
Түрік-Қазақ Әлемінен-63

Қазақстанда шығатын www.inform.kz. интернет сайты Түркия Республикасында Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған конференция өткенін білдірді.
Іс-шараға 200-ден астам адам, оның ішінде қоғамдық-саяси қайраткерлер, жергілікті әкімдіктің, академиялық және сарапшы топтардың, сондай-ақ Түркия бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Қазақстанның Елшісі Жансейіт Түймебаев қатысушыларды Қазақ хандығының қалыптасу тарихы туралы хабардар етті. Мерейтойлық жылдың халықтың тарихи ұғымының қалыптасуына ерекше әсер ететінін атап кетті. Биылғы жыл Қазақстан мен түркі әлемі зиялыларының ағартушылық қызметінде де өзінің ерекше орнын таппақ.
Конференция жұмысына Түркия тарихы қоғамының президенті профессор Рефик Тұран, Түркия жазушылары мен өнертанушылары қорының төрағасы Яхия Акенгін, Түркі әлемі архитекторлары мен инженерлері одағының Бас хатшысы Ильяс Демирджи, ТР-ның бұрынғы Мәдениет министрі Намык Кемал Зейбек және т.б. қатысты.
Түркия тарихы қоғамының президенті профессор Рефик Тұран Қазақ хандығының 550 жылдығы қазақстандық жастар үшін ата-бабалардан қалған салт-дәстүрлерді, білім мен танымды сақтап, осы асыл мұраны келер ұрпаққа жеткізу міндетін көрсететін шара деп атап өтті. «Бауырлас қазақ халқының бұл кезеңі оның этногенезі мен «қазақ» этнонимінің туындауы, этникалық мағынаға ие болғаны, мемлекеттік шекараның бекітілуі, Қазақ хандығы көшпенді мемлекетінің басқару жүйесінің ерекшеліктері, көшпенді мемлекеттің шекаралас елдермен өзара әрекеттесуінің қағидалары, қазақ хандарының орта ғасырлар дәуіріндегі қоғамының әлеуметтік-мәдени өміріндегі рөлі секілді мәселелермен тығыз байланысты», - деп айтты түрік профессоры Рефик Тұран.
Конференция барысында Қазақ хандығы қалыптасуының тарихи кезеңдері жеке атап өтілді. Қазақ даласы хандарының басқару ерекшеліктері, жаулап алу әрекеттерінің мәні, сол заманның дәстүрлері мен мәдениеті туралы пікірлер айтылды. Түрік сарапшылары осындай оқиғаның мемлекеттік деңгейде атап өтілуі ел болашағының жаңа дүниетанымдық моделінің қалыптасуына және басты құндылықтар мен бағдарларды айқындауда түрткі болатынын мәлімдеді. Бұл шара ұлттың мәдени кодын - тілін, руханиятын, салт-дәстүрі мен мәдениетін сақтап қалуға бейімделген болып табылады.
Конференция қатысушылары қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуы мен даму тарихын дәріптеудің маңыздылығын сезініп, Қазақстан тарихындағы атақты тұлғалардың рухани үлесімен танысу мүмкіндігін алды деп атап өтті.
Шара шеңберінде Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған бейнеролик көрсетіліп, Қазақстан мен Түркия арасындағы екіжақты қарым-қатынастардың даму тарихы, ҚР Конституциясы мен Қазақстан халықтар ассамблеясының 20 жылдығы тақырыбында көрме ұйымдастырылды.

Қазақстанда шығатын Қамшы.KZ ақпараттық порталы осы айдың ортасында Халықаралық Түркі академиясында дәстүрлі мереке-Түркі жазуы күні қарсаңында бірқатар зиялы қауым өкілдерінің басын қосқан дөңгелек үстел өткенін хабарлады.
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің бастамасымен бекітіліп, Түркі кеңесінің Бодрум саммитінде Мемлекет басшылары мақұлдаған Түркі жазуы күні былтыр Халықаралық Түркі академиясы тарапынан алғаш рет аталып өтілгені белгілі. Биыл ауқымын кеңейтіп, еліміздің бірқатар өңірлерінде мерекелене бастаған бұл атаулы күнді өзге де түбі бір түркі халықтары жыл сайын дәстүрлі түрде атап өтуге қолдау білдіріп отыр. Осыған орай Академияда өткен жиынға белгілі ғалымдар мен қоғам қайраткерлері Мырзатай Жолдасбеков, Әділ Ахметов, Сейіт Қасқабасов, Қуаныш Сұлтанов, Зейнолла Самашев және тағы басқа танымал тұлғалар қатысып, Түркі жазуы күнін атап өтуге байланысты өз ойларын ортаға салды.

Жиын соңында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Қуаныш Сұлтанов түркі әлеміне сіңірген еңбегі үшін Халықаралық Түркі академиясының Құрмет грамотасымен марапатталды.
Сондай-ақ, Халықаралық Түркі академиясының Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бастамасымен құрылғанына осы айда 5 жыл толып отырғаны да аталып өтті.

Таяуда Түркістан қаласында түркі әлемі жастары мен студенттерінің Халықаралық І фестивалі өтті.
Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті ұйымдастырған фестивальге түркі әлемінің 24 мемлекетінен 28 ұлт пен ұлыс жастары қатысты.
Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастық кеңесі, Түркітілдес елдер Парламенттік ассамблеясы, Түркі халықтарының мәдени қоры, Халықаралық Түрік Академиясы, Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымы, Дүниежүзілік тоғызқұмалақ қауымдастығы өкілдері де айтулы шараға қонақ болды.
Фестиваль Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Түркі әлемінің бірлігі» идеясы аясында ұйымдастырылды. Алматы қаласында Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастық кеңесінің I Саммитінде Н.Назарбаев: «Жастар арасында спорт ойындары мен театр фестивальдарын жиі ұйымдастырған жөн деп санаймын» деген болатын. Елбасы Қырғызстанда өткен ІІ саммитте болса “ең бастысы, бүгінгі таңда түркі мемлекеттері жастары арасында 'Түркі әлемі' дейтін маңызды түсінікті қалыптастыру керек" деп нақты тапсырма берген болатын.
Шараның мақсаты Түркі дүниесі жастарының қарым-қатынастарын нығайту және түркі тілдес халықтарының ортақ тарихы мен түркі дүниесі құндылықтарын қалыптастыру.



Ұқсас жаңалықтар