Үндістан Билеушісі Бабыр

Түркі өркениетіндегі ұлы тұлғалар - 47

Үндістан Билеушісі Бабыр

Он бесінші ғасырдың соңы мен он бесінші ғасырдың басында Түркі әлемінде өте маңызды оқиғалар болды. Расында бүгінгі Түркі-Ислам әлемі сол кезеңдегі тарихи оқиғалармен тікелей байланысты. Атап айтқанда, бұл кезеңде Түркі әлемінің батысындағы Османлы мемлекеті Араб әлеміне қарай кеңейіп, ақырында Түрік-мәмлүктерден Ислам Халифатын алды. Ал Иранда түрік-Сафеви әулеті билікке келіп, сол күннен бастап Иран шиіттене бастады. Ал Түркістанда Шайбанилер өз билігін орнатып, Түркістанды Өзбекстанға айналдырды. Олардан жеңілген Әмір Темірдің ұрпағы Бабыр Үндістанға барып, өз мемлекетін құрды. Шайбанилердің Темірдің ұрпақтарын Үндістанға қарай ығыстыруы үнділердің Исламды қабылдау үдерісін тереңдете түсті. Ендеше бүгінгі бағдарламамызды Үндістанды жаулаған соңғы түрік қолбасшы Бабыр туралы сөз қозғаймыз.

Ұлы тұлғамыз 14 ақпан 1483 жылы Ферғананың Әндіжан қаласында туып, 26 желтоқсан 1530 жылы Үндістанның Агкра қаласында қайтыс болған. Толық аты мен атағы – әс-Сұлтан әл-Ағзам уә-л-Хақан әл-Мүкаррам Захиреддин Мұхаммед Жалалуддин Бабыр, Падишаһ-и-Ғази. Әкесі Әмір Темірдің үшінші ұлы Мираншахтан тарайтын Омар Шейх мырза  Ферғана әмірі еді. Ал Бабырдың шешесі  Құтлық Нигар ханым Моғолстан ханы, Шыңғыс ханның Шағатайдан тарайтын ұрпағы Жүніс ханның қызы болатын. Бабыр және Мұхаммед Хайдар Дулаттың шешелері апалы-сіңілілі болып табылады. Басқаша айтқанда, Бабыр мен Мұхаммед Хайдар Дулат бір-біріне бөле болып келеді.

1494 жылы Омар Шейх мырза қайтыс болғанда оның інісі, Самарқан әмірі Ахмет мырза ағасының орнына ауыз салып, Ферғана әмірінің тағына таласады. Алайда Омар Шейх мырзаның беделді бектері оған қарсы шығып, Омар Шейх мырзаның 11 жасар баласы Бабырды Ферғана әмірі деп жариялайды. Бұл кезеңде Самарқант, Бұқара, Ташкент, Әндіжан, Хисар, Кабулды билеуші Темір тұқымдары өзара жауласып, бір кездегі аса қуатты Темір мемлекетін әбден әлсіреткен еді. Осындай аса ауыр жағдайда Бабырдың көп майданда күрес жүргізуіне тура келді. Ол бір жағынан өзінің туған қаласы Әндіжанды өзінің немере ағасы Ахмет мырзаның шабуылынан сақтап қалуға тиіс болса, екінші жағынан өзі отырған тағын өз туысы Жиһангер мырзадан қорғап қалуға тура келді. Бабырдың негізгі мақсаты Әмір Темір мемлекетін қалпына келтіру еді.

Осы кезде Самарқант мен Бұхара әмірі Сұлтан Ахмет мырза қайтыс болып, оның артында ұрпақ қалмады. Осыған байланысты Самарқандта Темір әулеттерінің арасында таққа талас басталды. Осыны пайдаланған солтүстіктегі өзбек ханы — Мұхаммед Шайбани өзінің қол астындағы адамдарын жинап алып, дереу Самарқанға қарай шеру тартады. Шайбани хан 1500 жылы Ақсақ Темір әулетінің көне астанасы — Самарқанды соғыссыз-ақ басып алады. Осы кезден бастап Бабыр мен Шайбанилердің Мәуренахрға таласы басталады. Бабыр Самарқанды Мұхаммед Шайбаниден азат етсе де, арадан жүз күн өткеннен кейін ұлы тұлғамыз қаладан қайта айрылып қалады. Тіпті өз басына да қауіп төніп, бұдан құтылу үшін қарындасын Өзбек ханына беруге мәжбүр болады.

Барған сайын күшейіп бара жатқан өзбектерге тосқауыл беру үшін Моғолыстан хандары мен Темір ұрпақтары одақ құрып, бұл одаққа Бабыр да қатысады. Екі жақтың соғысы 1504 жылы Құндыз маңында болады. Бірақ бұл шайқаста өзбек жағы тағы да басым түседі. Моғолыстан мемлекеті жойылып, Темір мемлекеті одан әрі әлсірей түседі.

Өзбектер Темір мемлекетін солтүстіктен жаулап келе жатқанда, батыстан қызылбас Сафевилер Гератқа шабуыл жасайды. Бұл кезеңде Темір ұрпақтары бірінен соң бірі жеңіліп, тек ұлы тұлғамыз Бабыр ғана қалады. Ол Сафевилермен одақ құрып, өзбектерге тосқауыл қоюды ойлайды. Қызылбас Шах Исмаил де бұл одақты қолдайды. Алайда ирандықтардың шиіт Исламын жаю пиғылы Бабырдың абыройына нұқсан келтіреді.  

1510 жылы Мұхамммед Шайбанидің қайтыс болуымен, ұлы тұлғамыз қайта қол жинап, 1511 жылы Самарқанды басып алады. Дегенмен, ұлы тұлғамыздың Ирандықтармен одағы айналып келгенде оның 1512 жылы өзбек ханы Убайдулладан жеңіліп, ата жұртын түбегейлі тастап кетуіне себеп болады. Бұның себебі Батыс Азияда сүннит Ислам түсінігін қолдаған Османлы сұлтаны Явуз Селим қызылбастарды Чалдыран соғысында жеңіп әлсіреткен болатын. Басқаша айтқанда, Бабыр қызылбас Шах Исмаилмен одақ құрғанда, өзбектер Османдықтармен ынтымақтастық орнатқан болды. Осы кезеңнен бастап Түркі өркениеті сүннит Ислам түсінігімен астасып жатты. Өзбектерден жеңілген Бабыр Ауғанстанға шегінуге мәжбүр болды.

Ұлы тұлғамыз Кабулда ұзақ жылдар болып, Үндістанды жаулап алу жоспарын жасайды. Бұл істе оған өзінің өмірлік тәжірибесі, Шайбани әулетімен ұрыста алған сабақтары көп көмек көрсетеді. Үндістан жорығын Бабыр 14 жыл әзірлейді. Осы жылдардың ішінде ол әскерді қайта құрады, зеңбіректер жасайды, соғыс амал-тәсілдерін жетілдіре түседі. Сөйтіп 1526 жылдың қарашасында Бабыр 12 мыңдық қолмен Панджабқа кіреді де, Делиге қарай бет алады. 1526 жылы 21 сәуірде Панипат маңында Үндістанның тағдырын шешкен үлкен ұрыс болды. Бұл кезде Бабыр ысылған қолбасшы болып қалған еді. Ол қызылбастардың зеңбіректерімен соғысын және көшпелі Шайбани әулетінің «тұран» әдісін шебер меңгерген болатын. Осы ұрыс әдістерінің нәтижесінде Бабыр 12 мың әскермен Дели сұлтандығының сұлтаны Лоди Ибраһим шаһтың 40 мыңдық қолын ойсырата жеңеді. Сөйтіп қазіргі Ауғанстан мен Үндістан жерінде өз мемлекетін құрады. Қорыта айтқанда Ұлы тұлғамыз артында ірі империя мен Түркі өркениетіне қатысты маңызды жазбаша рухани мұра қалдырды.



Ұқсас жаңалықтар