Әлішер Науаи

Түркі өркениетіндегі ұлы тұлғалар -42

Әлішер Науаи

 

Темір мемлекеті Түркі өркениетінің дамуына айтарлықтай үлес қосқандығында дау жоқ. Әсіресе, түркі тілінің шығыс диалекті Шағатай түрікшесі ресми тіл ретінде осы кезеңде қанат жайды. Темір мемлекетіне қызмет еткендер түрік мәдениетінің парсы мәдениетінен бөлек екендігін және түріктердің өзіне тән болмысы бар екендігін анық байқаған болатын. Осындай тұлғалардың бірінің Әлішер Науаи екендігінде күмән жоқ. Олай болса бүгінгі бағдарламамызда түрік әдебиетінің маңызды өкілі Әлішер Науаи туралы сөз қозғаймыз.

Ұлы тұлғамыз 9 ақпан 1441 жылы Герат қаласында туылып, 3 Қаңтар 1501 жылы сонда қайтыс болды. Толық аты Низамеддин Мір Әлішер болып табылады. Әкесі Ғияседдин Кішкене – Шахрухтың қарамағында Сәбзевар қаласының әмірі ретінде қызмет еткен. Алайда әкесі Әлішер Науаи бала кезінде қайтыс болғандықтан, ұлы тұлғамызға Байсұңқар ұлы Бабыр өкіл әкелік етті. Науаидің анасы да Темір мемлекетінің сарайында өскен еді. Осыған қарап ғалымдар Әлішер Науаиді барлас руынан болуы мүмкін деп есептейді. Бірақ Мұхаммед Хайдар Дулат «Тарих-и Рашиди» еңбегінде Әлішер Науаидің сарайларда хатшылық жасайтын ұйғырлардың ұрпағы болуы мүмкін дегенді жазады. Қалай болғанда да оның өзін түрік сезінгендігі анық. Мысалға ұлы тұлғамыздың ұстазы және жақын досы, ғалым Әбдрахман Жами бір сөзінде былай дейді: «Ол түрік, ал мен тәжік болсам да, екеуміздің арамыз өте жақын еді.» Әлішер Науаи Самарқантта оқыды. Ол сонда болашақ патша Хүсейін Байқарамен және Әбдірахман Жамимен достық құрды.

1447 жылы Шахрух қайтыс болғаннан кейін Әлішердің отбасы Гераттан кетуге мәжбүр болды. 1450-жылдарда тұрақтылық орнағаннан кейін Әлішер Хорасанға қайтып келді. 1456 жылы Әлішер мен Хүсейін Байқара көкелері Байсұңқар ұлы Бабырмен бірге Машхат қаласына барады. Алайда келесі жылы көкелерінің қайтыс болуына байланысты қайта тақ таласы басталады. Бұл кезде Әлішер Науаи Машхат, Герат және Самарқант қалаларында көбінесе шығармашылықпен айналыстады.

1469 жылы Мәуренахр билеушісі Әбу Сейіт қайтыс болғаннан кейін Хүсейін Байқара өз билігін орнатады. Байқараның билігі шамамен қырық жылға созылады. Әлішер Науаи де осы кезде Хүсейін Байқараның қарамағында қызмет етеді. 1469 жылы ұлы тұлғамыз Хүсейін Байқара тарапынан «мөр ұстаушы» болып тағайындалды. 1472 жылы уәзір және әмір атағын алды. 1476 жылы ол ресми түрде саясаттан кетсе де, сұлтанның жанында Гератта, және олардың қарым-қатынасы бұзылған кезде Астрабадта маңызды істермен айналысты. Ел тұтқасын ұстаған саяси тұлға ретінде Науаи Хорасанның көптеген жерінде мешіт, медресе, керуен сарай, кітапхана, аурухана салдырады. Бір ғана Герат қаласының өзінде Әлішер 40 керуен сарай, 17 мешіт, 10 қонақүй, 9 монша, 9 көпір мен 20 бассейн салдырған екен. Науаидің ең әйгілі ғимараттарының ішінде Иранның солтүстік-шығысындағы Нишапур қаласында он үшінші ғасырда өмір сүрген сопы ақын Фарид Әл-Аттарға арналып салынған кесене және Гераттағы Халазия медресесі бар.

Десе де Науаи ақын және әдебиетші ретінде көбірек танымал. Ол «науаи» деген атпен түрікше көптеген шығарма жазып, түркі тілінің әдеби қолданылуын жүзеге асырған негізгі авторлардың қатарында болды. Науаи ең алдымен Шағатай тілінде жазған және 30 жылда 30-дан астам еңбек жазып қалдырған. Оның арқасында Шағатай тілі беделді және әйгілі әдеби тіл ретінде қабылданды. Науаи парсы тілінде «Пәни» лақапатымен өлең жазған. Араб тілінде де жазған еңбектері бар. Ұлы тұлғамыздың ең танымал өлеңдері оның «төрт диуан» деп аталатын поэзия жинақтары болып табылады. Олардың жалпы саны шамамен 50 мың өлең. Диуанның әрбір бөлігі адам өмірінің әр кезеңіне арналады.

Науаидің әдебиеттегі мақсаты түрік тілінің әдебиет тілі ретінде қалыптастыру екендігі анық. Ол бұл туралы өзі де жазады. Науаи осы мақсатта  түркі ақындарына көмектесу үшін «Мизан әл-Аузан» яғни «Өлеңнің өлшегіштері» сияқты техникалық шығармаларды және поэтикалық өлшемдер туралы егжей-тегжейлі трактаттар жазды. Сондай-ақ, ол өз заманында өмір сүрген ақындардың 450-ден астам өмірбаяны жинағын құрастырған. Жинақ заманауи тарихшылар үшін Темір мемлекеті мәдениеті туралы ақпараттың қайнар көзі  болып табылады. Әлішердің тағы бір маңызды шығармасы бес эпикалық өлеңнен тұратын Хамса болып есептеледі. Әлішер Науаидің соңғы жұмысы Мухакамат әл-Луғатайн яғни «Түркі және парсы тілдерін салыстыру» 1499 жылдың желтоқсан айында аяқталды. Ол бұл еңбегінде түркі тілінің әдебиет жағынан парсы тілінен үстем екенін дәлелдеп шығады.

Қорыта айтқанда, Науаиді Түрік әдеби тілінің атасы де есептесек болады. Оның шығармашылығы шығысқа қарай Үндістанға, батыста Осман империясының алыс жерлеріне дейін тараған. Оның ықпалы Орталық Азияда, қазіргі Түркияда, Ресейде және Түркі елдерінің барлығында сезіледі. Үндістанда Моғол империясының негізін қалаушысы Бабыр өз еңбегі Бабырнамада Науаиден әсерленгендігін айтып, оған деген құрметін жазды. Османлы мемлекетінің сұлтаны Кануни Науаидің еңбектерін оқыған. Ұлы тұлғамыздың диуандары, Хамса және Мухакамат сұлтанның жеке кітапханасында болған. Ирандағы Сафеви мемлекетінде өмір сүрген әйгілі Әзірбайжандық ақын Фузули Науаидің стилінен қатты әсерленген және өз өлеңдерін сол стилде жазған. Алайда Кеңес Одағы кезінде ресми идеология Әлішер Науаиді тар этникалық шеңберге алуға тырысқан. Сондықтан оны кейде «өзбек», кейде «ұйғыр» деп атап жатады. Ал шын мәнінде ол бүкіл түрікке ортақ. Ол Түркі өркениетінің ұлы тұлғасы болып саналады.



Ұқсас жаңалықтар