Өзбек ханы Убайдулла Шайбани

Түркі өркениетіндегі ұлы тұлғалар - 46

Өзбек ханы Убайдулла Шайбани

Мұхаммед Шайбани Мәуренахрдағы Өзбек мемлекетінің негізін қалаған болатын. Алайда, оның Ирандық Сафевилермен соғыста мерзімсіз өлімі Өзбек елін қауіп-қатерге түсірді. Осы кезде жауды жеңіп, елдің тұтастығын сақтап қалған тұлға Убайдулла хан болды. Олай болса бүгінгі бағдарламамызда осы ұлы тұлғамыздың өмірбаянына үңілеміз.

Убайдулла Мұхаммед Шайбани ханның ағасы Махмуттың баласы болып табылады. Мұхаммед Шайбанидің өміріндегі барлық маңызды оқиғаларда Махмут ағасы қатар жүрген еді. Мысалға аталары Әбілхайыр хан қайтыс болғанда Мұхаммед Шайбани ағасы Махмутпен бірге Астраханды паналаған еді. Махмут інісінен бұрын қайтыс болғандықтан Мұхаммед Шайбани оған арнап Самарқант қаласында медресе салдырған болатын. Міне Убайдулла осындай тұлғаның баласы еді.

Ұлы тұлғамызға «Убайдулла» есімі берілуінің себебі Нақшибанди тариқатының шейхі Убайдулла Қожа Ахрар – Махмут сұлтанның рухани ұстазы болатын. Ал Убайдулланың рухани тәлімгері Самарқандқа араб елінен келген, Қожа Ахрардың шәкірті Йемен шейхі Саид Абдулла әл-Йемени болды. Жалпы айтқанда, Убайдулла жақсы білім алды. Қожа Мәулен Исфаханиден Хадис сабағын, Махмуд Азизаннан заңтану дәрісін алды. Убайдулланың танымал рухани тәлімгерлері Яссауи тариқатының шейхтері Шейх Құдайдат Уали мен Мансур болған еді.

Убайдулла жас кезінен Мұхаммед Шайбани ханмен бірге оның жорықтарына қатысты. Көкесі ұлы тұлғамызға Бұхара аймағын мұраға қалдырды. 1510 жылы Убайдулла Сафеви әскерлерінің қоршауына түсіп қалған Мұхаммед Шайбани ханның көмегіне үлгере алмай қалған болатын.

Мұхаммед Хайдар Дулаттың «Тарихи Рашиди» еңбегінде келтірілген мәліметтерге сүйенсек, Өзбек мемлекетінде билік түрік мемлекеттілік дәстүріне сай жүргізілді. Бұл дегеніміз тақ әкеден балаға емес, билеуші әулеттің ең үлкен өкіліне қалып отырды. Осы дәстүрге байланысты Мұхаммед Шайбани қайтыс болғаннан кейін 1510 жылы таққа Әбілхайыр ханның баласы Сүйінші шықты. Алайда Сүйінші хан сол жылы қайтыс болып кеткеннен кейін оның орнына Әбілхайыр ханның келесі баласы Көшкінші шықты. Көшкінші хан Ұлықбектің қызы Рабия Сұлтан Бегімнен туған еді. Көшкінші хан Өзбек мелмекеті тағында 1510 жылдан 1530 жылға дейін отырды. Ол да қайтыс болып, таққа оның баласы Әбу Сайд шықты. 1533 жылы ақырында таққа ұлы тұлғамыз Убайдулла шықты. Мұхаммед Хайдар Дулаттың айтуына қарағанда,

«Жоғарыда айтылған хандардың кезінде шын мәнінде нағыз билік Убайдулланың қолында болды. Егер ол «мен хан боламын» десе, шындығын айту керек, оның абыройына байланысы оған ешкім қарсы болмас еді. Бірақ ежелгі дәстүрге сүйене отырып, ол хандықты жасы үлкенге берді. Бұл жағдай Әбу Саид ханға дейін жалғасты. Әбу Саид хан да қайтыс болғанда, Убайдулладан жасы үлкен ешкім қалмады. Ол хан тағына отырды және әлемді өзінің әділдігі мен мейірімділігіне бөледі.»

Мұхаммед Шайбани қайтыс болғаннан кейін Сафеви әскерлері Өзбек мемлекетін біратала жойып, аймақты жаулап алуды жоспарлады. Сонымен қатар бұл орайды өзбектер Мәуренахрдан қуып жіберген Әмір Темірдің ұрпақтары да пайдаланғысы келді. Темірдің соңғы мұрагері Бабыр Сафевилермен одақ құрды. Қызылбас Сафевилердің қолдауын алған Бабыр 1511 жылы Мәуренахрдың біраз бөлігін жаулап алды. Алайда, Бабырдың шиилікті жаюды мақсат еткен Қызылбастар жағында болуы оның халық арасындағы абыройына нұқсан келтірді. Сондықтан Құлмәлік деген жерде болған шайқаста халық Убайдулланы қолдап, Бабырға тойтарыс берді. Осы жеңілістен кейін екі жақ шешуші шайқасқа дайындала бастады.

Шах Исмаил қолбасшысы Нажм-и Саниге қалың қол беріп, Бабырды қолдады. Ирандықтар мен Бабырдың біріккен қолы 1512 жылдың Қараша айында Бұхараға дейін жақындап қалды. Мәуреннахрдың тағдыры шешілетін осы маңызды кезеңде Убайдулла Шайбанилердің күшін жинап, Шах Исмаил мен Бабырдың біріккен қолына қарсы шықты. Бұл жерде Сафеви қолбасшысы Нажм-и Сани мен Бабыр арасында түсініспеушілік және сенімсіздік болғандығы анық. Мысалға, Нажм-и Сани Қарши қаласын алғанда ол жердің он бес мың тұрғынын шал-кемпір, әйел-бала демей барлығын қырып тастады. Сонымен қатар бұл жерде пайғамбардың ұрпақтары қожалардың да өлтірілуі халықтың наразылығын тудырды. Бабыр өзін қаншалықты өз елін өзбектерден азат етуші ретінде көрсетуге тырысса да, ирандықтар өз әрекеттерімен азат етуші емес, жаулаушы екендігін әшкереледі. Бір ауыз сөзбен айтқанда, Мәуренахр халқы Шайбанилер жағында еді.

Шешуші шайқас Бұхара қаласынан қырық шақырым жердегі Гиджуан деген қамалдың маңында 1512 жылдың 12 қарашасында болды. Ұлы тұлғамыз бастаған өзбек жағында Мұхаммед Шайбанидің баласы Мұхаммед Темір мен Көшкінші ханның баласы Әбу Саид да қол бастады. Мауреннахрдың болашағы үшін болған қанды шайқас нәтижесінде  Қызылбастар жағы жеңілді. Қолбасшылары Нажм-и Сани өлтірілді. Оның басы кесіліп, Самарқанға жеткізілді. Осылайша, Мұхаммед Шайбанидің кегі алынған болды. Шайқастағы ерлігіне байланысты Убайдуллаға «Муиз әддин» яғни «діннің абыройын асқақтатушы» деген атақ берілді.

Гиджуан жеңісі тек өзбек мемлекеті үшін ғана емес, Түркі-Ислам өркениеті тұрғысынан өте маңызды болып табылады. Біріншіден, Өзбек елі Сафави басқыншылардан тәуелсіздігін сақтап қалды. Екіншіден, шииліктің Түркістанға жайылуына тосқауыл қойылды. Үшіншіден,  аймақта дәстүрлі сүнниттік Ислам сақталып қалды. Бұл өз кезегінде аймақтың «иранданбай», түркілік болмысын сақтап қалуына септігін тигізді. Шайқастың тағы бір маңызды қорытындысы Бабыр Мәуренахрды өзбектерден қайтарудан үмітін үзіп, Үндістанға бет бұруы болды.



Ұқсас жаңалықтар