Иран Шахы Исмайыл Сафеви

Түркі өркениетіндегі ұлы тұлғалар - 48

1119526
Иран Шахы Исмайыл Сафеви

Он алтыншы ғасырдың басы түркі өркениеті үшін жаңа бір белес болып табылады. Бүгін түркі халықтары болып аталып жүрген ұлттардың негізі сол кезеңде қалана бастады. Ұлы далада қазақ болмысы қалыптасқанда, Мәуренахрда өзбек атауы орнықты. Батыс Анадолы мен Балқан түбегінде түрік атауы қалыптасып жатқанда, Иранда әзірбайжандық түріктердің өзіндік бірегейі оқшаулана бастады. Бұл кезеңнің ең басты ерекшелігі түркі әлемінде бөліну басталды. Бұл үдерісте Иранның орны ерекше болды. Тарих бойы шығыс пен батыстың ортасында көпір болып тұрған Иранның Шиіт дінін қабылдауы оны негізінен Сүнниттік Ислам әлемінің өкілі түріктерден бөлінуіне себеп болды. Десе де бұл үдерістің нәтижесінде «әзірбайжандық» атауы пайда болды. Олай болса бүгінгі бағдарламада Әзірбайжан бірегейлігінің негізін қалаушы Иран мемлекетінің құрушысы Шах Исмайыл туралы сөз қозғаймыз.

Ұлы тұлғамыз 17 шілде 1487 жылы Ардебил қаласында түрікмен отбасында дүниеге келіп, 23 мамыр 1524 жылы қайтыс болған. Толық аты – Абул-Музафар Исмайыл бин Хайдар әл-Сафеви. Сондай-ақ ол «Исмайыл Бахадур Шах»,  «Исмайыл Сефеви» немесе «Исмаил Хатаи» аттарымен де белгілі. Қалыптасқан аңыз бойынша Шах Исмайыл сопылық дәруіштік тариқаттың басшысы Сафи-аддин деген кісінің ұрпағы болып саналады. Сафеви аты осы жерден келеді. Тариқат бастапқыда Шии болмаса да, уақыт өте келе Шиіттік Исламды басты иеологияларына айналдырған. Басқаша айтқанда, Шах Исмайылдың тарих сахнасына шығуы Ирандағы діни-идеологиялық өзгерістермен де тікелей байланысты.

Ұлы тұлғамыздың әкесі – Шейх Хайдар, атасы – Шейх Жүнейт. Исмайылдың шешесі – Аққойлы мемлекетінің билеушісі Ұзын Хасанның қызы Алемшах Халиме Бегім. Исмайылдың туған кезі Әмір Темір мемлекетінің ыдырап, оның орнына Аққойлы, Қарақойлы, Ширваншах мемлекеттерінің Иран үшін соғысып жатқан кезеңіне сәйкес келеді. Осындай аласапыран заманда 1488 жылы Исмайылдың әкесі Ширваншах Фаррух Яссар мен оның одақтасы Аққойлылармен  Табасқаран деген жерде болған шайқаста қайтыс болады. 1494 жылы Аққойлы қолы Ардебилді басып алып, ұлы тұлғамыздың ағасы Али Мырза Сафавиді өлтіреді. Ал 7 жасар Исмайыл Гиланға жасырынуға мәжбүр болады.

Исмайыл он екі жасына келгенде жақтастары оны таққа шығарады. Осы жерде Шах Исмайылдың жақтастары кім екендігіне тоқтала кетуіміз керек. Өйткені осы жақтастар айналып келгенде, әзірбайжан ұлтының қалыптасуына себеп болды. «Қызылбас» деп аталатын бұл топ Шах Исмайылдың әкесі Шейх Хайдардың жасақтаған әскери қолы болатын. Қызылбас жасағына алғашында ұстажлы, шамлы, румлы, афшар, зұлқадыр, текелі, қажар деген жеті түркі көшпенді тайпасы кірді. Бұл әскерлер бастарына қызыл орамал байлайтын болғандықтан «қызылбас» атанып кеткен. Ал олардың неге қызыл орамал байлағаны туралы әр түрлі пікір бар. Бір ғалымдар бұны Шиіттікпен байланыстырса, кейбір ғалымдар бұны Исламнан бұрынғы дәстүрлермен байланыстырады. Мысалға Абдүлқадір Гүлпынарлы деген ғалым қызыл орамал дәстүрін Бабек бастаған көтеріліспен байланыстырады. Қысқасы, қызылбас ұғымы уақыт өте келе Сафеви Иранындағы барлық Шиіт мұсылмандарды қамтитын болды.

1500 жылдың жазында Исмайыл Эрзинжан қаласында қол жинап, Ширваншах мемлекетіне қарсы жорыққа шықты. Ұстажлы, шамлы, румлы, афшар, зұлқадыр, текелі, қажар және уарсақ руларынан шамамен 7000 қызылбас әскері ұлы тұлғамызды қолдады. Желтоқсанның 15-і күні қызылбас күштері Күр өзенінен өтіп, Шабан деген жерде Ширваншах Фаррух Ясардың күштерін жеңіп, кейіннен Бакуді басып алды. Исмайылдың бұл табысын естіген Аққойлы билеушісі Алванд Сафави күштеріне қарсы тұру үшін Тебризден солтүстікке қарай жүріп, Арас өзенінен өтті. Сарур шайқасында қызылбастар аз болуына қарамастан аққойлықтарды жеңді.

1501 жылы шілде айында Исмайыл Тебриз қаласын жаулап, ол жерде «Шах» атағын алып, өз мемлекетін жариялады. Осыдан бастап ұлы тұлғамыз жаулау жорықтарын жүргізе бастады. 1502 жылы ол Ерзурумға дейінгі жерлерді өзіне қаратты. 1503 жылы оңтүстік Иранды басып алды. Бір жылдан кейін Мазандаран, Горган, Язд қалаларын бағындырды. 1507 жылы қызылбастар Диярбакыр, Хузестан, Луристан мен Күрдістанды өзіне қаратты. Сол жылы Бағдатты алып, Аққойлы мемлекетін құлатты. 1510 жылға келгенде, Дағыстанның оңтүстігін қоса бүкіл Оңтүстік Кавказ аймағы Сафеви мемлекетіне бағынды. Жалпы айтқанда, Иранды өз билігіне қаратқан Шах Исмайыл осыдан кейін шығыста өзбектерге, батыста османлыларға қауіп төндіре бастады.

1510 жылы қызылбастар Мары түбінде болған шайқаста өзбек ханы Мұхаммед Шайбаниді өлтіріп, ірі жеңіске қол жеткізді. Осы жеңістен кейін Сафевилер бүкіл Мәуренахрды жаулауға кірісті. Осы ретте қызылбастар Әмір Темірдің ұрпағы Бабырмен одақ құрды. Алайда одақтастар 1512 жылы Бұқара түбінде болған шайқаста жеңіліске ұшырады. Осымен Сафевилердің шығысқа жайылуына тосқауыл қойылды.

Қызылбастардың батысқа қарай жайылуын 1512 жылы Османлы мемлекетінің тағына шыққан Бірінші Сәлімнің шығысқа жорығы тоқтатты. 1514 жылы Сафевилер мен Османлылар арасында Чалдыран шайқасында Сәлімнің зеңбіректі әскерлері Исмайылдың атты әскерлерін ойсырата жеңді. Бұл соғыс қызылбастардың жаулау жорықтарын тоқтатып, Сафеви мемлекетінің Иран аумағымен шектелуіне себеп болды.

Чалдыран соғысынан кейін Шах Исмайыл туралы «жеңілмес» деген сенім жоғалды. Осыдан кейін ұлы тұлғамыз ішімдікке салынып, саясаттан кетті. Десе де, оның қалыптастырған Шиіттік идеологиясының күштілігіне байланысты Сафеви мемлекеті ыдырамады. Керісінше, бүгінгі Иран мемлекетінің негізі қалыптасты. Қорыта айтқанда, Шах Исмайыл мен ол құрған Сафеви әулеті әзірбайжан ұлтының бірегейлігін қалыптастырды.  



Ұқсас жаңалықтар