Шағатай Ұлысы ханы Есен Бұға

Түркі өркениетіндегі ұлы тұлғалар - 29

Шағатай Ұлысы ханы Есен Бұға

Шыңғыс ханның ұрпақтары өздерінің билеген жерлердің дәстүрі мен мәдениетін сіңіре бастады. Мысалға, Қытайды билеген Құбылайдың ұрпақтары уақыт өткен сайын далалық емес, қытайлық билеушілерге ұқсап бара жатса, Иранда билік құрған Құлағудың ұрпақтары барған сайын сол өңірдің ел билеу дәстүрін қабылдады. Бұл үдеріс әсіресе олардың есімдері мен атақтарынан анық байқалады. Ал бұрынғы Қарахан мемлекеті аумағын өздеріне мирас қылып алған Шағатай ханның ұрпақтары сол мемлекеттің кейбір тұстарын қабылдаған болуы мүмкін. Тарихқа сүйенсек, Қарахан мемлекетінің билеушілерінің аттары Бура және Бұға немесе Боға болып келетін. Шағатай ұлысы билеушілерінің бірнешеуінің аты «Есен Бұға» болып келуі Шағатай хандары мен Қарахан билеушілерінің арасында сабақтастықтың белгісі болуы мүмкін. Бүгінгі бағдарламамызда тарихта Есен Бұға І болып қалған Шағатай ұлысының билеушісінің өмірін қарастырамыз.

Ұлы тұлғамыздың қай жылы туылғаны белгілі емес. Ал қайтыс болған жылы 1318 жыл. 1310-1318 жылдар аралығында сегіз жыл бойы Шағатай хандығы тағында отырған. Осыған қарағанда он төртінші ғасырдың басындағы халықаралық қатынасты түсіну үшін оның өмір баянын қарастыруымыз маңызды болып табылады. Есен Бұғаның әкесі Шағатай ұлысының ең ықпалды ханы Дуа хан болған еді. Дуа ханның өзі билеген Мәуренахр мен Жетісудің стратегиялық орналасуын пайдалана отырып, Шыңғыс хан Имперясын қалпына келтіру жоспары бар еді. Расында Шағатай хандығы Алтын Орда, Үгедей-Қайду хандығы, Юан империясы мен Елхандар арасында орналасқан еді. Осы Шыңғыс хан мұрагерлерінің арасындағы қақтығыстан ең көп зардап шеккен Шағатай ұлысы болғандай, олардың арасындағы бейбітшілік пен сауда қатынасынан ең көп пайда табатын да Шағатайлықтар еді. Сондықтан ұлы тұлғамыздың әкесі Дуахан Үгедей ұрпақтары мен Төле ұрпақтарының арасында отыз жылға созылған соғыстың тоқтауына көп үлес қосты. Шағатай ханының ұсынысымен барлық Шыңғыс ұрпақтары Құбылайдың мұрагерлерін Ұлы қаған деп мойындады.

Алайда 1307 жылы Дуа хан қайтыс болғаннан кейін Шағатай ұлысында таққа талас басталды. Алдымен таққа ұлы тұлғамыз Есен Бұғаның ағасы Көншек шықты. Бірақ оның билігін Шағатайдың басқа бір ұрпағы Талиқу мойындамай бүлік бастады. Шағатай ұлысындағы бұл таққа таласты Қайдудың мұрагерлері хандықты өздеріне қайта бағындыру үшін пайдаланғысы келді. Осылайша, ұлыстағы тұрақсыздық үш-төрт жылға созылды. 1308 жылы Көншек хан өлтірілгеннен кейін таққа Талиқу шықты. Бірақ Талиқу Дуа ханның баласы болмағандықтан Шағатай ұрпақтары оны қолдамады. Сондықтан тұрақсыздық жалғаса берді. Осы арада Шағатай тағына мұрагер ретінде Есен Бұғаның аты атала бастады.

Ұлы тұлғамыз інісі Кебекке қарағанда момындау еді. Ал Кебек болса жастайынан соғыс алаңдарында жаттыққан тәжірибелі қолбасшы болатын. Десе де бұл екі ағайындының арасында сыйластық басым еді. Кебек Есен Бұғаның әулеттің үлкені ретінде таққа шығуға құқылы екендігін мойындайтын. Ұлы тұлғамыз да інісінің қолбасшылық қабілетін жақсы бағалайтын. Бұл екі ағайындының қарым-қатынасын Екінші Көк Түрік Қағанатындағы Білге Қаған мен Күлтегін, ал Шыңғыс ханның немерелері арасында Жошының ұлдары Орда Ежен мен Бату арасындағы қатынасқа ұқсатсақ болады. Батырлығымен танымал Күлтегін қолындағы ықпалына қарамастан ағасы Білге қағанның Көктүрік тағына шығуын қолдаған болатын. Бату да өзінің жеңістеріне қарамастан, ағасы Орда Еженді таққа лайықты деп білетін. Өйткені далалық мемлекеттік дәстүрге сай, ағаның орны інісіне қарағанда әрқашан жоғары тұратын. Осы дәстүр бойынша Кебек Шағатай ұлысындағы бүліктерді тоқтатқаннан кейін төрелердің басын қосып, 1310 жылы үлкен құрылтай ұйымдастырады. Шағатай хандығының билеушісі осы құрылтайда анықталған болатын. Кебек құрылтайда таққа ұлы тұлғамыз Есен Бұғаның шығуын қолдады. Сонымен 1310 жылдан Есен Бұға Шағатай ұлысының тағына шығады.

Дуа ханның ұрпақтары Шағатай ұлысында тұрақтылықты орнатқаннан кейін әкелерінің саясатын жүргізуге тырысты. Бұл саясаттың негізінде шығыста Юан патшалығымен, солтүстікте Алтын Орда және Үгедей ұрпақтарымен, ал батыста Елхандармен тату қарым-қатынас орнатып, халықаралық сауданың жандануын қолдау болатын. Алайда 1311 жылы Қытайда билікке келген Аюрбарвада өзінен бұрынғы хандардың саясатынан бас тартып, далалық билеу дәстүрін тоқтатып, қытайлық билік дәстүрін енгізе бастады. Басқаша айтқанда, Аюрбарвада өзін Шыңғыс империясының Ұлы Қағаны ретінде емес, Қытайдың императоры ретінде көрді. Бұл жағдай Құбылайдың ұрпақтары мен Шағатайдың ұрпақтарының арасындағы тіл табысуды қиындата түсті. Бір жағынан Аюрбавада Есен Бұғаның екі ел арасындағы жайылымдар және сауданы күшейту мәселесін шешу үшін жіберген елшілерін жақсы қабылдамады. Ал 1313 жылы Аюрбарваданың Елхан Олжайтуға жіберген елшісі Шағатай жерінен өтіп бара жатқанда қолға түсіп, Юан патшалығы мен Елхандардың Шағатай ұлысына қарсы одақ құрып соғысқа дайындалып жатқандығы әшкере болды. Осыдан кейін Есен Бұға хан екі шепте соғыс жүргізуге мәжбүр болды.

1314 жылы Есен Бұға хан Кебекке қалың қол беріп, Елхан мемлекетіне қарсы жорыққа жіберді. Бұл шепте Шағатай жағы жеңіске жетіп, Кебек Гератқа дейінгі жерлерді өзіне қаратты. Алайда шығыс шепте Шағатайлықтар Юандықтардан жеңіліп шегінуге мәжбүр болды. Алма кезек жеңіспен 1318 жылға дейін жалғасқан соғыс Шағатай хандығының Юан әулетіне Тұрпан өңірін беруімен аяқталды. Соғыстан кейін халықаралық сауда қайта жанданып, Шағатай ұлысы гүлдене бастады.

 

 



Ұқсас жаңалықтар