Әмір Темір

Түркі өркениетіндегі ұлы тұлғалар - 38

Әмір Темір

Он төртінші ғасырдың соңы мен он бесінші ғасырдың басындағы Түркі әлемінде саяси, мәдени және экономикалық жағдайды түсіну үшін атақты Әмір Темірдің өмір жолын қарастыруымыз керек. Өйткені бұл кезеңде Шыңғыс хан ұрпақтары биліктен кете бастаған еді. Мысалға Ирандағы Құлағудың ұрпақтары құрған Елхан мемлекеті, Қытайда Құбылай құрған Юан әулеті тақтан кеткен болатын. Шыңғыс хан ұрпақтарының билігі тек Алтын Ордада тұрақты болды. Ал Шығыс және Батыс болып екіге бөлінген Шағатай ұлысында жергілікті ру басылардың ықпалы арта түсті. Моғолыстан болып құрылған Шығыс Шағатай хандығында дулат руының ықпалы, ал Мәуренахрда болса барлас руының ықпалы арта түсті. Демек бұл кезеңде Түркі әлемі жаңа бір кезеңге аяқ басқан болды. Сондықтан Түркі тарихында Әмір Темір маңызды тұлға болып саналады.

Ұлы тұлғамыз  9 сәуір 1336 жылы туып, 18 ақпан 1405 жылы қайтыс болған. Әкесі Тарағай ондай белгілі тұлға болмаса да, ұлы атасы Қарашар Ноян Шыңғысханның қолбасшыларының бірі болған. Шыңғыс хан өз иелігін ұлдарына үлестіріп бергенде, Қарашар Ноянды Шағатай ұлысына жіберген. Демек Әмір Темірдің аталары Шағатай ұлысының қалыптасуында маңызды рол ойнаған. Ұлы тұлғамыздың анасы Текина хатун туралы әртүрлі пікірлер бар. Бір ғалымдар оны Шыңғыс тұқымы деп есептесе, кейбір ғалымдар оны Ханафи мазхабының маңызды ұстазы Садр әл-Шарияның қызы деп санайды. Ал Әмір Темірмен кездескен Ибн Халдун Әмірдің оған шешесінің парсының әпсанауи патшасы Манушердің ұрпағы болғандығын айтқанын баяндайды. Қалай болғанда да Әмір Темірдің тегі тегін емес екендігі белгілі.

Темірдің балалық шағы мен жастық шағы өте қиын жағдайда өтеді. Рулар арасындағы соғыстарға байланысты Темір жас кезінен қарақшылық өмір салтымен өмір сүрді. Аласапыран заманның бірінде оның оң аяғына жебе тиіп, содан ол ақсаңдайтын болады. Осы ерекшелігіне байланысты ұлы тұлғамыз кейіннен Ақсақ Темір немесе парсыша Темурленг деп аталып кетеді. Дін тұрғысынан Әмір Темір мұсылман еді. Ғалымдар оны Нақшибанди тариқатынан деп есептейді. Десе де оның Яссы қаласында Ахмет Яссауиге кесене тұрғызуы оның Яссауи тариқатын да қолдағанын көрсетеді. Жалпы айтқанда Әмір Сүнни Ханафи мазхабына қолдау көрсетеді.

Жалпы Темірдің кезеңінде түркі-парсы-араб-моңғол мәдениеттерінің бір-бірімен астасып жатқандығы байқалады. Осыған сай Әмір Темір Ахмет бин Арабшахтың мәлімдеуінше, түркі, моңғол, парсы тілдерін білген. Мысалға бұл кезеңде «әмір» атағы жиі қолданылса да, Темірдің кей жерлерде өзін «бек» деп атағаны да белгілі. Атап айтсақ, 1391 жылы Әмір Темір Тоқтамысқа қарсы жорыққа шыққанда, Қарсақбай жартасына Шағатай түрік тілінде ұйғыр жазуымен мынадай сөзді қашап жаздырады: «Тұранның сұлтаны Темір Бек Ислам үшін үш жүз мың әскерімен Бұлғар ханы Тоқтамыс ханға қарсы жорыққа шықты». Біріншіден Темірдің өзін Тұран сұлтаны деп көруі парсы тіліндегі Шахнаманың бұл кезде танымал болғандығын көрсетеді. Ғазнауи, Қарахан, Салжук кезеңінен бастап, түрік билеушілері өздерін Шахнамадағы әпсанауи ел Тұранның өкілдері деп көре бастаған. Екіншіден, Әмір Темірдің Ислам үшін соғысуы оның Дешті Қыпшақтағы түріктерді мұсылман деп есептемегендігін көрсетеді. Ал шын мәнінде Алтын Орда Өзбек ханнан бері өзін мұсылман деп санайтын еді. Десе де, Ислам дінінің саяси мақсаттарда әрқашан қолданылғандығын жасыра алмаймыз. Үшіншіден, Темірдің бұл жерде өзін «әмір» емес, «бек» деп атауы бұл екі атақтың қатар қолданылғандығын көрсетеді. Тіпті уақыт өте келе Темірдің ұрпақтары «бек» атағын көбірек қолдана бастайды. Мысалға, Темірдің немересі Мұхаммед Тарағай «үлкен әмір» деген мағынаны беретін «Амир-и Кәбир» атағын түрікшелеп, «Ұлық Бек» деп қолданады. Жоғарыдағы деректе де көрсетілгендей, Әмір Темірдің Тоқтамысты «хан» деп атауы оның Шыңғыс хан кезінде орнатылған заңдар шеңберінде әрекет еткендігін көрсетеді. Еске түсіре кетсек, Шыңғыс хан тұқымы болмағандар «хан» сайлана алмайтын еді. Осыған байланысты Темір «хан» емес, «әмір» атағын қолданған болатын.

Ұлы тұлғамыздың саяси сахнаға шыққан кезі 1362 жылы Моғолыстан ханы Тоғылық Темірдің Мәуренахрды жаулауымен басталды. Бұл кезде Кеш аймағы әмірі болған Темір моғолыстандықтарға қарсы күрес бастайды. 1366 жылы Тоғылық Темірдің Мәуренахрда тағайындаған ханы Ілияс Қожаны аймақтан қуып шыққан Темір және оның жақтастары Батыс Шағатай Ұлысын біріктіру ісіне кіріседі. Осы арада Әмір Темір Шағатай ұрпағы және соңғы Шағатай Ұлысы ханы Қазанның ұлы Сұйырғатмышты хан сайлайды. Осыдан кейін 10 Сәуір 1470 жылы Балх қаласында болған құрылтайда Темірге «Жоғарғы әмір» деген атақ беріледі. Сонымен қатар ол Қазан ханның қызы Сараймүлік ханымды алып, «Гураган» яғни «ханның күйеу баласы» деген атақ алады. Осыдан бастап астанасы Самарқант болған Батыс Шағатай Ұлысы «Темір мемлекеті» деп атала бастады.

Сытқы саясатта Әмір Темір өзін Шыңғыс ханның мұрагерімін деп есептеп, төрт тарапты жаулап, елінің аумағын кеңейтуге тырысты. Ол шығыста Моғолыстанды, солтүстікте Алтын Орданы, батыста Иран мен Османлы мемлекетін, оңтүстікте Үндістанды өзіне бағындырды. Әмірдің қолының негізгі бөлімін атты әскерлер құрады. Олар барлас, дербет, нукус, найман, қыпшақ, дулат, қият, жалайыр, сулдус, меркіт, ясаур, каңлы, арлат, татар секілді рулардан жиналатын. Осыған қарағанда Әмір Темір Түркі әлемінің одан әрі араласуында маңызды рол ойнаған.



Ұқсас жаңалықтар