Үндістан билеушісі Жахангир

Түркі өркениетіндегі ұлы тұлғалар - 52

Үндістан билеушісі Жахангир

Бабыр, Хумаюн және Ұлы Акбардың билігі кезінде Үндістанда жаңа мемлекет орныққан болды. Ұлы моғол империясы деп аталатын бұл елді түркі, үнді, парсы мәдениеттері бір-бірімен біте қайнасып, жаңа бір өркениет үлгісін қалыптастырды. Акбардың елу жылдық билігінен кейін мұрагері Жахангирдің кезінде де бұл үдеріс жалғаса берді. Олай болса бүгінгі бағдарламамызда Ұлы моғол империясының төртінші императоры Жахангир туралы сөз қозғаймыз.

Ұлы тұлғамыз 31 тамыз 1569 жылы туып, 28 қазан 1627 жылы қайтыс болды. Толық аты – Мырза Әбүл-Фатх Нұр ад-дин Бек Мұхаммед Хан Сәлім Жахангир. Бұл жердегі «бек және «хан» деген сөздер түрік тілінде болса, қалған сөздер арабша және парсыша. «Жахангир» деген парсы тілінде «жаханды билеуші» деген мағынаны білдіреді. Ұлы тұлғамыздың анасы – «Мәриям-ү Замани» деген лақап аты бар үндістандық әйел. Мәриям-ү Замани Жахангир император болған кезінде елдегі ең танымал саудагер әйелге айналған еді. Оның кемелері Үнді Мұхиты арқылы қажыларды Мекке Мәдинаға апартын. Мәриям-ү Заманидің әкесі Амер аймағының ражпуты яғни әміршісі Бихари Мал деген кісі болған. Ұлы Акбардың мұсылмандар мен жергілікті үнділерді жақындастыру мақсатында Бихари Малмен құда болып, оның қызын алған. Осы тұрғыдан қарағанда Жахангир шешесі үнді болған алғашқы император болып табылады. Акбардың Жахангирден бұрынғы балалары бірінен соң бірі шетіней береді. Сондықтан ол Шейх Сәлім деген молдаға емделіп, одан кейін туылған баласына Сәлім деп ат қояды.

Сәлімге ес біле бастағанда «келесі императордың мұрагері» деген мағынаға келетін «мансабдар» атағы берілді. 1581 жылы ұлы тұлғамыз  он екі жасында Кабулдағы жорықта қол бастады. 1594 жылы Жахангир әкесі Ұлы Акбардың тапсырмасымен Вир Сингх Деоны жеңіп, көтеріліс орталығы деп бағаланған Бундела аймағын және Орчха қаласын басып алу үшін жорыққа шықты. Жахангир 12000-ға жуық күшімен көптеген шайқастан кейін Бунделаны бағындырып, Вир Сингх Деоны жеңді. Жеңімпаз Жахангир 26 жасында Орчхадағы атақты Мугал цитаделін өзінің жеңісінің құрметіне тұрғызды. Бұдан кейін Жахангир өз күштерін Али Кули хан қолбасшының әскерлерімен қосып, Коч Бихар аймағының билеушісі Лакшми Нараянмен шайқасты. Лакшми Нараян жеңілгеннен кейін Ұлы моғол империясын билігін мойындады. Жахангир оған Назир деген атақ берді.

1601 жылдан бастап, Сәлім ханзада Аллахабад аймағын биледі. Сәлім Акбардан кейін өзінің император болатынын білсе де, Аллахабад өңірінде әкесінен дербес саясат жүргізе бастады. Ханзаданың бұл әрекеті мемлекеттің тұтастығына нұқсан келтіретін болғандықтан, Акбардың бас уәзірі Әбіл Фазыл Аллами оған қарсы шықты. Бас уәзір мен ханзада арасындағы жанжал қақтығысқа ұласып, ақырында Сәлімнің жақтастары Әбіл Фазыл Алламиді қастандықпен өлтірді. Бұл кезде Ұлы Акбар Декканда жорықта жүрген болатын. Осыны орай деп білген Сәлім бүлік бастап, Аграға келіп өзін император деп жариялады. Бірақ жорықтан келген Ұлы Акбар Сәлімнің жақтастарын жеңіп, өз билігін қайта орнатты.

Дегенмен ұлы тұлғамыз әкесі Акбармен 1604 жылы татуласты. Ұлы Акбар ханзада Сәлімді кешіріп, айналасындағы әміршілердің кеңесімен оны өзінің мұрагері деп жариялады. Келесі жылы Ұлы Акбар қайтыс болғаннан кейін, арадан сегіз күн өткеннен кейін Сәлім ханзада  3 қараша 1605 жылы отыз алты жасында «Нұр әд-Дин Мұхаммед Жахангир Бадшах Гази» деген атақ алып, Ұлы Моғол Империясының тағына шықты.

Жаңа императордың таққа шығуымен Үндістанда тұрақтылық кезеңі басталды. Он жеті жылға созылған тыныштық орнады. Дегенмен Жахангирдің ішкі саясаттағы шешімдері жаңа көтерілістерге себеп болды. Ұлы тұлғамыз әкесі Акбардың кезінде қалыптасқан үнділерге берілген артықшылықтарды жойды. Осыған байланысты үнділер көтеріліс бастады. Бір қызығы ұлы тұлғамыздың Сұлтан Хұсрау Мырза деген ұлы да көтерілісшілер жағында болды. Бұл көтерілісті Жахангир 1613 жылы жеңіп, үнділерді бағындырды.

1620 жылдары Жахангирдің әскерлері бір жағынан оңтүстікке қарай Деккан аймағына жорықта жүрсе, енді екінші жағынан шығыста Бенгалияны да жаулап жатты. Ұлы моғолардың оңтүстік пен шығысқа көп көңіл бөлуі солтүстікті әлсіретті. Осы орайды пайдаланған Сафевилер Кандагар қаласын Иранға қосып алды. 1623 жылы Жахангир Хан Алам деген елшісін көптеген сыйлықпен Иранға жіберді. Осы елшіліктің арқсында екі жақ бітімге келді. Бұл елшіліктің тағы бір табысы Түркістандағы өзбектермен байланыс орнатқаны болды. 1626 жылдан бастап, Үндістан-Түркістан-Османлы елдерінің Сүнни Ислам одағы Ирандағы Сафевилерге қарсы ынтымақтастық құра бастады.

Жахангирдің Еуропа елдерімен қатынасына келетін болсақ, 1611 жылы алғаш рет ағылшындарға Үндістанда сауда жасауға рұқсат берілді. 1613 жылы португалиялық қарақшылар ұлы тұлғамыздың анасы Мәриям-ү Заманидің «Рахими» деген ең ірі кемесін тартып алады. Кемені қайтару үшін жүргізілген келіссөздер сәтсіз аяқталғаннан кейін Жахангир Үндістандағы португалиялықтардың мал-мүлкін тартып алып, оларды елден қуып шықты. Ұлы тұлғамыздың португалиялықтардың қарақшылығына ашуланғаны соншалық олардың Даман қамалын да жаулап алды. Бұл оқиға елдегі ағылшындардың жағдайының жақсаруына себеп болды.

Қорыта айтқанда, Жахангир Үндістан өркениетінің одан әрі дамауына себеп болды. Империяның аумағын одан әрі кеңейіп, ұлы тұлғамыздың кезеңі ішкі тұрақтылықпен сипатталды. Ұлы тұлғамыз өнер мен сәулеттің дамуына айтарлықтай үлес қосты.    

 

 



Ұқсас жаңалықтар